Төтенше жағдай заңнамасы түзілуде
Төтенше жағдай заңнамасы түзілуде
157
оқылды
Қазақстанда төтенше жағдайда мемлекеттік бас­қару қалай жүретіні нақтылана түсті. Сенат бас­шысы Мәулен Әшім­баевтың төрағалығымен өткен отырыста сенатор­лар «Кейбір заңнамалық актілерге төтенше жағдай мәселелері бойынша өз­герістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» заң қабылдады. Құжат ел Президентінің биыл­ғы 16 наурыздағы «Әлеу­меттік-экономикалық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Мемлекет басшысы қол қойып, заң күшіне енгесін ол жедел ше­шімдердің қабылдануына жол ашады, сондай-ақ ТЖ кезеңінде мемлекеттік басқару жүйесінің жұмыс істеу тетігін айқындайды. – Заң жобасының мақсаты – төтенше жағдай кезеңінде әлеу­меттік-экономикалық тұрақты­лықты қамтамасыз ету үшін же­дел шараларды қабылдауға мүмкіндік беру. Ол ТЖ уақы­тын­да мемлекеттік басқарудың жұ­мыс істеу механизмін анық­тай­ды. Бұл үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға өзгерістер ен­гізіледі, – деп түсіндірді сенатор­ларға Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов. Заңды қабылдау 14 бағытта, атап айтқанда салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, монополияға қарсы заңдарда, сонымен қатар денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік меншік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында, бұдан бөлек елдің халықаралық мін­деттемелерін орындауға қатысты өзгерістер енгізеді. – Төтенше жағдай кезінде қа­былданған құқықтық актілер жа­рамдылық мерзімі толық өт­кенге дейін әрекет етеді. Тек кей­бір актілерге ғана мерзімі бо­йынша нақты шектеу белгі­ленуі мүмкін. Бұл түзетулер тө­тенше жағдай кезінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, – деді министр. Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге жұмылдыру дайын­ды­ғы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңын екі оқылымда қабылдады. – Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік бақылау құзыреті берілді. Жұмылдыру дайын­ды­ғы­на қатысты заң бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылатын жағдайлар анықталып отыр. Кейбір меморгандардың функ­циялары нақтыланды. Жұмыл­дыру дайындығы саласындағы уәкілетті орган сақтандыру қо­рын құру және жүргізу құзыретіне ие болады. Бұл – қару-жарақ пен әскери техниканың, азаматтық мақсаттағы бұйымдардың, сон­дай-ақ қаупі жоғары нысандар­дың, халықтың өмірі үшін ма­ңызды және ұлттық қазына са­налатын нысандардың жобалық құжаттамасының сақтандыру қоры болады, – деді бас эконо­мист Руслан Дәленов. Заң Президенттің қол қо­юы­на ұсынылды.  

Айхан ШӘРІП