Жаңа ойын аймақтары құрылмайды
Жаңа ойын аймақтары құрылмайды
240
оқылды
Ойын бизнесі туралы заң жобасына депутаттар приципті мәні бар 150-ден аса түзету ұсыныпты. Бұл дерек Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында жария етілді. Мәселен, Үкімет «туризмді дамытуды» сылтауратып, Бурабай мен Қапшағай сыртында елде тағы 3 ойын аймағын құруды ұсынды. Бастаманы депутаттар бұғаттап тастады.  Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі Щучинскі мен Қап­шағай­дағы ойын ай­мақ­тарын азсынып, жобаға Алматы облы­сының Талғар және Пан­филов аудан­дарында, соның ішінде «Қорғас» шекара маңы ынты­мақтас­ты­ғының ха­лық­аралық орталығы аума­ғында, сондай-ақ Маңғыс­тау облы­сындағы Каспий жаға­лауын­да жаңа­ларын ашуды енгі­зіп­ті. Мә­жіліс оған қарсы үдере көте­ріліп, бірауыздан тоқтау салды. –Туризмді дамыту және бюд­жетті толықтыру қажет дегенді жамылып, ойынқұмарлықтың белең алуы үшін жағдай жасау жарамайды. Оның үстіне, ойын аймақтарын ірі мегаполистер мен облыс орталықтарына жа­қын жерде қаптатуға болмай­ды, – деді Н.Нығматулин. Оның байламынша, туристік саланы өркендету үшін халы­қ­тың моральдық-психология­лық ден­саулығын және қауіп­сіздігін тәуекелге тігуге жол бе­­рілмеуі тиіс. Бірінші оқылымда мақұл­данған «Кейбір заңнамалық акті­лерге ойын бизнесі мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қолданыстағы екі ойын айма­ғына қоныс аудартылады. Дәл осы норма лоббистердің ша­буылына ұшырады. Мәжіліс төрағасы бұл бизнес­тің жабылмайтынын, тек енді жаңаша реттелетінін түсіндірді. Әйтпесе, мәселен, іргедегі ал­пауыт Қытайда, Иран, араб ел­дерінде, басқа да Ислам мемле­кеттерінде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қызметіне толық тыйым салынған. АҚШ-та букмекерлік кеңселерге Не­вада, Нью-Джерси штаттарын­дағы шектеулі территориялар мен бірқатар резервацияда ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сонымен бірге онлайн бук­ме­керлердің заңдастырылуы, бәсті есепке алу орталығын құру арқылы салықты әкімшілен­ді­рудің жақсаруы нәтижесінде бюджет толығады. Нұрлан Зайроллаұлы бұл заң экономикалық жағдайға да, қауіпсіздік ахуалына да оң ықпал ететініне екпін түсірді. Жиында палата депутатта­ры міндетті вакцинациялау­ды енгі­зетін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқы­лымда құптап, Сенатқа жолдады.  

Елдос СЕНБАЙ