Сыртқа кеткен азыққа зар болмаймыз ба?
Сыртқа кеткен азыққа зар болмаймыз ба?
268
оқылды
1 маусымнан бастап ас­тық және өзге де азық түр­ле­рі экспорты бойынша шек­­­­­­­теулер алынады. Бұл ту­­ра­­лы Ауыл шаруашылығы ми­­нистрлігі хабарлады. Астық да­қылдарын сырт­қа сатуды шек­теп тұрған ке­­дергілер алын­са, өзі­міз­­­де баға өсіп кет­­пей ме? Министрліктің мұн­­дай шешім қабылдауына экс­­порттаушылардың әсері бол­­ған жоқ па деген сауал туын­­дайтыны заңды. Олай дейтініміз, 2020 жыл­дың 22 наурызында Ауыл­шаруа­шы­лығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін экспорттауға шектеу енгізгенде, экспорттаушы компаниялар бір­ден қар­сылық білдірген. Тіп­ті, сала өкіл­дерінен құрылған ұйым­дар Пре­зиденттің атына үн­деу­хат та жол­даған болатын. Осы­дан кейін 2 сәуір күні ми­нистр­лік же­келеген тауар­ларға кво­та ен­гізіп, сә­біз, қы­зылша, орам­жа­пы­рақ се­кілді кө­көністерді және бидай мен ұнды тізім­ге енгізді.  

Шектеу қауіпсіздік үшін жасалып еді

Осы тақырыпқа орай 21 сәуір күні aikyn-ға берген сұх­­­­батында Ауыл шаруашылығы ми­­нистрі Сапархан Омаров экс­­портқа шектеу қою азық-тү­­лік қауіпсіздігі мәселесінен ту­­ғанын айтқан. «Карантин жа­­риялаған кезде еліміздегі күн­­делікті тұтынатын пияз, сә­­біз, орамжапырақ секілді кө­­­кө­ністердің екі айға ғана же­те­тін қоры болды. Егер сол кезде шек­теу енгізбесек, өзімізде тап­шылық бо­лар еді» деген бо­латын. Аталған ве­домство енді 1 маусымда шек­теуді алып тастауға шешім қабыл­дап­ты. Министрліктің баспасөз қы­з­меті таратқан мәліметке сүйен­сек, коронавирус індетіне бай­ла­ныс­ты карантиндік шаралар жеңіл­детіліп, тауар айналымы біртіндеп қалпына келмек. Астық пен ұнға қойылған шектеулерді алып тас­­­тауға үш себеп негіз болып отыр. «Біріншіден, енгізілген тыйым­­дар мен квоталар өз нә­ти­­жесін берді, біз жаңа өнім алу­­ға жақындадық және азық-тү­лік қауіпсіздігі қатерін жой­дық. Екіншіден, өңірлердегі тұ­рақ­тандыру қорлары ұн және бас­қа да азық түрлері қорымен то­лықты. Үшіншіден, негізгі астық өсетін аймақтарда егіс науқаны басталды, ылғалдың жиналуы жеткілікті» делінген хабарламада. Әлемдік нарықта мұнай баға­сының құлдырауынан теңге бір­ден құнсызданып кетті. Бұл жағ­дай ішкі нарыққа да қатты әсер етіп, алыпсатарлық күш алды. Оған қоса, дүниежүзіне жайылған пан­демия – коронавирус дақ­пырты да азық-түлік импорт­тау­шы мемлекеттердегі жағдай­ды ушық­тырып жіберді. Әсі­ре­се, Қа­зақстаннан астық импорт­тай­тын Орталық Азия елдерінде сұра­ныс күрт артып, жанталаса қор жинай бастады. «Азық тапшы болады деген алып­қашпа әңгіме ел тұрғындары мен көршілес елдердегі халықты дүрліктірді, адамдардың дүкен­дер­ге жаппай жүгіруі азық-тү­лік бағасын өсіріп жіберді. Осы­­ған сай, астық өңдейтін кә­сіп­­орындарда да өнім бағасы кө­терілді. Мысалы бір аптаның ішін­де ішкі нарықта 3 класты би­­­­дайдың бағасы тоннасына 15%-ға – 80 теңгеден 92 теңгеге өсті. Егер мемлекет экспортқа шектеу ту­ра­лы шешім қабылдамағанда, өзі­­міздегі астық қоры 1,5-2 ай ішін­­­­де сыртқа сатылып ке­тер еді», – дейді «Северное Зер­но» ком­­­­паниялар тобының құрыл­тай­­шысы, сарапшы Евгений Карабанов. Әрине, көрші мемлекеттердегі ас­тыққа сұраныстың артуы біз­де­гі астық экспорттаушылар үшін іздегенге сұраған дегендей оң­тайлы сәт еді. Алайда ақшаға қы­­зығып, жаппай экспортқа жол беру де қауіпті құбылыс. Өз іші­­­мізде азық-түлік қауіпсіздігі мә­селесі көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың айтуынша, биыл­ғы наурыз айының өзінде 599 мың тонна бидай экспортқа шы­­­­ғарылған, бұл биылғы мар­ке­тингтік жылдағы ең үлкен көр­сеткіш. Яғни, 2020 жылдың үшін­ші айында бидай мен ұнды қоса алғанда 743 мың тонна сыртқа шығарылыпты. Соңғы бес жыл ішінде наурыз айында мұндай толайым сатылым көлемі болмаған. Қазақстанның бидайы мен ұнын сыртқа шығаратын орын­дардағы баға да әртүрлі. Мысалы, биылғы 2 сәуірдегі ақпаратқа сүйе­ніп айтсақ, 3-класты бидай Луговой стансасында тоннасы 244-249 доллардан сатылса, Са­ры-Ағаш стансасында 248-251 дол­лардан, Ақтау портында 258-261 доллардан ұсынылған. Ал жоғарғы сұрыпты ұнның то­н­на­сына баға Луговойда – 338-344 дол­лардан, Сары-Ағашта – 341-347 доллардан, Ақтау пор­тында 351-357 доллар деп бел­гі­ле­ніпті.  

Астық экспорттаушылар көбейген

Бидай саудасының бағы жанға­ны сонша, биыл оны экспортқа шығарумен айналысатын компа­ниялар саны да көбейген. Министр олардың ішінде бұрын не бидай екпеген, не ұн өндірмеген кәсіп­орындар барын мәлімдеді. «Қазір бидайды экспорттаудың жаңа ере­желерінің бірі – экспорттаушы лицензияланған элеваторда астық­тың көлемін міндетті түрде растауы қажет. Оның нақты экспортқа және ішкі нарыққа арналған санын біз білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, кейбір элеваторлар мен астық қа­былдайтын кәсіпорындар лицензия алуды қаламайды. Сондықтан олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тіркелмеген, олардағы астықтың қорын, қозға­лысын біз бақылай алмаймыз» деген болатын С.Омаров газетімізге берген сұхбатында. Ауыл шаруашылығы министрі­нің бұл сөзін астық саласы бойынша сарапшы Евгений Карабанов та қуаттайды. Оның айтуынша, рес­публикадағы 400-ден аса элева­тор­дың жартысынан көбінің лицен­зиясы жоқ. Сондай-ақ карантин кезінде еліміздің астық нарығын­дағы көлеңкелі тұстар да көзге анық көрінген. «Қазақстанның астық на­рығында көлеңкелі нарық сауда айналымының 15-20%-ын құрай­ды. Мәселен, біздегі ресми дерек бойынша, Ресейден келетін бидай импорты жылына 360 мың тонна­дай. Ал 2019 жылдың қазан айынан 2020 жылдың наурыз айына дейін біздің елге Ресейдің шекаралық аймақтарынан 650-700 мың тонна астық дақылы құжатсыз кірген. Бұл бізде көлеңкелі нарық қалыптас­қанын білдіреді. Демек, бізде құ­жатсыз астық сататындар, сатып алатындар және оны сақтайтын қоймалар бар», – дейді Е.Карабанов. Байқағанымыздай, көрші Ре­сей­ден көлеңкелі нарық арқылы ке­летін астық ресми деректен еке еседей көп. Ішкі нарықта құжатсыз астық саудасының болуы және оның импорт өнім екенін есепке алсақ, оған салынатын ҚҚС-ның төленбеуінен бюджет қаншама қаржыдан қағылып жатыр деген сөз. Айта кететін жайт, Ресейде де біздің елдегі секілді ахуал қалыпта­сып отыр. Елде астық қоры азайып, өз ішінде баға көтерілген соң РФ үкіметі 12 сәуірден 1 шілдеге дейін астық дақылдарының экспортын шектеген.  

Сарапшылар бағаға әсері болмайтынын айтады

Бір жағынан еліміз үшін астық экспортына шектеуді ұзақ ұстау да қиындық тудыратыны анық. Себебі кейінгі жылдары Қырғыз Респуб­ликасы, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ауғанстан мен Иранда біздің астық дақылдарына деген сұраныс артқан. Оған оңтүс­тіктегі көрші елдердің кейбіріндегі демографиялық көрсеткіш пен мал басының, құс санының көбейгені де әсер етіп отыр. Сол себепті Қа­зақстанның бидайы мен ұны ай­мақта геосаяси тұрғыда да маңызды тауар саналады. Бұдан бөлек, еліміз жыл сайын Қытайға 500 мың тонна астық экс­порттап отыр, бұл барлық экспорт көлемінің 7-8%-ы. Астық одағының мамандары алдағы бес жылда көр­сеткіш 15%-ға жетуі мүмкін деп болжайды. Сонымен 1 маусымда Үкімет астық экспортына шектеуді алып тастаса, өзімізде азық қымбат­тамай ма? Ауыл шаруашылығы министр­лігінің 1 сәуірдегі мә­ліметінше, тұқымдық бидай мен халықтың күзге дейінгі ішіп-жеуіне арналған бидай көлемінен бөлек, қоймада 1 млн тоннадай бидай бар. Экс­портқа бағытталған тауар көлемі де осы. Сарапшы Евгений Караба­новтың есебінше, баға көтерілмейді. Себебі Қа­зақстан нарығындағы бидай бағасы қазірдің өзінде жо­ғары. Оның үстіне, нарықта Ресей­ден көлеңкелі жолмен келіп жатқан да астық көлемі жоғары, оның жар­­тысы Орталық Азияға экспорт­талады. «Яғни, ішкі нарықтағы көлем сақталатын-дықтан, баға тұрақты болады. Біршама уақыт өткен соң біздегі бидайдың бағасы да төмендейтіні анық. Оған қоса, 2 айдың ішіндегі квоталық шектеу ұн өндірушілерге тұрақты бағамен қор жинап алуға мүмкіндік берді. Квота экспорттаушыларға өнім­нің 30%-ын ішкі нарыққа сату міндеттелді, біздің ұн өндіруші­лер бұл жеңілдікті тиімді пайда­ланды деп ойлаймын», – дейді Е.Карабанов. Жалпы, биыл елімізде егіс алқабының көлемі 22,5 млн гектарды құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға артық. Мамандар маусым-тамыз айларындағы орташа температура режимі мен жауын-шашынның жеткілікті мөлшерін болжап отыр. Мұндай болжамдар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алдағы экспорттық әлеуеттен де хабар береді. Әрине, жалпы өнім көлемін нақты есептеуге әлі ерте. Десе де, дүниежүзілік нарықтағы сұраныс биыл да жоғары болмақ. БҰҰ-ның Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы және Астық бойынша халықаралық кеңестің мәліметінше, былтыр әлемдік бидай өндірісі 764 млн тоннаны құраған. Ал бидайдың жаһандық тұтыну көрсеткіші – 747-761 млн тоннаның маңайында. Яғни, сұ­раныс ұсыныстан асып кетіп отыр. Бұл Қазақстан секілді экс­порттық әлеуетке ие мемлекеттерге жақсы мүмкіндік береді.  

   width=Бауыржан БАЗАР