Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекс жобасы мақұлданды. Жаңа кодекстегі ең өзекті мәселенің бірі – донор. Құжатқа сәйкес адам көзі тірісінде ағзасын беруден бас тартып, оны тіркемесе, дәрігерлер ол адам қайтыс болған соң қажет деп тапса, ағзаны алуға құқылы болады. Алайда депутаттар бұл жобаға ұсыныс енгізді. Ол ұсыныс бойынша қайтыс болған адамның туған-туыстарының біреуінен келісім алу міндетті. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баспасөз мәслихатының бірінде: «Біздің елдің мәдени ерекшелігіне сай, донорлықтың аздығына байланысты проблема бар. Дәрігерлер трансплантацияны жүргізуге қорқады, өйткені туған-туыстары бұған қарсы. Тіпті, дәрігерлерді сотпен қудалау жағдайы да тіркелген. Заң бойынша тірі кезінде адам ағзасын донорлыққа беруден бас тартпаса, көптеген елдегі тәжірибеге сай, оның донорлыққа келісім бергенін білдіреді. Десе де, халық ішінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек екенін ұғып отырмыз» деген еді.
Трансплантология саласындағы «заңсыздық»
Көпшіліктің қауіптенетіндей жөні бар. Олар бұл салаға сыбайластық араласып кете ме деп қорқады. Әзірге Қазақстан азаматының ағзасын шетелдіктерге салғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен 2019 жылы елімізде екі бірдей дәрігер заңсыз трансплантация жасады деген күдікке ілінді. Біреуі – белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратов болса, екіншісі – Шымкент қаласының №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай болатын. Екеуі де шетел азаматтарының ағзаларын заңсыз ауыстыруға қатысты деп айыпталған еді. Құттымұратовтың айыпталуына украиналықтардың қатысы бар секілді. Өйткені естеріңізде болса, Украина ұлттық полициясы төрағасының экс-орынбасары Вячеслав Аброськин әлеуметтік желіде: «Қазақстанда бірнеше адам тұтқындалды, олардың бірі – дәрігер-трансплантолог. Өз бүйректерін сатқан адамның 20-сы – украиналық. Олардың әрқайсысы өз бүйрегі үшін 10-15 мың доллар алған, ал бүйректі сатып алғандар 150 мың доллар төлеген. Бұл істің артында адам қасіретінен пайда тауып жүрген халықаралық ұйымдасқан қылмыс тұр» деп жазған еді. Ал БАҚ Абылай Донбайдың израильдіктерге қырғыз, тәжік, украин азаматтарының ағзаларын салып берді деген күдікке ілінгенін жазды. Дәрігерлерге қатысты мұндай ақпараттардың шығуы бұқараны алаңдатқаны сөзсіз. WhatsApp желісі арқылы үндеудің тарауына да осы ақпараттар сеп болуы мүмкін. Жалпы, мессенджерлер арқылы тарайтын кейбір деректер елді «адастырып» жібереді. Әйтпесе, адам ағзасын сату елімізде ғана емес, әлемде тыйым салынған іс екені айдан-анық. Соған қарамастан бұқара кейбір «арандатушылық» әрекеттерге сеніп қалатыны рас. Тіпті, кейбіреулердің ұғымында ағза сататын «қара базар» бар деген көзқарас қалыптасқаны да сондықтан. Әрине, дәрігерлер бұл пікірлерді барынша жоққа шығарып-ақ келеді. Оған сенетін бұқараны көрмей тұрмыз.Туыстарының рұқсаты – міндетті
Ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, «бұрынғы кодексте мәйіттің келісімінсіз ағзасын алуға рұқсат бар» деп көрсетілген екен. «Қазақстанда донор тапшы. Негізі, бізге қайтыс болғандардың дене мүшесін алған тиімді. Өйткені адамнан жан шыққан соң оған ішкі ағзаның түкке керегі жоқ. Бұрын заң бойынша егер науқас тірі кезінде донор болудан бас тартпаса, дәрігерлер оның жарамды ішкі ағзаларын алуға құқылы болатын. Ал жаңа кодекс бойынша адам тірі кезінде айтсын-айтпасын, бірақ туысқандарынан рұқсат алынуы тиіс деп көрсетілген. Бұрын да туысқандарының рұқсаты қажет емес деп айтылғанымен, біз бұған дейін олардың рұқсатын алып келдік. Өйткені «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді ғой. Егер келісімсіз ағза алынса, туыстары мен ағайындары тарапынан реніш туындауы мүмкін. Тіпті, сотқа берген жағдайлар да кездесті. Сондықтан туыстары «ала беріңіз» деп, рұқсат берсе ғана мәйіттің ағзасы алынады. Рұқсат берілмеген жағдайда алуға құқығымыз жоқ. Біз – дәрігерміз. Адам жанын арашалап қалуды ғана мақсат тұтамыз. Рұқсатсыз донор алып, соттан-сотқа сүйретіліп, ақталып жүргіміз келмейді. Ол әрі дәрігердің уақытын ұрлайды. Қоғам өзі бұған дайын болып, ағайын-туыс өзі келісіп жатса, бізге де жеңіл болады. Сол себепті біз осындай ұсыныс жасадық, Мәжіліс соны қабылдады», – дейді.Донорға мұқтаж жандар көп
«Өмір сыйы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сандуғаш Орынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзалары ешқашан шетелдікке салынған емес әрі алдағы уақытта да салынбайды. Трансплантацияға көп адам қатысады: ағзаны алуға рұқсат берілген Қазақстандағы стационарлар, трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы, аймақтардағы үйлестірушілер, трансплантация орталықтары, қан орталықтары, лицензиясы бар көптеген емхана, санавиация, мұның бәрі қайтыс болған адам ағзасы донорлығы арқылы қазақстандықтарды құтқару мақсатында қызмет етеді. Қайтыс болған 1 донор азамат өлім мен өмір шекарасында тұрған 5-6 қазақстандықты құтқаруы мүмкін» деп жазған еді. Сандуғаш Орынбаеваның айтуынша, елімізде донор күтіп отырған 3 128 науқас бар екен. Олардың кезегі қай уақытта келеді. Ол да белгісіз. Олардың үміті ақтала ма? Әлде, донор күтіп жүріп, уақыты өтіп кете ме? Науқасқа бұл да уайым. Заң тұрғысынан тірі кезінде кез келген азамат донор бола алады. Оның жалғыз ғана шарты бар: ағзаларды беру ерікті және ақысыз болуы тиіс. Донор мен реципиент арасында туысқандықтың болмауы отадан бас тартуға негіз болмайды. Бөтен, тіпті танымайтын адамдар басқа қалада тұратын балаларға көмегін ұсынған да жағдайлар кездесіпті. Бұған заң тыйым салмайды. Тек бір нәрсе ақиқат: донордың дені сау болы тиіс. Ал мәйіттік донорлық мәселесі елімізде 2009 жылдан бастап рұқсат етілген. Заң бойынша мемлекет аумағында қайтыс болған адам тірі кезінде оның ағзаларын алуға тыйым салатын құжатты рәсімдемесе, дәрігерлер оның донор болатынын немесе болмайтынын өздері шешуге құқылы еді. Бұған туыс-туғанның қарсылығы көбейген соң жаңа кодексте бұл заңдылық өзгерді. Енді ағайыны, туыс-туғанынан рұқсат алу міндеттелмек. P.S.2019 жылғы дерек бойынша, елімізде 2 397 адам бүйрегін, 295 азамат бауырын, 102 адам жүрегін, 6 адам өкпесін, 1 адам өкпесі мен бауырын ауыстыру үшін кезек күтіп тұр. Жыл сайын елде 300-ден астам операция жасалады екен. Кезек күткен 3 000-ға жуық адамға операция жасау үшін кемінде он жыл уақыт керек. Ал олардың денсаулығы 10 жыл күтуге жарай ма? Мәселе – осында. Донор болса, тапшы. Мәйіттік донордың мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. 3 000-ға жуық адамның тағдыры донорға тәуелді. Қайтпек керек?
Сіз донор болуға дайынсыз ба?