Апат тағы да судан келді
Апат тағы да судан келді
239
оқылды
Түркістан облысының Тө­леби ауданы тұрғындарын та­ғы да табиғаттың тосын мі­незі әбігерге түсірді. 13 ма­­мыр күні сағат 16.00-ден кейін бас­талып, төпелей жау­ған нөсер жауын әп-сәтте ау­­дан­­дағы бір­қатар ауылға қауіп төндірді. Қатты жауын Қасқасу ауы­лындағы 4 көпірді шайып кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, Қасқасу өзенінде су деңгейінің көтерілуінен 4 үй, 376 аула аумағын су басқан. 8 бас ірі қара және бірқатар ұсақ мал шығыны болды. Сонымен бірге аудан орталығы Ленгер қаласындағы орталық көшелерде су толып, 20 аула су астында қалды. Төлеби ауданының әкімдігі нөсер жауын орын алған сәттен бастап оқиға орнына жетіп, су басқан аймақтарды ретке келтіру шараларын ұйымдастырып жатыр. Кеше кешкісін Киелітас ауыл округіне қарасты Сұлтанрабат ауылының Сауран көшесімен судың ағып өтуі күрделі жағдайды қалыптастырып, бірнеше үйдің ауласына, үйінің ішіне су кірген. Жедел құрылған арнайы штаб зардап шеккен тұрғындарды Ленгер қаласындағы №8 колледж ғимаратына эвакуациялады. Онда орналастырылған 70 адамның 32-і балалар. Одан бөлек, 80 адам жақын маңдағы туыстарының үйіне орналасқан. Көксәйек елді мекеніндегі №9 көпсалалы кол­леджінде 150 адамға арналған эвакуациялық пункт те қосымша дайындалған. Ауданның және көршілес ау­дандардан келіп жеткен тө­тенше жағдай қызметкерлері мен техникасы түнімен су сор­ғылары арқылы үйлердегі қауіпті сейілтумен болды. Нөсер жауын түнге қарай басылғанымен, ер­тесіне қайтадан басталды.  

Бір айлық мөлшер 40 минутта жауды

Түркістан облысындағы то­лассыз жауынның салдарын кө­бірек тартқан Төлеби ауданына ертесіне таңертең облыс әкімі Ө. Шөкеев келді. Облыс басшысы Төлеби ау­данындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралап, тұрғындармен кездесті. Оларды сабырға ша­қырып, бәрі реттелетінін жеткізді. «Бар-жоғы 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Дәл мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған табиғи құбылыс. Қауіпсіз ау­маққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлеріңізді полиция қыз­мет­керлері күзетеді. Уайымда­маңыз­дар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр. Жарамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін бас­паналарды қайта қалпына келтіру жағы қарастырылады», – деді Өмірзақ Естайұлы.    width= Толассыз жауған нөсер жауын­ның әсерінен Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілген. Соңғы ақпарат бойынша, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суы 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына кірген. 27 үйдің құлау қаупі бар. Төлеби ауданының судан зардап шеккен тұрғындары үшін алғашқылардың бірі болып Сайрам ауданынан гуманитарлық көмек жетті. Одан соң аудандық «Көкпар» федерациясынан, «Пионер» ЖШС-інен қажетті азық-түлік пен гигиеналық зат­тар келді. Қойма үшін Ленгер қала­сындағы спорт мектебі бекітіліп, қазіргі таңда жан-жақтан көмек келуде. Ленгер қаласының Сауран көшесі 221-үйде тұратын 72 жас­тағы Р.Тойметова әжейдің үйін де су басқан. «Үйде немерем екеуміз ғана болатынбыз. Кешкі 5-терде басталған қатты жауын әп-сәтте айналамызды алып кетті. 80-жылдардан бері осында тұрсам да дәл мұндай жойқын су шаю жағдайы болмаған еді. Екі қорамыз судың астында қалды. Ортада қалған үйіміздің ішіне тізеден су кірді. Әкімдікке алғысымыз көп, ерікті жастар үйден көтеріп алып шығып, автобуспен осында көшіріп әкелді», – дейді колледж жатақханасында жатқан кейуана.  

Нөсер жауын шымкенттіктерді де әбігерге салды

Нөсер жауын шымкенттіктерді де айналып өтпеді. Таулы ау­дан­дағы бұл төтенше оқиға көрші жатқан Шымкент қаласының Тоғыс елді мекенімен қоса Елтай ауылына да жеткен. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар депар­таменті баспасөз қызметінің ха­бар­­лауынша, салдарынан 60 тұр­ғын үйдің ауласын су басып, 3 шаруашылық нысан құлады. Үйлерін су басқан тұрғындар №119, №41 мектептерде құрылған эва­куациялық пункттерге көшіріл­ген. Шымкент қаласының әкімі қатты жауған жауын салдарынан су басқан Елтай тұрғын алабына келіп, тез арада тасқын зардабын жою және алдын алу жұмыстары жөнінде комиссия құруды тап­сырды. Нөсер жауын қала ше­тіндегі ауылдарды ғана емес, орта­лық тұрғындарын да әбігерге түсіріп жатыр. Алайда мамандар алдағы 3 күн­де толассыз жауын-шашынның болу қаупі бар екенін айтады.  

 width=

 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы