Онлайн өтініш толтыруға болады
Еліміздегі бірқатар оқу орнында жатақханаға өтініш қабылдау онлайн форматқа көшкен. Бірақ барлық білім беру ұйымында жағдай мұндай емес. Енді барша студент «Электронды үкімет» порталы арқылы жұмысын жеңілдетіп, жатақханаға өтініш беруіне болады. Министрлік мәліметінше, барлық жүйе бір механизммен жұмыс істейді. Яғни, Egov порталы арқылы университетке құжат тапсырсаңыз, тиісті қызметтің бәрі автоматты түрде шығады. Сізге жатақхана керек болса, құжат тапсыру бөлімінен кейін жаңа терезе ашылып, жатақханаға өтініш бересіз. Бұрын колледжде тегін ыстық тамақ ішу үшін де бірнеше құжат жинап, кезекке тұрып, әлеуметтік статусты айқындау керек-ті. Енді мұның бәрі бір жүйеде іске асып, талапкердің жұмысы жеңілдейтін болды. Осыған дейін Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ға қатысу туралы өтінішті де онлайн форматқа ауыстырды. Бұл қызмет те Egov порталы арқылы жүзеге асады. Соңғы мәліметке сүйенсек, онлайн өтініш қабылдау мерзімі аяқталды. Мұнда да түсіндіру жұмысы жүрді, жауапты тұлға бекітті. Ата-аналар тарапынан түсініспеушілік туса да, кейде Egov порталы жүктемені көтере алмаса да, түлектер онлайн өтініш толтырып үлгерді.Балабақшаға кезекке тұру жеңілдейді
Жоғарыда барлық білім беру ұйымына құжат тапсырудың онлайн форматқа көшетінін жаздық. Сондықтан мектеп мен балабақшаға құжат тапсыру да автоматты жүйеге көшеді. Балаңызды бір мектептен екіншісіне ауыстыру, балабақша кезегі мәселесінде «Электронды үкімет» арқылы реттеуге болады. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылдан бастап 1-сынып оқушыларының құжатын 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында қабылдайды. Сәйкесінше ата-аналар мектепті алдын ала таңдап, оқуға қабылдау құжатын жинақтайды. Бұл жүйенің мектеп басшылығына тигізер пайдасы көп. Өйткені олар сыныптағы бала санын алдын ала анықтап, қажетті оқулық санын да реттейді. Сыныптардың санына байланысты педагогті жұмысқа қабылдай алады әрі бұл мұғалімдер арасында сағат бөлуге көмегі тиеді. Ал балабақшаға келсек, ата-ана баласын білім беру бөлімінің кеңсесі арқылы ғана емес, «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімі немесе «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы балабақша кезегіне тұрғызады. Егер егіз немесе үшем балалардың бірі балабақшаға орналасса, кейінірек бос орын болған жағдайда сыңарының да сол ұйымға тіркелуге мүмкіндігі бар. Балабақшаларға қабылдауда жеңілдік санатына мән беріледі. Педагогтердің және мүгедек баласы бар отбасылардың балалары бірінші кезекте қабылданады. Бос орындарға арнайы санаттағы балалар қабылданғаннан кейін үш күн өткен соң, қалған орын үшін кезекте тұрған 1 000 өтініш қаралады. Осылайша, білім жүйесіндегі онлайн-өзгеріс уақытты үнемдеуге, жедел қимылдауға, цифрлы технологияның артықшылығын меңгеруге үйретпек. Оның үстіне, қаржы үнемдеуге септігі тиеді. Білім министрлігінің тың бастамаға бейім екенін білеміз. Ал бұған порталдың әлеуеті жете ме? ҰБТ тапсыру үшін онлайн өтініш толтырғанда сыр берген портал 300 мың түлектің құжатын қабылдауға дайын ба? Мәселе осында.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ