«Қолданыстағы заңнамаға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда спортшыға допинг тағайындаған адамдарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті енгізу қажеті туындады. Ол 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жазаны көздейді» делінген Денешынықтыру және спорт комитетінің хабарламасында.
Заңда допингті пайдаланғаны үшін дисквалификация, спортшының спорттағы нәтижесін жою, ақшалай көтермелеуді қайтару, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, ақшалай қамтуды тоқтату, спорттық атағынан айыру, жүлдегер тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, құрама командалардың құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару қатарлы жазалар қарастырылған. Сондай-ақ допинг-тестілерді сақтау мерзімі 10 жыл болуына байланысты заңнамада жүлдегерлерге баспана осы мерзімге жалға беріледі. Аталған мерзімде тұрғын үйді иеліктен шығаруға тыйым салу көзделген. Егер осы кезеңде сынамада допинг анықталмаса, тұрғын үй спортшының меншігінде қала береді.
– Қазіргі кезде допинг қолданғандарға қатысты заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, айыпталушыларға қатысты қолданар жаза күшейтілді. Сондықтан спортшыларға допингтен бас тартқан жөн. Қазақстанның ұлттық антидопинг орталығының тексерісінен кейін оннан аса спортшының қанынан допинг сынамасы табылды деген жайсыз хабарды естідім. Бұл өз кезегінде ел спортының беделіне нұқсан келтіретін жайт қой. Ал спортшыларға дисквалификация мерзімін әрқилы етіп көрсетуі олардың препаратты қалай қолданғанына байланысты. Арнайы комиссия арқылы спортшының пікірі сұралып, соның негізінде мерзімін белгілейді. Алайда допингке қарсы ереже бойынша негізінен 4 жыл уақытқа шеттетіледі. Егер мұндай жағдай екінші рет қайталанса, жаза мерзімі де екі есе артады. Спортшылардың атақтары мен сыйақылары толық қайтарылып, 200 АЕК (505 мың теңге) көлемде айыппұл салынады. Бұл – Халықаралық Олимпиада комитеті тарапының салатын санкциясы, – дейді спорт журналисі Фараби Әбдіхалық.
Әлемде допинг қатарына жататын дәрілердің саны 10 мыңға жуықтайды екен. Ал ең сорақысы, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстандағы 263 спортшы рұқсат етілмеген осы дәрумендерді пайдаланған. Бұл туралы Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов мәлімдеді.
Біз тек еліміздегі жағдайды атап көрсеттік. Ал әлем бойынша спортшылар арасында тыйым салынған дәрілерді қолдану оқиғалары жиі тіркеледі. Мамандар қанша күресіп жатқанымен, бұл әрекет тиылар емес. Допинг мәселесі реттелмесе, спортшыларға деген сенім де жоғалып, спорттың да қадірі кететін сыңайлы.
Абылайхан ЖҰМАШ