Мемлекет Робин Гудтың рөлін сомдайды
GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, үдемелі салық жүйесі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жақындатудың тиімді құралы. «Себебі нарықтық экономиканың кемшін тұсы, ол қоғамды кедейлер мен байлар табына бөліп тастайды. Осы кезде мемлекет өзінің реттеуші рөлін орындамаса, кедей кедейлене түседі, байлар байи береді. Сондықтан әлеуметтік нарықтық экономика құрамыз деген позицияны ұстанған мемлекет Робин Гудтың заңдастырылған функциясын атқарады», – дейді ол. Яғни, байлардан алып, оны көмек ретінде кедейлерге беріп тұрады. Осындай теңдестірілген саясат жүргізілмесе, кедейлер көбейеді. Мемлекет үдемелі салық саясатын кедейленудің алдын алу үшін жүзеге асырады. Бір қызығы, үдемелі салық жүйесі енгізілетіні туралы ақпарат айтылғаны сол еді, әлеуметтік желіде аталған салық жүйесін сынаушылар табыла кетті. Сөйтсек, олардың шу көтеруіне осыдан бірнеше ай бұрын талқылауға ұсынылған жеке кіріс салығы мөлшерлемесінің үдемелі шкаласының әлеуметтік желіде тарап кетуі себеп болыпты. Экономист Олжас Құдайбергенов сол күні-ақ оның бекітілмеген шкала екенін айтып, сабырға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматыға жұмыс сапары кезінде жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырмасын түсіндірді. «Қазіргі уақытта айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар табыс салығынан 10 пайыз салық төлеп отыр. Ал үдемелі өлшем жүйесі енгізілсе, 250-300 мың теңге алатындар жеке кіріс салығын 7 пайыздық мөлшерлемемен төлейтін болады. Ал айына 300 мың теңгеден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады», – деді Президент. Ол жылына 25 миллион теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме көлемі артуы тиіс деп санайды. Әрине, оның көлемін Үкіметтің комиссиясы анықтайды. Ал Мемлекет басшысының пікірінше, жеке кіріс салығының жоғарғы шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек.Үдемелі салық жүйесі екі жылсыз енгізілмейді
Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, жеке кіріс салығының үдемелі өлшемі бүгін-ертең енгізіле қоймайды. «Үдемелі шкаланы дәл қазір енгізуге болмайтыны түсінікті де, өйткені қазір бірінші кезекте экономиканы жақсарту қажет, заңнаманы өзгерту процедуралары бұл шкаланы 2022 жылға дейін енгізуге мүмкіндік бермейді», – дейді. Оның айтуынша, Сингапурда табысы орташа жалақы көрсеткішінің 40 пайызынан аз болса, онда жұмысшы жеке кіріс салығын төлемейді. Егер осы жүйені Қазақстанға көшірсек, онда орташа жалақы 200 мың теңгені құрайтын біздің елде жалақысы 80 мың теңгеден аспайтындар жеке кіріс салығын төлемейтін болып шығады. Егер жалақы 80 мыңнан жоғары болса, онда әрбір келесі шектен белгілі бір пайыз төленеді. «Шартты түрде жалақы 140 мың теңге дейік, содан кейін 0% 80 мыңнан төленеді. Ал келесі 60 мыңнан тек 2% төленеді, сонда 140 мың теңге жалақыдан төленетін ЖКС бар болғаны 1 200 теңгені құрайды, бұл 1 пайыздан да аз. Егер жалақы 200 мың теңге болса, онда 80 мыңға 0% төленеді. Келесі 60 мыңнан – 2%, келесі 60 мыңнан – 4%. Сонда шамамен 3 600 теңге (ЖКС – 1,8%) ЖКС төленеді. Осылайша, 10% жүктеме 1 миллионнан асатын жалақыдан ғана басталады», – дейді ол. Қысқасы, бұл жүйе төмен жалақы алатындар үшін ешқандай әсер етпейді. Әрі-беріден соң, осыдан екі жыл бұрын төменгі жалақы алатындардың жеке кіріс салығының мөлшерін 10 пайыздан 1 пайызға түсіру туралы шешім қабылданғаны есте. Сарапшылардың айтуынша, үдемелі салық жүйесінің орта тап өкілдеріне де әсер етуі екіталай. Себебі олар қазіргі күні де жеке табысынан 10 пайыз салық төлеп отыр.Орта таптың әлеуметтік портреті жасалмаған
Кез келген елдің экономикасы осы орта тап өкілдерінің санына байланысты дамиды деген теория бар. Себебі олардың сатып алу қабілеті қалыпты, құбылмайды. Сол себепті де елімізде көптен бері орта таптың үлесін арттыру туралы айтылып келеді. Ал сол орта тап өкілінің жалақысы қанша болуы керек? Бізде 300 мың мен 1 млн теңге табыс табатындар өзін орта тап өкіліне жатқызады. Оларды кедей топқа жатқыза алмайтынымыз анық. Мемлекет басшысы үдемелі салық саясаты енгізілсе, 250-300 мың теңге жалақы алатындар жеке кіріс табысының 7 пайызын ғана төлейтінін айтты. Ал 300 мың теңгеден көп, мысалы 350 мың теңге табыс табатын да, 2 млн теңге табыс табатын да жеке кіріс салығынан 10 пайыз салық төлейтін болса, бұл қаншалықты әділетті болады? Бірақ 350 мың теңге мен 2 млн теңге жалақы алатын адамдардың жағдайы салыстыруға келе ме? Әрине, келмейді. Жалпы, біздің елде осы орта тап қанша жалақы алады? Орта тапқа кімдер жатады? Мақсат Халықтың айтуынша, біздің елде орта таптың әлеуметтік портреті жоқ. Оның айлығы қанша болуы керек деген сұрақтың жауабына қатысты ғалымдар арасында тартыс әлі жүріп жатыр. Ал өзінің пікірінше, орта тапқа 1-2 млн теңге табыс табатындар жатады. Себебі осындай табыс тапқан адам өзін бақытты сезінеді екен. Ал табысы 2 млн теңгеден асып кетсе, ол адам бақытсыздыққа ұшырай бастайтын көрінеді. Өйткені қорда ақша жинала бастайды да, сол ақшаны қалай сақтаймын, қалай айналдырамын деген мәселе туындап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. «Осы тұрғыдан келгенде, Президенттің 2 млн теңгеге дейін жеке табыс салығы 10 пайыздан аспасын деген ұйғарымын қолдаймын. Менің есебім бойынша, еліміздегі орта тап өкілдерінің саны 100 мыңдай. Бұл халықтың 1 пайызына да жетпейді. Негізі мұндай жалақы алатындар нағыз кәсіби мамандар деп санаймын. Әрине, арасында ұлттық компанияларға «парашютпен түскен» шенділердің балалары бар шығар, бірақ көпшілігі өз ісінің нағыз мамандары. Сондықтан олардың мүддесін қорғау керек. Оларға жағдай жасалмаса шетелге кетіп қалады. Жағдай жасасақ, қатарын көбейтсек мемлекет дамиды», – дейді ол. Ал 350 мың теңгеден астам жалақы алатындардың пайыздық шкаласын әлі де талқылау керек деп санайды. Үдемелі салық саясаты теория бойынша дамыған елдерге тән. Ал Қазақстанның дамушы мемлекет екенін ескерсек, үдемелі салықты бізге енгізуге ерте емес пе? Экономистің ойынша, нарық заңын толық орындаған мемлекетте салықтың бұл түрін енгізуге болады. Тек үдемелі салық саясатынан бұрын халықтың жаппай табыс декларациясын енгізу қажет. Себебі дәл қазіргі уақытта кімнің қанша табыс тауып отырғанын білмейміз. Үдемелі салық саясаты халық табысының нақты картинасын білген соң ғана енгізілсе, тиімділігі арта түседі. Өйткені бұл байлардың табысын жасыру әрекетінің алдын алады...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ