Үдемелі салық: енді кім көп төлейді?
Үдемелі салық: енді кім көп төлейді?
392
оқылды
Кез келген мемлекеттің бюджеті салық түсімдерінен құралады, айталық біздің елдегі республикалық бюджеттің 90 пайыз­ға жуығы салықтан қалыптасады. Оның ішінде, жеке кіріс салығының да маңызы зор. Қазақстан  алдағы уақытта  үдемелі салық жүйесін енгізбек. Бұл жүйе әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етеді: үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Бұдан өзге қан­дай артықшылығы бар?  

Мемлекет Робин Гудтың рөлін сомдайды

GSB UIB бизнесті талдау ор­та­лы­ғының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, үде­ме­лі салық жүйесі байлар мен ке­дей­лер арасындағы алшақтықты жа­қындатудың тиімді құралы. «Себебі нарықтық эко­но­ми­ка­ның кемшін тұсы, ол қоғамды ке­дей­лер мен байлар табына бөліп тас­тайды. Осы кезде мемлекет өзі­нің реттеуші рөлін орындамаса, ке­дей кедейлене түседі, байлар байи береді. Сондықтан әлеуметтік на­рықтық экономика құрамыз де­ген пози­цияны ұстанған мемлекет Робин Гудтың заңдастырылған функциясын атқарады», – дейді ол. Яғни, бай­лардан алып, оны кө­мек ретінде кедейлерге беріп тұ­ра­ды. Осындай теңдестірілген сая­сат жүргізілмесе, кедейлер кө­бейеді. Мемлекет үде­мелі салық сая­сатын кедейленудің алдын алу үшін жүзеге асырады. Бір қызығы, үдемелі салық жүйе­сі енгізілетіні туралы ақпарат ай­тылғаны сол еді, әлеуметтік же­ліде аталған салық жүйесін сы­нау­шы­лар табыла кетті. Сөйтсек, олар­дың шу көтеруіне осыдан бір­неше ай бұрын талқылауға ұсы­нылған жеке кіріс салығы мөл­шер­лемесінің үдемелі шкаласының әлеу­меттік желіде тарап кетуі себеп бо­лыпты. Эко­номист Олжас Құ­дай­бергенов сол күні-ақ оның бе­кітіл­меген шкала екенін айтып, са­бырға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Алматыға жұмыс са­пары кезінде жеке кіріс салы­ғы­ның үдемелі өлшемін енгізу туралы тап­сырмасын түсіндірді. «Қазіргі уа­қытта айына 250-300 мың теңге жа­лақы алатын азаматтар табыс са­лығынан 10 пайыз салық төлеп отыр. Ал үдемелі өлшем жүйесі ен­гізілсе, 250-300 мың теңге ала­тын­дар жеке кіріс салығын 7 пайыз­дық мөлшер­лемемен төлей­тін болады. Ал айына 300 мың тең­геден 1,5-2 миллион теңгеге дейін табыс табатындар үшін қа­зіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақ­­­талады», – деді Президент. Ол жылына 25 миллион тең­ге­ден көп табыс табатын азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме кө­ле­мі артуы тиіс деп санайды. Әри­не, оның кө­лемін Үкіметтің комис­сия­сы анық­тайды. Ал Мемлекет бас­шысының пікірінше, жеке кіріс салығының жоғарғы шекті деңгейі 15 пайыздан аспауы керек.  

Үдемелі салық жүйесі екі жыл­сыз енгізілмейді

Экономист Олжас Құдай­бер­ге­новтің айтуынша, жеке кіріс са­лығының үдемелі өлшемі бүгін-ертең енгізіле қоймайды. «Үдемелі шкаланы дәл қазір ен­гізуге болмайтыны түсінікті де, өйт­кені қазір бірінші кезекте эко­номиканы жақсарту қажет, заң­на­маны өзгерту процедуралары бұл шкаланы 2022 жылға дейін енгізуге мүмкіндік бермейді», – дейді. Оның айтуынша, Сингапурда та­бысы орташа жалақы көр­сет­кі­ші­нің 40 пайызынан аз болса, онда жұ­мысшы жеке кіріс салығын тө­ле­мейді. Егер осы жүйені Қазақ­стан­ға кө­шірсек, онда орташа жа­лақы 200 мың теңгені құрайтын біздің елде жалақы­сы 80 мың теңгеден аспай­тын­дар жеке кіріс са­лығын төлемей­тін болып шы­ғады. Егер жалақы 80 мыңнан жо­­­ғары болса, онда әрбір келесі шек­тен белгілі бір пайыз төленеді. «Шартты түрде жалақы 140 мың теңге дейік, содан кейін 0% 80 мың­нан төленеді. Ал келесі 60 мың­нан тек 2% төленеді, сонда 140 мың теңге жалақыдан төленетін ЖКС бар бол­ға­ны 1 200 теңгені құ­райды, бұл 1 па­йыз­дан да аз. Егер жалақы 200 мың теңге болса, онда 80 мыңға 0% төленеді. Келесі 60 мыңнан – 2%, ке­лесі 60 мыңнан – 4%. Сонда ша­ма­мен 3 600 теңге (ЖКС – 1,8%) ЖКС төленеді. Осылайша, 10% жүктеме  1 мил­лионнан асатын жалақыдан ға­на басталады», – дейді ол. Қысқасы, бұл жүйе төмен жа­ла­қы алатындар үшін ешқандай әсер етпейді. Әрі-беріден соң, осы­дан екі жыл бұрын төменгі жа­ла­қы алатын­дардың жеке кіріс салығының мөл­шерін 10 пайыздан 1 пайызға түсіру туралы шешім қабылданғаны есте. Сарапшы­лар­дың айтуынша, үдемелі салық жүйе­сінің орта тап өкілдеріне де әсер етуі екіталай. Себебі олар қа­зіргі күні де жеке табысынан 10 пайыз салық төлеп отыр.  

Орта таптың әлеуметтік портреті жасалмаған

Кез келген елдің экономикасы осы орта тап өкілдерінің санына бай­ланысты дамиды деген теория бар. Себебі олардың сатып алу қа­бі­леті қалыпты, құбылмайды. Сол се­бепті де елімізде көптен бері орта тап­тың үлесін арттыру туралы ай­ты­­лып ке­леді. Ал сол орта тап өкі­лі­нің жала­қысы қанша болуы ке­рек? Бізде 300 мың мен 1 млн теңге та­быс табатын­дар өзін орта тап өкі­ліне жатқызады. Оларды ке­­дей топ­қа жатқыза алмайты­ны­мыз анық. Мемлекет басшысы үдемелі са­лық саясаты енгізілсе, 250-300 мың теңге жалақы алатындар жеке кіріс табысының 7 пайызын ғана төлей­тінін айтты. Ал 300 мың тең­геден көп, мысалы 350 мың теңге та­быс та­батын да, 2 млн теңге та­быс таба­тын да жеке кіріс са­лы­ғы­нан 10 па­йыз салық төлейтін бол­са, бұл қан­шалықты әділетті бо­ла­ды? Бірақ 350 мың теңге мен 2 млн теңге жалақы алатын адамдардың жағ­дайы салыс­тыруға келе ме? Әри­не, келмейді. Жалпы, біздің ел­де осы орта тап қанша жалақы ала­ды? Орта тапқа кімдер жатады? Мақсат Халықтың айтуынша, біз­дің елде  орта таптың әлеуметтік портреті жоқ. Оның айлығы қанша болуы керек деген сұрақтың жауа­бына қатысты ғалымдар арасында тартыс әлі жүріп жатыр. Ал өзінің пікірінше, орта тапқа 1-2 млн теңге табыс табатындар жатады. Себебі осындай табыс тапқан адам өзін бақытты сезінеді екен. Ал табысы 2 млн теңгеден асып кетсе, ол адам бақытсыздыққа ұшырай бастайтын көрінеді. Өйткені қорда ақша жи­нала бастайды да, сол ақшаны қа­­­лай сақтаймын, қалай айнал­ды­рамын деген мәселе туындап, күн­діз күл­кіден, түнде ұйқыдан айы­ры­лады. «Осы тұрғыдан келгенде, Пре­зи­денттің 2 млн теңгеге дейін жеке табыс салығы 10 пайыздан аспасын деген ұйғарымын қолдаймын. Ме­нің есебім бойынша, еліміздегі ор­та тап өкілдерінің саны 100 мың­дай. Бұл халықтың 1 пайызына да жетпейді. Негізі мұндай жалақы ала­тындар нағыз кәсіби мамандар деп санай­мын. Әрине, арасында ұлттық ком­панияларға «парашют­пен түскен» шенділердің балалары бар шығар, бірақ көпшілігі өз ісі­нің нағыз ма­мандары. Сондықтан олар­дың мүд­десін қорғау керек. Олар­ға жағдай жасалмаса шетелге ке­тіп қалады. Жағдай жасасақ, қа­та­рын көбейтсек мемлекет да­ми­ды», – дейді ол. Ал 350 мың теңгеден астам жа­лақы алатындардың  пайыздық шка­ласын әлі де талқылау керек деп санайды. Үдемелі салық саясаты теория бойынша дамыған елдерге тән. Ал Қазақстанның дамушы мемлекет екенін ескерсек, үдемелі салықты біз­­ге енгізуге ерте емес пе? Эко­но­мис­тің ойынша, нарық заңын то­лық орын­даған мемлекетте са­лық­тың бұл түрін енгізуге болады. Тек  үдемелі салық саясатынан бұрын ха­лықтың жаппай табыс декла­ра­ция­сын енгізу қажет. Себебі дәл қа­зіргі уақытта кім­нің қан­ша та­быс тауып отырға­нын білмейміз. Үде­мелі салық саяса­ты ха­лық та­бы­сының нақты картинасын біл­ген соң ғана енгізілсе, тиімділігі ар­та түседі. Өйткені бұл байлардың табысын жасыру әрекетінің алдын алады...  

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ