Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, «Шаңырақ» жобасына қатысушыларға кредит беру үшін 210 млрд теңге бөлінеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 11 мамырдағы қорытынды отырысында атап өткендей, «5-10-20» несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа жоба іске қосылады. Азаматтардың сұранысын қолдау және «Шаңырақ» ілкі жобасына қатысушыларға кредит беру үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінен алынған облигациялық қарыз аясында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 210 млрд теңге бөледі» делінген министрліктің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.
«Шаңырақ» ілкі жобасының қатысушылары Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар (бұдан әрі – ЖАО-да кезекте тұрған адамдар) бола алады.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
– Қазақстан Республикасының азаматтығы;
– отбасының әрбір мүшесіне соңғы 6 (алты) ай үшін еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды есепке алмағанда) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасын қоса алғанда, табыстың болуы;
– ЖАО Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж мәртебесін және тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюды растауы;
– төлем қабілеттілігін растау.