Елбасы толтырған сайлау бюллетенін дауыс беру жәшігіне салған соң, арнайы әзірленген орында өзін күткен қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдеріне шағын сұхбат берді. Ол Қазақстан халқының осынау тарихи сайлау арқылы ел болашағын айқындайтынына екпін түсірді.
– Бүгін азаматтарымыз республикамыздағы және шет мемлекеттердегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатыр. Сайлау науқаны барлық елде және барлық заманда халық үшін тарихи сәт саналады. Бұл ретте адамдар ел Президентін ғана емес, сонымен қатар өз болашағы мен тағдырын да таңдайды, болашаққа деген сенімі мен үмітін білдіреді. Қазақстандықтардың ақ тілегі, асыл ниеті – елдің амандығымен, жұртымыздың тыныштығымен, мемлекетіміздің өркендеуімен байланысты екенін білемін. Сонда әр отбасының тұрмысы жақсарып, жақсылыққа кенеледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы, сондай-ақ осы жолғы президенттік доданың ерекшелігіне тоқталды.
– Биылғы сайлаудың ерекшелігі мәлім. Өздеріңіз білетіндей, мен президенттік өкілеттігімді тоқтатып, жастарға жол бердім. Бұл – дұрыс шешім. Төңірегіміз түгел дамып, ілгері қозғалып барады. Қазақстанды жаңа биіктерге бастауы үшін ел басшылығына жасампаз ойлы жаңа буын келуі тиіс. Президенттік өкілеттігімді тоқтату жөніндегі шешімімді бүкіл әлем түсіністікпен қабылдады, мақұлдады. Көптеген елдің көшбасшыларынан қаншама хат алдым. Олар Қазақстанда билікті беру процесінің бейбіт жағдайда, демократиялық жолмен өтіп жатқанын жоғары бағалауда. Демек, бүгінгі сайлау сәтті өтсін, елге құт-ырыс болып дарысын! – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға амандық, елімізге тыныштық пен бақ-береке тіледі.
Осы орайда журналистер Елбасыдан Қазақстанның болашағына қатысты пікірін сұрады.
– Мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық мәселе, соның ішінде халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастымыз да «Қазақстан–2050» стратегиясында егжей-тегжейлі жазылған. Біз ғасыр ортасына дейін дүниежүзіндегі дамыған елдердің қатарына қосылуымыз керек. Оған жету үшін дамуымыз – озық, іс-қимылымыз – қажырлы, халқымыз – ауқатты, экономикамыз – қуатты болуы тиіс, – деп түйді Н.Назарбаев.