Еxit poll нәтижесі бойынша 9 маусымда өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында сайлаушылардың 70,13 пайызы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Бұл туралы «Қоғамдық пікір» институтының басшысы Айнұр Мәжитова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, сайлау күні «Қоғамдық пікір» институты Exit poll-дың стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама жүргізушілер 325 сайлау учаскесін қамтыған. Оның ішінде облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында – 97, шағын қалаларда – 94, ал ауыл округтерінде 134 сайлау учаскесі қамтылған. Сайлау туралы заңның 28-бабына сәйкес, «Қоғамдық пікір» институты Орталық сайлау комиссиясына сайлауалды әлеуметтік сауалнама жүргізу ниеті туралы хабардар еткен, ал аталған институтқа сауалнама жүргізуге «Ел тірегі» заңды тұлғалар бірлестігі тапсырыс берген.
– Сауалнама стандарты халықаралық әдістеме бойынша жүргізілді. Респонденттерге «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген бір ғана сауал қойылды. Таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 8-ге дейін сауалнаманың алты толқыны өтті. Нәтижесінде, 13 200 сайлаушыға сауалнама жүргізілді. Іріктеме қателігі шамамен 3 пайызды құрайды. Сауалнама жүргізуге 350-ден астам адам атсалысты. Exit poll нәтижесі келесідей: Жамбыл Ахметбековке – 3,86 пайыз, Дания Еспаеваға – 5,32 пайыз, Әміржан Қосановқа – 15,39 пайыз, Төлеутай Рақымбековке – 3,03 пайыз, Амангелді Таспиховқа – 1,41 пайыз, Қасым-Жомарт Тоқаевқа – 70,13 пайыз, Сәді-Бек Түгелге 0,86 пайыз дауыс берілді, – деді А.Мәжитова
Exit poll – сайлау кезінде дауыс берген азаматтардың арасында өткізілетін анонимді сауалнама. Мақсаты – сайлаудың алдын ала нәтижесін жасау арқылы оны бұрмалауға жол бермеу. Заң бойынша экзит-поллды сайлауға дейін өткізуге болмайды. Сауалнаманың бұл түрі сыртта дауыс берген сайлаушылар арасында ғана жүргізіледі. Сауалнама нәтижесін жариялағанда ақпарат көзі, сауалнама уақыты, мәлімет жинаудың әдіс-тәсілі, нақты сұрақ, сауалнамаға қатысқан адамдар саны мен қателік коэффиценті міндетті түрде көрсетіледі. Exit poll өткізу үшін Орталық сайлау комиссиясын алдын ала ескертіп, тиісті құжаттарды ұсыну қажет. Осы жолғы президенттік сайлау кезінде ОСК әлеуметтік зерттеулерді өткізу бойынша «Қоғамдық пікір» институты» мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының құжаттарын қабылдаған.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға 12 мыңнан астам адам қатысқан. Еліміздің барлық аумағындағы 300-ден аса сайлау учаскесін қамтыған Exit poll нәтижесі де Қ.Тоқаевтың басым дауыс (69,94 пайыз) жинағанын көрсеткен.