Қазақстан Президентінің сайлауын бақылауға 1013 бақылаушы тіркелген. Оның ішінде 9 халықаралық ұйымнан 866 бақылаушы бар. 43 бақылаушы шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарының өкілдері. Бұл сайлауға Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Оңтүстік Америкадан халықаралық бақылаушылар келді. Орталық сайлау комиссиясының ресми дерегі солай дейді. Кеше өткен сайлауда халықаралық бақылаушылар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бөлек, өңірлердегі дауыс беру барысын да бақылады. Олардың сайлау учаскелерінің жұмысын, дауыс беру барысын қалай бағалады? Өздерінен сұрап білдік.
Януш ПЬЕХОЧИНСКИЙ,
Польшаның экс-вице-премьері:
– Қазақстан шамамен 2010 жылға қарай тұрақтылық пен экономикалық өрлеудің екінші кезеңіне аяқ басқан болатын. Алғашқы кезең – кеңестік елден тәуелсіз, өзіндік даму бағыты бар елге өтуі. Осы жолғы сайлауға қатысушы кандидаттар және олардың бағдарламасымен таныса келе, бұл сайлау – Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің бастауы деген ойға келдім. Сонымен қатар, біз президенттікке кандидаттармен де кездесу өткіздік. Сол кезде олар сайлаудың ел ертеңі үшін маңызды сәт екенін аңғартты. Сайлау ашық түрде өтті және жұмыс барысында ешқандай заңбұзушылықты байқамадық. Қазақстандағы сайлау жұмысын, біздің елдің сайлауымен салыстырдым. Таңғалдырғаны – халықтың белсенділігі. Біз таңертеңнен бері аралаған сайлау учаскелерінің қай-қайсысына барсақ та, дауыс беру кабиналары босамай жатты.
Тадуеш ИВИНЬСКИЙ,
Польша Сеймінің экс-депутаты:
– Қазақстанға соңғы 25 жылда он үш мәрте жолым түсіпті. Әр жылдары Польша Республикасы Сеймінің депутаты, кейде Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) төрағасының орынбасары, Үкімет мүшесі ретінде де келдім. Қазақстандағы қазіргі сайлау процесіне ғалым, саясаткер ретінде зор қызығушылықпен қараймын. Себебі, қазіргі таңда Қазақстанда тұрақтылық процесін реттеп отыруға арналған қызықты тәжірибе жүріп жатыр.
Қазақстан ЕКПА, Еуропа кеңесінің мүшесі бола алады. Еуропа кеңесінің құрамында 47 ел бар. Ол ең алдымен, адам құқығы үшін жұмыс істейді, 200-ге тарта халықаралық конвенциясы бар. Түркияның, мәселен, жерінің 3 пайызы ғана Еуропа аумағында жатса да, ЕКПА мүшесі саналады. Бірақ бұл мәселені айналып келгенде Қазақстан билігі шешеді. Қазақстанның қазіргі сайлауындағы кандидаттардың қай-қайсысы да осал емесін білемін. Менің ойымша, Қазақстан сайлау арқылы саясаттағы тың бағдарларға іздеу салып жатыр.
Хамид ХАМИД,
Болгария Республикасы парламентінің депутаты:
– Болгарлар бұл сайлауға үлкен құраммен келді. Біздің делегацияның құрамында бақылаушылардан бөлек Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, журналистер де бар. Сайлаудан бір күн бұрын Орталық сайлау комиссиясында бірнеше кездесу өткізсек, кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше учаскеге бардық, бақылау жасадық. Ең бастысы, халықтың алаңсыз дауыс беруіне заңнамалық тұрғыдан да, ұйымдастыру тұрғысынан да барлық жағдай жасалған. Барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілген деп айтуға болады. Бұл додада Қазақстан халқы жеңді.
Петко ДРАГАНОВ,
Болгария СІМ саяси мәселелер жөніндегі
бас дирекциясының бас директоры:
– Қазақстандағы сайлауды өз елімдегі саяси науқандармен салыстырсам, мұндағы сайлаушылардың белсенділігін ерекше атар едім. Бізде жуықта Еуропарламент сайлауы өтті. Ондағы сайлаушылардың белсенділігі мен қазақстандықтардың белсенділігін салыстыруға да келмейді. Бізде қазір сайлау мейлінше адамның қатысынсыз, машинаның көмегімен жүзеге асады. Ол прогресс сіздерге де көп уақыт өтпей жетеді деп үміттенемін.
Виолета ПОРОВСКА,
Польшадан келген халықаралық бақылаушы:
– Қазақстандағы сайлауға сайлау учаскелерінің барлығы өте жақсы дайындалғанын атап өткім келеді. Халықаралық бақылаушылардың жұмысына ешқандай шектеу қойылмаған. Біз бір-бірімізге сұрақ қойып, барлық процесті бақылап отырдық. Бір учаскеде 47-ші байқаушы болып қатыстым. Яғни, бұл сайлауды көп елдің байқаушылары бақылап отыр деген сөз. Сайлау әділ әрі ашық өтті. Мүгедек адамдарға дауыс беруге жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға позициясын білдіруге бар мүмкіндік берілді. Жабық учаскеде – №4 ауруханада да болдым. Ол жерде жүре алатын науқастар өздері барып дауыс берсе, төсекте жатқан науқастардың конституциялық құқын пайдалануға да мүмкіндік берілді.
Кахабер ОКРИАШВИЛИ,
Грузия парламентінің депутаты:
– Грузиядан үш байқаушы келдік. Таңертеңнен өзімізге міндеттелген жұмысқа кірістік. Артық іс-әрекет немесе басқалай тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған, яғни ұйымдастырушылық жағынан кемшілікті байқамадық. Біз барлығы 5 сайлау учаскесінде болуымыз керек. Негізінен біздің байқаушы ретінде кез келген сайлау учаскесіне барып, жұмысымен танысуға құқығымыз бар. Қазақстанда өткен сайлауға алғаш қатысуым. Грузия парламентіне 4 рет депутат ретінде сайланғанмын. Сайлаудың жұмысы мен ережесін жақсы білемін. Сондықтан әрбір сайлау учаскесіндегі жұмыс процесіне қырағылық таныттым. Мені таңғалдырғаны – халықтың белсенділігі, біз барған сайлау учаскелерінде халық дауыс беру үшін кезекке тұрды.
Кришна КЕНГАППА,
ШЫҰ бақылаушылар миссиясының мүшесі:
– Бұл миссияға екі ай бұрын дайындала бастадық. Ал Қазақстанға сайлауға дейін апта бұрын келдік. Орталық және жергілікті сайлау комиссиялары бізге барынша көмек көрсетті. Сайлауға және оны өткізу тәртібіне қатысты барлық қажетті ақпаратты ұсынды. Біздің бақылаушылар Қазақстанның 8 қаласында, барлық өңірде жұмыс істеді және олардан келіп жатқан есептерге сүйенсек, сайлау учаскелерінде барлығы жақсы өтті. Қазақстан сайлауға өте мұқият дайындалғаны көрініп тұр.
Қазақстан ШЫҰ-да үлкен рөл атқарады. Ол осы ұйымның жетекші елдерінің бірі. Жақында Нұр-Сұлтанда ШЫҰ көшбасшыларының кездесулері өтті. Онда Қазақстанның әлемдік саясаттағы рөлі ерекше екені атап өтілді. Себебі, ол Орталық Азияның ең ірі елдерінің бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл сайлау өте маңызды.
Юркан Жонаш ФЛОРИШ,
Румыниялық бақылаушы:
– Алматыда Президент сайлауы ашық әрі обьективті өтті. Күні бойы 10 сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесін бақылап көрдік. Маған Қазақстандағы сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Басты байқағаным, сайлауға жастар көп келді. Бұл – жас буын өкілдерінің ел болашағына немқұрайлы қарамайтынын білдірсе керек. Сайлаушылардың дауыс беруге келу көрсеткіші өте жоғары. Түске дейін тіркелген сайлаушылардың 10-20 проценті дауыс беруге келді. Бұл – жоғары көрсеткіш.
Владимир КРАВЧЕНКО,
Ресей Федералды жиынының
Федерация кеңесінің мүшесі:
– Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрмын. Сол себепті, екі күннің ішінде қаланы аралап, көрікті орындардан ерекше әсер алдым. Елорданы аралап жүріп, астананың осы қалаға ауыстырылуының көреген шешім екеніне көзім жетті. Қаланың сәулеті мен сымбаты ерекше екен.
Біз, алдымен, сайлау учаскелерінде тәртіп бұзушылық болды ма, жоқ па деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Техникалық тұрғыда белгілі бір жағдайлар кездесті. Мәселен, халықтың көбі сағат таңертеңгі оннан кейін барғаннан соң болар, ұзын-сонар кезек туындаған жағдай кездесті. Кейбір адамдар тізімнен өз атын іздеп таппай жатты. Бірақ бұл мәселелер жедел шешіліп жатқанын атап өту керек. Өзім аралаған сайлау учаскелерінде халықтан ешқандай шағым түспеді. Бәрі де Конституцияға сай жүрді.
Этто РОЗАТТО,
Италия парламенті
спикерінің орынбасары:
– Шетелдік байқаушы ретінде сайлау барысын бақылап қайттық. Бірнеше сайлау учаскесіне барып, халықпен, шетелдік делегаттармен, тіпті президенттікке кандидаттардың өзімен тілдесіп үлгердік. Әрбір сайлау учаскесіндегі ұзын-сонар кезекті көру – өте жақсы белгі дер едім. Бұл жағдай осы елде демократия жақсы дамығанын көрсетеді.
Қытай мен Ресей арасында орналасқан Қазақстан қазіргі уақытта ойлы саясат жүргізіп отыр. Саясаттың осынау тепе-теңдігінің маңызы өте зор.
Арман ДӘУЛЕТИЯРОВ,
Ресейлік «Муз-ТВ» телеарнасының
бас директоры:
– Өз басым ешқандай құқықбұзушылық байқаған жоқпын. Қазақстан Президентінің сайлауы Халықаралық құқық стандарттарына сәйкес өтті. Адамдар белсенді дауыс берді. Сайлау учаскелерінде бәрі ұйымдастырылған. Мен халықаралық бақылаушы ретінде 10-ға жуық учаскеге бардым. Халық өте көп. Кейбір учаскелерде тіпті кезек қалыптасқан. Мен аралаған учаскелерде дауыс беруші жастар көп болды. Сайлауға келген жастар мені танып, таңданып жатты. Кеше ғана «Муз ТВ» сыйлығында жүрген мені бүгін осы арадан көреміз деп ойламаса керек. Мен үшін бақылаушы ретінде, қазақ ретінде тарихи Отанымдағы сайлауға атсалысуым зор мәртебе.
Айдана БЕГІМ