Мұнай құны құлдырап, доллар өсіп, жаһанды коронавирус жайлаған кезеңде Қазақстандағы жалпы көлік сатылымы 40 пайыз кеміп кетті. Автонарықта сауда-саттық тұралап қалды. Мәселен, карантин режимі енгізілгенге дейін Kolesa.kz сайтын 2 млн-нан астам адам қолданатын. Карантин кезінде тұтынушылардың белсенділігі күрт төмендеген. Алайда көлік бағасы түспей тұр. Оған бірнеше фактор әсер еткен.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, ең үлкен фактор – теңгенің құнсыздануы. Демек, белгілі дәрежеде жаңа көліктер қымбаттай бермек.
Жуырда Қазақстан автобизнес қауымдастығы 2020 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша мәліметтерді ұсынды. Оның дерегіне үңілсек, жаңа көліктердің, керісінше өтімділігі ұлғайған. Зауыттан құрастырылып шыққан автомобильдер сегментінде сатылым 2019 жылдың наурыз айымен салыстырғанда 40 пайыз көтерілген. Яғни, былтырға қарағанда биыл алғашқы тоқсанда 6 377 жеңіл көлік артық саудаланған.
2020 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында қазақстандықтар көлік сатып алуға 168 млрд теңге жұмсаған. Оның қатарына жеңіл автокөліктер, автобустар мен жүк көліктері кіреді. Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, жыл басынан бері елде 17 846 дана автокөлік иесін тапқан.
– Біз биыл наурыз айында автомобил нарығында көлік сатылымының ең жоғары деңгейін байқадық. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға жету – өте жақсы көрсеткіш. Бұған автомобиль нарығындағы сұраныстың артуы мен АҚШ долларының бірден көтеріліп кетуі себеп болды. Халық көлік қымбаттап кетеді деген үреймен автомобилдер алып қалуға асықты. Ал наурыз айының соңына қарай елде карантинге орай ХҚКО жабылып қалса да, дилерлер қашықтан сатылымды тоқтатқан жоқ. Ал мемлекет те онлайн түрінде көліктерді тіркеуге қоюға қадамдар жасады. Сәуір айы автосалондар үшін қиын кезең болатын түрі бар, – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.
Сонымен, биыл алғашқы тоқсанда сатылым жағынан Ravon көлігі көш бастапты. Өйткені осы марканың жаңа түрлері нарыққа шыққан. Оны Қостанайдағы автомобиль зауыты конвейерге қойды. Жақында бұл авто Chevrolet брендімен сатылады. Қаңтар-наурыз аралығында дәл осындай 1 873 автомобиль сатылған. Наурыздың соңында «Сарыарқа Автопром» Chevrolet маркасымен Damas, Labo, Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Onix және Spark моделдерін құрастыруды бастады. Зауыт жылына 26 мың автомобиль шығаруды жоспарлайды.
Ең өтімді автомобилдер нарығын бұрынғыдай Ресейдің автоөндірісі бастап тұр. Lada-ның бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан, көп сатылатын көліктер тізімінің ұшар басына сол жайғасқан. Одан кейін корей автоөндірісінің мақтанышы Hyundai маркасының 3 094 данасы саудаланған. Ал үштікті Toyota түйіндейді. Оның 2 653 данасы сатылғанымен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайыз аз өтіпті.
Автокөлік моделдері ішінде Lada Granta – 1 628 дана, Ravon R3 Nexia – 1 354 дана, Kia Rio – 1 205 дана, Toyota Camry – 1 159 дана, Hyundai Tucson – 1 081 дана, ал Lada Vesta-ның 937-сы дана сатылған. Ravon R3 Nexia өтімділігі жағынан әйгілі Toyota Camry седаны мен Hyundai Tucson кроссоверін де басып озған.
Қазақстандағы Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыров карантиннен кейін шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектері де қымбаттауы мүмкін деп санайды. Оған екі себеп бар. Біріншісі тағы да сол доллармен байланысты. Одан кейін шекараның жабылуы да бұл нарыққа кесірін тигізеді. Бұл жағдай елдегі автобөлшектердің тапшылығына әкеп соғуы ықтимал. Себебі тауардың 90 пайызы бізге сырттан импортталады.
– Автобөлшектер – ең қажетті заттардың бірі. Сондықтан оған сұраныс азаймайды. Бірақ жұрт қаржысы аз болғандықтан арзан, сапасыз затқа ұмтылады. Салдарынан нарықта контрафакталық тауар көбеюі ғажап емес. Қазірдің өзінде тауардың түпнұсқасы қазақстандықтар үшін өте қымбат. Сондықтан бағасы арзан баламасын сатып алып жүрміз. Бұрын ол түпнұсқадан екі есе арзан болатын. Шекаралар жабылып, сатушыларда тауар азайған сайын олар да қымбаттап барады, – дейді маман.
Тәуелсіз автобизнес одағының басқама мүшесі Мақсат Мейірмановтың ойынша, карантин аяқталған соң автокөлік құны кем дегенде 20 пайызға шарықтайды. Сарапшылар оны төтенше жағдаймен емес, доллардың өсуімен байланыстырады. Шетел валютасына байланған барлық өндіріс ошақтары мен дилерлік орталықтар бағасын ауыстыруға мәжбүр болады.
– Әрине, баға бірден 20 пайызға көтеріліп кетеді деп айта алмаймыз. Оның ауыртпашылығын тұтынушы сезінбес үшін ақырындап көтеріледі. Клиенттердің сұранысы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Қалтасындағы ақшасына қарай пікірін өзгертіп, неғұрлым арзанын іздейтіндерді айтып отырмын. Мысалы, Mercedes өз тауарын 20 пайызға арттырса, Lexus өндірушілермен келісіп, 12-1 пайызға асықпай көтеруі мүмкін. Ең өкініштісі, тұтынушы үшін таңдау еркіндігі анағұрлым азаяды, – дейді Мақсат Мейірманов.
Ал экономист Мақсат Халық мүлде басқаша пайымдайды.
– Азаматтар өздерінің депозиттегі салымын ұлғайтып жатыр. Бірдеңе сатып алудан гөрі қаржысын жинауға кіріскен. Бұл дегеніңіз сұранысты төмендетеді. Күзге қарай біз автокөліктердің, оның ішінде ескі автокөліктердің бағасының біраз түсетінін байқаймыз, – дейді ол.
Қысқасы, бір-біріне қарама-қайшы пікір көп. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс – оны уақыт көрсетеді.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ