Қағазға көмілген мұғалім
Қағазға көмілген мұғалім
175
оқылды
Білім және ғылым министрлігі мектеп мұғалімі толтыруы тиіс құжаттар тізімін жариялады. Осылайша, жауапты орган  маманды қағазбастылықтан құтқарамыз десті. Ұстаздар бастапқыда қуанғанымен, тізімді көргенде көңілі су сепкендей басылды. Өйткені олар жиынтық бағалау бойынша талдау жұмысын жасауы керек. Министр Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында мұғалім толтыратын құжатқа рет-ретімен тоқталды. Оның ай­туынша, енді пән мұғалімі күнде­лік­ті екі құжатты толтырады. Бірін­шісі – сынып журналы, екін­­шісі – сабақ жоспары. Сон­дай-ақ оқу жылының басында күн­тізбелік-тақырыптық жоспар­ды дайын­дайды және әр тоқсан соңында критериалды бағалау бойын­ша құжаттарды толтырады. Ал кри­териалды бағалауға қатыс­ты қандай құжат толтыруы керек? Білім және ғылым минис­трі­нің №130 бұйрығына сәй­кес, 8 қосымша бойынша жиын­тық бағалау жүргізу қорытын­ды­ларына талдау жасау керек. «Баға­лау бойынша талдау жасағанның несі жұмыс?» деп уәж айтуыңыз мүмкін. Қазіргі бағалау жүйесіне үңілсек, бұл – кәдімгідей жұмыс. Жеңісгүл Иргареева есімді мұғалім әлеуметтік желідегі қы­зу талқыда мұны мысалмен түсін­діріп берді. «Мысалы, мұғалім 10-сыныпқа сабақ береді дейік. Әр сыныпта шамамен 25 оқушы бар. Енді жиынтық бағалау алу үшін ол 250 параққа тапсырма шы­­ғарады. Мұны тексерудің өзі бір­шама жұмыс. Егер осыған қо­сым­­ша есеп жазу керек болса, мүл­­де ақыл­ға сыймайды», – дейді ол. Ал бастауыш сынып мұ­ға­лімі Аяужан Нұрланқызы ми­нистрліктің қағазбастылықтан құтқаратын құжатына қатысты ақпаратты естігенде төбесі көкке жеткенін айтады. Мұғалімнің бала оқытып, тәрбиелегеннен шар­шамайтынын, қағазға көміліп қажитынын атап өтті. Бірақ құ­жатты мұқият оқып шыққан соң пікірі өзгеріп сала берген. «Бір құжаттың ішінен екінші құжат, оның ішінде – талдау мен есеп. Тағы сол ұзын сонар, бітпейтін қағаз. Жиынтық бағалау жұмысын талдаудың не қажеті бар?» – дейді бастауыш сынып мұғалімі. Аяужан Нұрланқызының сөзіне сүйенсек, осыған дейін олар ТЖБ бойынша талдау өт­кіз­ген. Бірақ талдаудан нәтиже шы­ғар­ған, мониторинг жасап, мұ­ғалім­мен кері байланыс орнатып, қо­лына әдістемелік нұсқаулық ұс­тат­­қан жан болмаған. Ол өткізген есе­бінің бір бұрышта қат-қат бо­лып жи­налып тұрғанына сенімді. «Талдаудың пайдасын, тиім­ділігін, маңызы мен мәнін түсін­діріп берер біреу бар ма? Менің­ше, бұл басы артық жұмыс. Мұны аз дегендей, БЖБ бойынша есеп дайындап, өткізу керек екен. Ру­брика мен модерация деген тағы бар. Оқушы жұмысын тексергенде онсыз да анализ жасап, келесі са­бақта түзетуге тырысамыз. Ол мұға­лімнің өзі үшін керек. Талдауды басшылыққа өткізіп, жинағаннан кім не ұтпақ?», – дейді Аяужан Нұрланқызы. Белгілі ұстаз Мейіржан Темірбек те әріптестерінің айт­қа­нына қосылады. Есеп туралы әлеу­меттік желіде жазған жазбасында жаңартылған білім беру жүйесі қағазды көбейткенін алға тартады. «Енді тоқсандық бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалауға оның сарап­тамасы қосылды. Бұл сарап­тама білім сапасын арт­тыра ма? Жоқ. Сапаны түсіріп отырған оқу­шылардың күнделікті баға­лан­бауы, ынталандырудың жоғы. Әр сабаққа жеке бағалау болуы керек еді. Жинап-жинап тоқсан соңында бағалағанда бір­деңе өзгере ме? Жиынтық бағалау+рубрика+сараптама. Назарбаев Зияткерлік мектептері­нің, олардың дарынды балаға ар­налған «технологиясын» орта мек­тепте тықпалау кімге керек?», – дейді ол Facebook-тегі парақшасында. Ал Білім және ғылым ми­нистрлігі басқаша ойлайды. Бас мұғалім әлеуметтік желіде ша­мадан тыс есеп беруден арылту және құжаттама үлгілерін біріз­ден­діру мұғалім жүктемесін жеңіл­дететінін жазған. Барлық білім беру ұйымының назарында тек білім алу болуы тиіс екенін айтқан-ды. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет деп есептейді. Сондай-ақ министр ұстаздың балалармен жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керегін атап көрсеткен. Бірақ мұғалімдер құжат санын азайтамыз деп есеп беруді жүктеп қойғанына наразы. Олар оқушы білімін бағалау жүйесін қайта қарауды жиі айтып жүр. Қазір мұғалімдер бөлім бо­йынша жиынтық бағалау қоры­тындысын жасап әлек. Оның үстіне қашықтан оқығасын жауа­бын әлі жібермей жатқан оқушылар бар екен. Енді «жы­ғылғанға жұдырық болғандай» оған талдау қосылса, мұғалімдер әуре-сарсаңға түсері анық. Олар қашықтан оқытуды WhatsApp мессенджері мен Classroom қосымшасы арқылы жүзеге асырады. Ағылшын тілі мұғалімі Перизат Біләлқызының айтуынша, таңертең басталған сабақ кері байланысты қосқанда түнгі 22:00-23:00-де аяқталады. Ауылда кей оқушы тапсырманы ертесі жібереді. Мұғалім бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын 2-3 күн дегенде жинап шыққан. Сондықтан есеп тапсыру жұмыс үстіне жұмыс екенін жеткізді. Президент білім жүйесіндегі ахуалды басты назарда ұстайды. Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс» дегені бар. Мемлекет басшысы да қашықтан оқытудағы кей тұстың кем болғанын қаламайды. Сондықтан екпінді бағалау жүйесіне түсіріп тұр. Мұны түй­сінген министрлік те әр тоқсан соңында критериалды бағалау бойынша құжат толтыруды негізге алған сыңайлы. Жоғарыдан пәрмен келгесін мұғалім құжат десе құжатын, есеп десе есебін дайындайтыны белгілі. Бөлім бойынша жиынтық бағалауға талдау жүргізу келесі оқу жылында іске асуы мүмкін. Егер ұстаз сөзі билікке жетер болса, есеп беріп шаршамайтын болар. Бірақ олардың бағалау жүйесі сөз болғанда айтары бір. Мұғалімдер оқушыны жауапкершілікке тәрбиелейтін күнделікті бағалау жүйесін сағына еске алады. Ал қалыптастырушы бағалауға баланың немқұрайды қарайтынын айтады.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ