Білім және ғылым министрлігі мектеп мұғалімі толтыруы тиіс құжаттар тізімін жариялады. Осылайша, жауапты орган маманды қағазбастылықтан құтқарамыз десті. Ұстаздар бастапқыда қуанғанымен, тізімді көргенде көңілі су сепкендей басылды. Өйткені олар жиынтық бағалау бойынша талдау жұмысын жасауы керек. Министр Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында мұғалім толтыратын құжатқа рет-ретімен тоқталды. Оның айтуынша, енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалды бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Ал критериалды бағалауға қатысты қандай құжат толтыруы керек? Білім және ғылым министрінің №130 бұйрығына сәйкес, 8 қосымша бойынша жиынтық бағалау жүргізу қорытындыларына талдау жасау керек. «Бағалау бойынша талдау жасағанның несі жұмыс?» деп уәж айтуыңыз мүмкін. Қазіргі бағалау жүйесіне үңілсек, бұл – кәдімгідей жұмыс. Жеңісгүл Иргареева есімді мұғалім әлеуметтік желідегі қызу талқыда мұны мысалмен түсіндіріп берді. «Мысалы, мұғалім 10-сыныпқа сабақ береді дейік. Әр сыныпта шамамен 25 оқушы бар. Енді жиынтық бағалау алу үшін ол 250 параққа тапсырма шығарады. Мұны тексерудің өзі біршама жұмыс. Егер осыған қосымша есеп жазу керек болса, мүлде ақылға сыймайды», – дейді ол. Ал бастауыш сынып мұғалімі Аяужан Нұрланқызы министрліктің қағазбастылықтан құтқаратын құжатына қатысты ақпаратты естігенде төбесі көкке жеткенін айтады. Мұғалімнің бала оқытып, тәрбиелегеннен шаршамайтынын, қағазға көміліп қажитынын атап өтті. Бірақ құжатты мұқият оқып шыққан соң пікірі өзгеріп сала берген. «Бір құжаттың ішінен екінші құжат, оның ішінде – талдау мен есеп. Тағы сол ұзын сонар, бітпейтін қағаз. Жиынтық бағалау жұмысын талдаудың не қажеті бар?» – дейді бастауыш сынып мұғалімі. Аяужан Нұрланқызының сөзіне сүйенсек, осыған дейін олар ТЖБ бойынша талдау өткізген. Бірақ талдаудан нәтиже шығарған, мониторинг жасап, мұғаліммен кері байланыс орнатып, қолына әдістемелік нұсқаулық ұстатқан жан болмаған. Ол өткізген есебінің бір бұрышта қат-қат болып жиналып тұрғанына сенімді. «Талдаудың пайдасын, тиімділігін, маңызы мен мәнін түсіндіріп берер біреу бар ма? Меніңше, бұл басы артық жұмыс. Мұны аз дегендей, БЖБ бойынша есеп дайындап, өткізу керек екен. Рубрика мен модерация деген тағы бар. Оқушы жұмысын тексергенде онсыз да анализ жасап, келесі сабақта түзетуге тырысамыз. Ол мұғалімнің өзі үшін керек. Талдауды басшылыққа өткізіп, жинағаннан кім не ұтпақ?», – дейді Аяужан Нұрланқызы. Белгілі ұстаз Мейіржан Темірбек те әріптестерінің айтқанына қосылады. Есеп туралы әлеуметтік желіде жазған жазбасында жаңартылған білім беру жүйесі қағазды көбейткенін алға тартады. «Енді тоқсандық бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалауға оның сараптамасы қосылды. Бұл сараптама білім сапасын арттыра ма? Жоқ. Сапаны түсіріп отырған оқушылардың күнделікті бағаланбауы, ынталандырудың жоғы. Әр сабаққа жеке бағалау болуы керек еді. Жинап-жинап тоқсан соңында бағалағанда бірдеңе өзгере ме? Жиынтық бағалау+рубрика+сараптама. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, олардың дарынды балаға арналған «технологиясын» орта мектепте тықпалау кімге керек?», – дейді ол Facebook-тегі парақшасында. Ал Білім және ғылым министрлігі басқаша ойлайды. Бас мұғалім әлеуметтік желіде шамадан тыс есеп беруден арылту және құжаттама үлгілерін біріздендіру мұғалім жүктемесін жеңілдететінін жазған. Барлық білім беру ұйымының назарында тек білім алу болуы тиіс екенін айтқан-ды. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет деп есептейді. Сондай-ақ министр ұстаздың балалармен жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау керегін атап көрсеткен. Бірақ мұғалімдер құжат санын азайтамыз деп есеп беруді жүктеп қойғанына наразы. Олар оқушы білімін бағалау жүйесін қайта қарауды жиі айтып жүр. Қазір мұғалімдер бөлім бойынша жиынтық бағалау қорытындысын жасап әлек. Оның үстіне қашықтан оқығасын жауабын әлі жібермей жатқан оқушылар бар екен. Енді «жығылғанға жұдырық болғандай» оған талдау қосылса, мұғалімдер әуре-сарсаңға түсері анық. Олар қашықтан оқытуды WhatsApp мессенджері мен Classroom қосымшасы арқылы жүзеге асырады. Ағылшын тілі мұғалімі Перизат Біләлқызының айтуынша, таңертең басталған сабақ кері байланысты қосқанда түнгі 22:00-23:00-де аяқталады. Ауылда кей оқушы тапсырманы ертесі жібереді. Мұғалім бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмасын 2-3 күн дегенде жинап шыққан. Сондықтан есеп тапсыру жұмыс үстіне жұмыс екенін жеткізді. Президент білім жүйесіндегі ахуалды басты назарда ұстайды. Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс» дегені бар. Мемлекет басшысы да қашықтан оқытудағы кей тұстың кем болғанын қаламайды. Сондықтан екпінді бағалау жүйесіне түсіріп тұр. Мұны түйсінген министрлік те әр тоқсан соңында критериалды бағалау бойынша құжат толтыруды негізге алған сыңайлы. Жоғарыдан пәрмен келгесін мұғалім құжат десе құжатын, есеп десе есебін дайындайтыны белгілі. Бөлім бойынша жиынтық бағалауға талдау жүргізу келесі оқу жылында іске асуы мүмкін. Егер ұстаз сөзі билікке жетер болса, есеп беріп шаршамайтын болар. Бірақ олардың бағалау жүйесі сөз болғанда айтары бір. Мұғалімдер оқушыны жауапкершілікке тәрбиелейтін күнделікті бағалау жүйесін сағына еске алады. Ал қалыптастырушы бағалауға баланың немқұрайды қарайтынын айтады.