Статистикаға жүгінсек, әлемде жыл сайын 250-300 мың адам суға кетеді екен. Ал олардың басым бөлігін жүзе білетіндер мен жас жеткіншектер құрайды. Елімізде де тілсіз жаудан өлім құшатындар өте көп. Мәселен, соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласында адам суға кетіп, қайтыс болыпты.
Осы жылдың алғашқы 4 айында елімізде 28 адам судан ажал құшқан. Оның 10-ы жасөспірім балалар. Әрі бұл суға шомылу маусымы басталмағандағы жағдай. Жыл басынан бері республика бойынша 18 балықшының суға бату оқиғасы тіркеліпті. Оның 5-еуі мұз астына түсіп кеткен.
Әрине, мұндай оқыс оқиғалардың дені қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болып отыр. Оның соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталатыны өкінішті. Құтқарушылар да жағажайға шомылуға келген адамдар белгіленген аймақтан асып шомылатынын, көпшілігі шомылуға тыйым салынған, қауіпсіздік шаралары сақталмаған орындарда суға түсуге әуес екенін жоққа шығармайды. Олардың айтуынша, азаматтардың бейқамдығы мен салғырттығы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырады екен.
Төтенше жағдайлар комитеті еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жылы ауа райының басталуын, карантин режимінің жеңілдетілуін ескере отырып, азаматтарды су айдындарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, арнайы жабдықталмаған суға шомылу аймақтарында қауіп қашанда басым.
– Суға түсу маусымы жақындап келеді. Сақтық шараларын сақтаңыздар. Демалыс орындарында ішімдікті шамадан тыс пайдаланып суға түспеңіздер. Балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару жилетін киген жөн. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, оларды үй жанындағы каналдар мен арықтарға жібермеңіздер, белгіленбеген орындарда суға шомылмаңыздар, ауладағы құдық пен хауыздардың бетін ашық қалдырмаңыздар. Қай кезде де сақтанып жүргендеріңіз абзал, – дейді сала мамандары.
Қазіргі таңда елімізде суға түсуге арналған 107 қалалық, 500 жеке жағажайлар бар. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге 1 510 ескерту белгілері, адам өлімі болған жерлерге 378 көрнекі стенд орналастырылған. Сондай-ақ биыл елордада суға түсетін қосымша 10 орын ашылады. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі елордада тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша халық шомылатын 23 орын анықталғанын хабарлады. Оның 3-еуіне рұқсат етілген (орталық жағажай, «Үш мөңке» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары), ал 20 орын – тыйым салынған жерлер екен. Сонымен қатар 10 учаскеде қалалық тегін жағажайлар (Алматы-3, Байқоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3) қосымша ашуды қарастыру ұсынылады.
– Суға шомылу кезеңіне дайындықты күшейтіп жатырмыз. Соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 43 адам суға кетіп, қайтыс болған. Оның әрбір үшіншісі – 9-15 жас аралығындағы бала. Соңғы үш жылда 50 адамды суға кетіп қалудан сақтап қалдық, оның ішінде 14-і – бала. Қазір қалалық әкімдікпен бірлесіп суға түсетін жерлердің бәрін тексеріп, қарап шықтық, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар комитетінің бастығы, полковник Бауыржан Сыздықов.
Ол сонымен қатар Есіл өзенінде барлығы 90 тыйым салатын белгі, 20 ақпараттық стенд, 20 жүзгіш қалтқы орнатылғанын айтып отыр. Суға шомылу кезеңінде күнделікті патрульдеуге жеке құрамның 20 адамы, 14 қайық пен 1 су гидроциклі, сондай-ақ қоғамдық құтқарушылар қатарынан 30 адам және қала әкімдігінің Азаматтық қорғаныс орталығын қамтамасыз ету орталығынан 15 адам қатысатыны да белгілі болды.
Өткен жылы ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер төтенше жағдайға байланысты мынандай мәлімдеме жасаған екен.
– Елде балық аулауға, шаруашылыққа және шомылуға қолданылатын 50 мың су қоймасы бар. Ал барлық өңірлердегі құтқарушылардың саны – 1 380. Олардың саны бір су қоймасына 1 құтқарушыдан қоюға да жетпейді. Жыл сайын Қазақстанда 1 200-1 400 адамға суға бату қаупі төнеді, олардың тек 800-900-ін ғана құтқаруға мүмкіндік бар. Трагедия, негізінен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болады, – депті комитет төрағасы.
Расымен кез келген апатты жағдайдың алдын алуға, сақтық шараларын қатаң түрде сақтау арқылы қол жеткізуге болады. Әрі қауіпсіздік шаралары түрлі қауіп-қатерлердің алдын алатынын есте ұстаған жөн. Сондықтан сақ жүрейік. Сақтанғанды Құдай да сақтайды.