Төтенше жағдай режимі аяқталып, бірқатар кәсіпорынның жұмыс істеуіне байланысты Алматыда туындаған бір мәселе бар. Ол – карантин басталған кезде балаларды коронавирустан қорғау мақсатында жабылған балабақшалар жайы. Біраз күннен бері ата-анасы жұмысқа кеткенде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің кіммен, қайда қалатыны, сондай-ақ балабақшалардың іске қосылуы талқыланып жатыр. Бұдан бұрын Алматыда штабтың ерекше өкіміне дейін сақталатын карантин кезінде балабақшалар қалай жұмыс істейтіні жайлы қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеме жасаған.
«Әр балабақшада 50 пайыз ғана бала топталған жағдайда ашуға рұқсат беріледі. Сонда бүкіл балабақшада ауру таралу мүмкіндігі төмендейді. Балабақшаларға дезинфекциялық санитарлық талаптарды күшейтіп жатырмыз. Әр балабақша 15 минут-1 сағат ішінде желдетілуі тиіс. Ойыншықтарды, есік тұтқаларын 2 рет зарарсыздандыру талап етіледі. Балаларға жұмсақ ойыншықтарды беруге тыйым салынады. Балалардың жатын орындарында әр төсектің арасы 1 метр болуы керек», – деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ ол тәрбиешілер мен қызметкерлерден міндетті түрде қолғап киіп, бетперде тағу талап етілетінін айтты. Ауруды жұқтыру қаупі жоғары жүкті әйелдер мен қарт адамдарға балаларды балабақшаға әкелуге рұқсат берілмейді.
«Бұл үшін әр ауданда балабақшаларды қабылдаушы арнайы топтар құрылады. Топқа білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық санитарлық мекеме қызметкерлері кіреді. Олар бірлесіп барлық бақшаны қарап шығады. Тексеру барысында заңбұзушылықтар тіркелсе, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, балабақша жабылады», – деді бас санитар.
Бекшин мырзаның осы мәлімдемесінен кейін қалада екіұдай пікір қалыптасты. Бірі – «Балаларды үйде ұстап отырмай, тәуекелге бел буып балабақшаға беру керек» деген пікірді қолдаса, екіншілері «Бұл – қауіпті, балаларымыздың денсаулығы, өмірі біз үшін бәрінен де маңызды. Сол себепті мұндай тәуекелге бара алмаймыз» деген пікірін білдірді.
Көпшіліктің пікірімен санасты ма, әлде әлі де болса қауіптің сейілуін күте тұру керек деген шешімге келді ме, Жандарбек Бекшин бұрнағы күні «Қалада коронавирустың күнделікті өсімі 2 пайызға төмендеген жоқ. Сондықтан балабақшаларды ашуға асықпаймыз» деген ойын ашып айтты. Ол өз кезегінде қазіргі таңда балабақшаларда кезекші топтар ашу жайы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Анығы – бұл мәселе әлі нақты шешілген жоқ. Балабақшаларды ашу жайы әзірге бас санитарлық дәрігердің қаулысына енгізілмеген. Өйткені мектепке дейінгі мекеме – ауру тез таралатын жер. Онда балалардың болуы жағдайды тіптен ушықтырады. Сондықтан қаланың бас санитары әзірге шешім қабылдауға асықпаған абзал екенін ескертті.
Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы біртіндеп жанданған күннің өзінде бұл салада түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселе бар. Елімізде балабақшаның біразы жекеменшік. балалардың толық келмеуі жеке кәсіпкерлердің құзырындағы бақшалар ғимарат ақысын, қызметкерлердің еңбек төлемін, коммуналдық төлемдерді төлеу мен басқа да шығындарды жабуда қиындық тудыруы мүмкін. Ғимарат қожайыны ақыны толық не жартылай төлеуге мәжбүрлесе, балабақша шығынын жабу оңай болмасы анық.
Білім және ғылым министрлігінің хабарламасына қарағанда, COVID-19 инфекциясын жұқтыру деңгейі жеті күн бойы 7 пайыздан аспаса, санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып мектепке дейінгі мекемелерді іске қосуға болады. Министрлік балабақшаларды іске қосудың алгоритмін жасап, аймақтық білім басқармаларына жолдаған. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қай кезде жұмысын бастайтынын жергілікті білім басқармасы мен бөлімшелері шешеді. Балабақша меңгерушісі балалар мен қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне жауапты. Егер балабақшалар жұмысын бастаған жағдайда бірінші кезекте жұмыс істейтін және баласын үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ ата-аналардың балалары қабылданады. Қалған балалар ата-аналарының қалауы бойынша балабақшаға тартылады.