Жолың болсын, «Абай»!
Жолың болсын, «Абай»!
193
оқылды
Осы аптаның бейсенбісінде Оралдағы кеме жасауға маманданған «Зенит» зауытының кезекті өнімінің сауырына су тиді. Үшбу кәсіпорынның бұл жолғы өнімі шекара қызметі үшін тұңғыш рет жасалған маневрлік тұрақ бекеті (МТБ). Енді осы қалқымалы теңіз айлағы Шаған өзені арқылы Кас­пий теңізіндегі жағалау күзетіне жауапты мекемеге жол тартпақ. «Зениттің» жаңа «бөпесін» суға түсіру салтанатына Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің Шекара қыз­меті директорының бірінші орын­басары, полковник Айдар Аймырзин, Шекара күзеті де­парта­менті жағалау күзеті бас­қар­ма­сының бастығы, І ран­галы капитан Сабыр Хасанов және «Орал «Зенит зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев қатысты. Со­нымен қатар бұл шараны тама­шалауға Орал қала­сының тұрғын­дары да көп жиналды. – Біз бүгін шекарамыздың қор­ғаныс қабілетін нығайтуға арналған «Зенит» зауыты шығар­ған су ығысты­рымдылығы 500 тонна маневрлік тұрақ беке­тінің суға түсіру шарасына куә болмақпыз. Еліміздегі шекара қызметінің нығаюына зор үлес қосып келе жатқан зауыттың жұ­мысшы-қызметкерлеріне жаңа жетістіктер тілеймін!  – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев өз сөзінде. Содан кейін маневрлік тұрақтау бекеті (МТБ) өзенге түсірілді. Ұзындығы – 50 метр, ені – 10 метр, биіктігі – 4 метр, су ығыс­тырылымдылығы – 500 тонна, энергетикалық қуаттылығы 394 кВт болатын МТП бір мезгілде төрт бірдей кеме-катерге қы­змет көрсете алады. Ұлы ақын­ның есімін иеленген маневр­лік тұрақ пункті жалпы су ығыс­тырылымдылығы 800 тон­наға дейін жететін кемелер мен катер­лердің порттан тыс жерде (ашық теңізде) аял­дауын, су кө­ліктеріне қуат көзін беруді, жүк түсіру және тиеу жұмыс­тарын атқаруды, сондай-ақ су көліктерін 10 тәу­лікке жететін керек-жарақпен қамтамасыз ететін болады. Бұл – шекара­шылар уақытты үнемдеу үшін керемет мүмкіндік. – Сапалы өнімдерімен та­нымал «Зенит» зауытымен 20 жылдан астам уақыт серік­тес­піз. Күні бүгінге дейін бұл кәсіпорынның кон­вейерінен 30-ға жуық кеме-катер шық­ты. Бүгіндері Каспий теңізінің оңтүстік бөлігінде ор­налас­қан кемелер тұрағын жетіл­діру жұмыстары жүріп жа­тыр. Осыған орай, «Зенит» зауыты­ның басшылығымен шекара қыз­меті үшін маневрлік тұрақ­тау бекетін құрастыруға келісім­шарт түзген болатынбыз. Ашық теңізде де, жаға­лауда да тұрақ­тауға ыңғайланып жасалған бұл МТБ, ең әуелі бізді кеме тұрағы жетіспеушілігінен құт­қа­­рады. Осының есебінен уақыт үнемделіп, кемелер мен катерлердің жұмыс тиімділігі артады. Осы тұрақтау бекетіне екі кеме, екі катер бір мезгілде аялдай алады. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Абай»деп аталған маневрлік тұрақтау бекетінде кемедегі жеке құрамның демалып-тынығуына жан-жақты жағдай бар, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары, полковник Айбар Аймырзин.  

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы