Осы аптаның бейсенбісінде Оралдағы кеме жасауға маманданған «Зенит» зауытының кезекті өнімінің сауырына су тиді. Үшбу кәсіпорынның бұл жолғы өнімі шекара қызметі үшін тұңғыш рет жасалған маневрлік тұрақ бекеті (МТБ). Енді осы қалқымалы теңіз айлағы Шаған өзені арқылы Каспий теңізіндегі жағалау күзетіне жауапты мекемеге жол тартпақ.
«Зениттің» жаңа «бөпесін» суға түсіру салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары, полковник Айдар Аймырзин, Шекара күзеті департаменті жағалау күзеті басқармасының бастығы, І рангалы капитан Сабыр Хасанов және «Орал «Зенит зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев қатысты. Сонымен қатар бұл шараны тамашалауға Орал қаласының тұрғындары да көп жиналды.
– Біз бүгін шекарамыздың қорғаныс қабілетін нығайтуға арналған «Зенит» зауыты шығарған су ығыстырымдылығы 500 тонна маневрлік тұрақ бекетінің суға түсіру шарасына куә болмақпыз. Еліміздегі шекара қызметінің нығаюына зор үлес қосып келе жатқан зауыттың жұмысшы-қызметкерлеріне жаңа жетістіктер тілеймін! – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев өз сөзінде. Содан кейін маневрлік тұрақтау бекеті (МТБ) өзенге түсірілді.
Ұзындығы – 50 метр, ені – 10 метр, биіктігі – 4 метр, су ығыстырылымдылығы – 500 тонна, энергетикалық қуаттылығы 394 кВт болатын МТП бір мезгілде төрт бірдей кеме-катерге қызмет көрсете алады. Ұлы ақынның есімін иеленген маневрлік тұрақ пункті жалпы су ығыстырылымдылығы 800 тоннаға дейін жететін кемелер мен катерлердің порттан тыс жерде (ашық теңізде) аялдауын, су көліктеріне қуат көзін беруді, жүк түсіру және тиеу жұмыстарын атқаруды, сондай-ақ су көліктерін 10 тәулікке жететін керек-жарақпен қамтамасыз ететін болады. Бұл – шекарашылар уақытты үнемдеу үшін керемет мүмкіндік.
– Сапалы өнімдерімен танымал «Зенит» зауытымен 20 жылдан астам уақыт серіктеспіз. Күні бүгінге дейін бұл кәсіпорынның конвейерінен 30-ға жуық кеме-катер шықты. Бүгіндері Каспий теңізінің оңтүстік бөлігінде орналасқан кемелер тұрағын жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай, «Зенит» зауытының басшылығымен шекара қызметі үшін маневрлік тұрақтау бекетін құрастыруға келісімшарт түзген болатынбыз. Ашық теңізде де, жағалауда да тұрақтауға ыңғайланып жасалған бұл МТБ, ең әуелі бізді кеме тұрағы жетіспеушілігінен құтқарады. Осының есебінен уақыт үнемделіп, кемелер мен катерлердің жұмыс тиімділігі артады. Осы тұрақтау бекетіне екі кеме, екі катер бір мезгілде аялдай алады. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Абай»деп аталған маневрлік тұрақтау бекетінде кемедегі жеке құрамның демалып-тынығуына жан-жақты жағдай бар, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары, полковник Айбар Аймырзин.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы