Киізге оралған заң немесе Барлыбек жазған уставтың тарихы
Киізге оралған заң немесе Барлыбек жазған уставтың тарихы
327
оқылды

13 маусым – қазақ тарихындағы маңызды күн. 1911 жылдың 13 маусымында Петерборда тұңғыш рет қазақ халқының профессионалды конституциясы – «Қазақ елінің уставы» жазылды. Авторы – үлкен оқымысты, реформатор, демократ Барлыбек Сырттанұлы. Құқықтық құжат Алаш ұранды қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасымен жазылған. Ескі заманнан тарихи жәдігер болып жеткен саяси құжатқа автор «С.Алашинский» деп қол қойған.

Алаш мұрасының бүгінге жетуінің өзі тарих. 1909-1911 жылдары Патша үкіметінің басшысы П.Столыпиннің аграрлық реформасы бойынша қазақ даласына ішкі Ресейдің қарашекпенділері қоныстанып, жеріміздің ең шұрайлы бөліктерін тартып ала бастады. Жерінен, атақонысынан айырылған қазақ жұрты көтеріліске шығып, талаптарын қояды. Жер-жерде патша үкіметінің алым-са­лы­ғы мен жөнсіз реформаларына қарсы ба­ғытталған түрлі толқулар өткен. Ұлт-азат­тық жолындағы қарсы толқудың бірі – Алматының маңында өткен Ұзынағаш съезі. Съездің қаулысымен халық сенімін арқалап Барлыбек Петерборға аттанған. Сол сапарында Орталық биліктің басшыларымен келіссөз жүргізеді. Бірақ шовинистік билік оның арман-тілегін орындамай, өзінің авторитарлық өктемдігін күшейте түскен. Сағы сынса да, рухы түспеген қайраткер замандасы Әлихан Бөкейханның пәтерінде отырып, бір түнде еуропалық стильдегі жаңа заң жобасын жазады. 15 маусым күні қазақ заңын Думаның қарарына жолдап, тіркетеді. Сөздің ашығын айтқанда, бұратана ұлт өкілінің батыл қадамы патшалық билік құрылымын тітір­кенткен. Сол күннен бастап Барлыбек Сырттанұлы қатаң бақылауға алынады. Ал заң жобасы Дума кең­сесінде-ақ жөргегінен тұн­шық­тырылған.

Барлыбек патшалық биліктің түрлі сатыдағы жоғары қызметтерін атқарып жүргенінде, саяси көзқарасына бай­ланысты «сенімсіз» боп, отставкаға шыққан. Демалысқа шыққан соң, елдік мұрат ісіне шындап кіріскен қайраткер жер үшін, шекараны белгілеу үшін зор істерді тындырады. Конституция жазғанға дейін «Қарқаралы құзырхаты» құжатын даярлауға және 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында өткен бес облыс делегаттарының жиынына қатысып, «Қазақ» конституциялық-демократиялық партиясын құру туралы бастаманы қолдаған-ды. Сонымен қатар Алматы қаласынан Мұсылмандар кітап­ханасының ашылуына, Міржақып Дулатұлының тыйым салынған «Оян, қазақ» кітабын таратады. Қазақ мектеп­терінің ашылуына ұйытқы болады. Осындай әрекеттері үшін ол «Ұлтшылдық элементін қозғады» деген желеумен үш рет қатаң сөгіс те алыпты. 1908 жылы халықшыл Барлыбек биліктегі карьера­сын туған ұлысының мүддесін қорғап барып аяқтаған екен.

1911 жылдың күзінде еліне келіп, «Мамания» мектебінде оқытушылық қызметпен айналысады. Осы уақытта «Қазақ», «Айқап» басылымдары арқылы қазақ оқығандарына хат жазып, жалпы­қазақ съезін өткізу туралы мәселе көте­реді. Ел-жұртты жеке-дара мемлекет құруға үгіттейді. Ақырында, 1914 жылдың 26 қа­ра­шасында аяулы Барлыбек Сырт­танұлы жандармерия жендеттерінің қолынан қаза табады. Оның өлімінен соң жары Еркежан Аталыққызы да тергеуге тартылып, бақылауға алынған. Тіпті Еркежан екі рет Қапалдағы түрмеге қамалды.

Совет заманы орнаған шақта да Бар­лы­бектің балалары саяси қысымның түр-түрін көрген. Абдулқадыр мен Дәрі­бек оқудан шығарылып, «Алаш ісі» бойын­ша жауапқа тартылады. Таш­кент­тегі САГУ-да оқып жүрген Дәрібек Бар­лыбекұлы М.Әуезов, Ж.Күдериндермен бірге қамауға алынған. Жазасын өтеп келген соң, Дәрібек «Халық жауы» емеспін» деп ұлдары Талғат, Самұрат үшеуі 1941-1945 жылдағы соғысқа қатысқан. Соғыстан аман қалған Барлыбектің немересі Самұрат қазақтан шыққан алғашқы алты генералдың бірі болып, Совет үкіметінің әскери ісінің дамуына зор үлес қосқан.



Әуелі 1914, 1915 жылдары, кейін совет кезеңіндегі 1924, 1929, 1936 жылдар аралығында Барлыбектің үйі бір рет емес, әлденеше рет тінтіліп, тексерілген. Осы уақиғалардың бәрін өз көзімен көрген Мүгілсім Абдулқадырқызының айтуына қарағанда, атасының барлық жазған-сызған дүниелері тәркіленіп, өртелгенге ұқсайды. Ал «Қазақ елінің уставы», «Ынтымақ ережесі», «Дәрілік өсімдіктер» сияқты бірқатар еңбектерін киізге орап, жерге көміп, аман-есен сақтап қалған тұлғаның 1903 жылы туған қызы Ханифа әжеміз еді. Құқықтық-саяси құжатты алғаш жариялап, ғылыми айналымға енгізген профессор Сәкен Өзбекұлы болатын.Ақиқатында, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары тәжірибешілдер еді. Қоғамдық-саяси өмірімізге елеулі өзгеріс қосқан азаматтардың тәжіри­бесінен туындаған ой-пікірі, тұжырымы әлі күнге дейін өзекті. «Қазақ елі», «Қазақ жері», «Президент», «Ұлт мәжілісі» т.с.с. ұғым­дарының тілдік қолданысымызға алғаш рет енуі Барлыбектің есімімен тікелей бай­ланысты. Осының бәрі қазақ тілінде жазылған кіріспе сөз, 4 бөлім және 28 баптан тұратын заң жобасында айтыл­ған. Уақыт өзі көрсеткендей заңгер «С.Алашинский» енгізген сөздер ұғым­дық категорияға айналды. Қазақтың құ­қықтық-саяси ілімінің бастауына өзек болды.

Әуелі 1914, 1915 жылдары, кейін совет кезеңіндегі 1924, 1929, 1936 жылдар аралығында Барлыбектің үйі бір рет емес, әлденеше рет тінтіліп, тексерілген. 


Құқықтық тарихи жәдігерде: «...Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады» делінген. Петербордағы Императорлық универ­ситетті үздік бітірген әрі «құқықтық заң», «саясаттану негіздері», «халықаралық құқық» пәндерін ерекше сүйіп оқыған, орыстың демократ, революционер қай­рат­керлерімен қоян-қолтық араласқан Барлыбек АҚШ, Еуропа елдерінің конституцияларын жетік білген. Ол Британ империясының құрамындағы ұсақ мемлекеттердің хал-ахуалын зерттей келе, британдық үлгідегі өзін-өзі басқару құқығына ие, тәуелсіз республика болу үшін «доминион» ұғымын енгізеді. Бұл сөзді «достастық» деп аударып, жаңа сөз тудырған. Асылында, осы еңбекпен жіті танысқан адам қайраткердің құқықтық-саяси көзқарасын, ұстанымын байқаған болар еді. Парламенттік республика, министрлік басқару жүйесі, сот бірлігі туралы сарабдал ойлар қамтылған тұщымды еңбек.

Айтулы күн қарсаңында Алматы облысының әкімі А.Баталовтың қол­дауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы негізінде, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Барлыбек туралы бірер сөз...» тарихи толғамымыз жарыққа шығып отыр. Бұл – біздің Барлыбек Сырттанұлын тану, зерттеу барысындағы алғашқы еңбегіміз. Кітапқа Алаш тұлғасының өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі және публицистикалық мұрасы, ұрпақтары туралы тың деректер мен архивтік құжаттар, суреттер енді. Аза­маттың өмір жолымен танысамын деген ұлт тарихына ынтызар оқырманның кәдесіне жарар деп сенеміз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ