Еліміздің өзге жұртпен иық тірестіріп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы біріншіден, ұлттық экономиканың төрт аяғынан тік тұруымен тікелей байланысты. Экономика қайткенде дамиды? Оған қажетті алғышарттарды мысал ретінде көптеп келтіруге әбден болады. Ең бастысы – тығырықтан жол таба білетін, жан-жақты білімді, ел мен жердің қадірін тереңінен сезінетін, жауапкершіліктен тайсақтамайтын білікті мамандарға сенім артып, солардың нар тәуекел деп қолға алған ісінің оң нәтиже беруіне тілектес болу. Нар тәуекел дегеннен шығады... Бүгінгі әңгіме кейіпкерінің бар болмысы жігіттің жігіті ғана білек сыбана жүрексінбестен бара алатын нар тәуекелмен іштей қабысып жатыр. Сонымен...
Еліміз Сағат Түгелбаевтың есімімен жақсы таныс. Бұл азаматтың тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында мұнайлы Атырау облысын басқарғанын, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдауға қатысқан Жоғарғы кеңестің депутаты болғанынан сырттай хабардармыз. Былайғы жұрт осындай белгілі мәліметтермен ғана таныс. Ал онымен тонның ішкі бауындай араласқан жандар Сағат Қашқынұлының жоғары оқу орнын бітірген соң қарапайым бұрғышының көмекшісі болып еңбек жолын бастағанын, кейін облыс орталығындағы Петровский ірі машина жасау зауытын шашау шығармай басқарғанын, Гурьев облыстық партия комитетінде өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі сияқты жауапты қызметті атқарып, бай тәжірибе жинағанын, одан соң кешегі Ембі, бүгінгі Жылой аудандық партия комитетінің тізгінін ұстағанын біреу білсе, біреу білмейді. Романтикалық кезең саналған 1991 жылдың желтоқсанына дейін, яғни, Жоғарғы кеңестің депутаты атанып, тәуелсіздіктің құқықтық іргетасы саналған бірнеше заңның қабылдануының басы-қасында болғанына шейін, әлгіндей өмір баспалдақтарынан абыроймен өтіп, елдің алғысына ие болып еді. Тәуелсіздікті айдай әлемге жария ету бар да, оның құқықтық негізін қалау бұдан да жауапты. Сағат Қашқынұлы Жоғарғы кеңестің депутаты кезінде жаңа ғана шаңырағын көтерген еліміз үшін аса өміршең «Мүлік жөніндегі», «Еркін экономикалық аймақтар туралы», «Шетелдік инвестициялар туралы», «Сыртқы экономикалық қызмет туралы» алғашқы заңдарды дайындау, қабылдаумен тікелей айналысты. С.Түгелбаев 1992 жылдың ақпанынан 1994 жылдың қазан айына дейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты. Әкімшілік басшылары институты, Республика Президентінің қолдауымен екінші мемлекеттік облыстық бюджет және оған қызмет ететін «Нұрбанк» сияқты қаржылық институты шаңырақ көтерді. Атырау қаласында ауызсуды сүзгіден өткізетін жаңа станция, су тасқынынан зардап шеккен Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылынан 300 жаңа үй, 100 Гкал қуаты бар жылу қазандығы мен мектептер, баспаналар ғимараттары сол кезеңде дүниеге келді. Жоспарлы экономиканың орнын нарықтық қатынастар кезеңі басқан, уақытша қиыншылықтар қос өкпеден қысып тұрған сол кезеңде жаңадан жасақталып жатқан әкімшілік институттарының жұмысын қадағалау, әлгіндей өндірістік, әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы жүргізуді бақылауда ұстау көп күш пен жігерді қажет ететін еді. Егер де өткенге көз жіберсек, тәуелсіздігімізді иеленген тоқсаныншы жылдардың басында экономикадағы дағдарыс елді кәдімгідей абыржытты. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 9 долларға дейін құлдырағанынан дағдарыстың экономикамызды қаншалықты есеңгіреткенін аңғара беріңіз. Тап осындай сең соқты кезеңде облыстың бірінші басшысы Сағат Түгелбаев өз еркімен мемлекеттік басқару органынан кетіп, болашағы тіптен бұлыңғыр бизнес әлеміне қадам басты. «Республикадағы ірі облыстың тізгінін өз еркіңізбен тастап, келешегі дүдәмал бизнеске баруыңыздың сыры неде?» – деген сауалды Сағат Қашкенұлына қойғанбыз. «Оның алып бара жатқан құпиясы жоқ, – деп бастады әңгімесін Сағат Қашқынұлы. – Мамандығым – мұнайшы. Алдымен Гурьев политехникалық техникумын бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды «Ембімұнай» бірлестігінен бастағанмын. Кейін қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетін аяқтадым. Жоғары білімді мұнайшымын. Партия-кеңес органына шақырылғанға дейін өндірісте еңбек етіп, тәжірибе жинақтадық. Жалпы, өзіме жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым ұнайды. Облыстың бірінші басшысы болу – кім көрінгеннің маңдайына бұйыра бермейтінін жақсы білесің. Басшы атанып, жоғары мінберлерден сөз сөйлеп, жоғары мәртебеге ие болу, әрине, абыройыңды өсірер. Бірақ елдің экономикасын арттырып, жұрттың тұрмыстық жағдайын көтеру үшін облыстың бірінші басшысы болудың онша көп нәтиже бермейтіні нарық кезеңінде айдай ақиқат болып алдымыздан шықты. Тұралап қалған экономиканың тамырына тек қана бизнес арқылы қан жүгіртуге болатынын жақсы түсіндім. Оның үстіне тап сол кезеңде облыс аумағындағы Теңіз кен орнына Елбасымыздың әріден ойлайтын сарабдал саясатының арқасында америкалық ірі «Шеврон» компаниясы ірі көлемде қаржы құятын болып келісті. Бұған дейін Теңіз мұнай-газ кен орнының дамуы мен игерілуінің басы-қасында болдым ғой. Теңіз газ өңдеу зауыты директорының орынбасары, «Теңізмұнайгаз» құрылымының бірлескен мекемелерін құру басқармасы бастығының орынбасары лауазымды қызметтерін атқардым. Тәуелсіз елдің экономикасына құйылар инвестицияның басты арнасы – мұнай саласы болатынын түсіндім. Сол себепті, жеке мұнай өндіру компаниясын ашып, бизнесте бағымды сынап көргім келді. 1994 жылғы қарашада еліміздегі алғашқы жеке мұнай өндіру компаниясы «ANACO»-ны (Атырау мұнай акционерлік компаниясы) құрып, нар тәуекел деп мұнай бизнесіне бағыт бұрдым», – дейді Сағат мырза.
Қырықмылтық мұнай кен орнында өнеркәсіптік өңдеу жұмыстары жүргізілді. Алғаш рет қырық шақырымдық мұнай құбырын электрохимиялық қорғау үшін жел энергоагрегаттары, мұнайды шығару үшін бұрандалы сорғылар, қосымша энергия көзі ретінде күн батареялары сияқты озат технологиялар пайдаланылды. Бір атап өтерлігі, Қырықмылтық кен орны 1988 жылы ашылған екен. Гелогиялық барлау жұмыстарының алғашқы деңгейінде 23 терең және 8 құрылымдық бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Осынау кен орнынан мұнай өндіру жұмыстарын бастау үшін бірнеше жыл аралығында Сағат Қашқынұлының тікелей ұйымдастырушылығымен қыруар жұмыстар жүзеге асты. 1997 жылдан бастап осы кен орнында мұнай өндіру жұмысы игеріле бастады. Күні бүгінге дейін Қырықмылтық кен орнынан 2 миллион тоннадан астам мұнай өндірілген. Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниел Ергин «Қазына. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты талдау еңбегінің «Мұнайдың жаңа дәуірі» атты шағын тарауында тоқсаныншы жылдардың басында бүкіл әлем бойынша мұнайға сұраныстың неліктен азайғанын талдап, екі мыңыншы жылдары оған деген сұраныстың неліктен артқанына да тоқталып өтеді. Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы, АҚШ – Ирак қақтығысы, ақыр аяғында АҚШ-тың дүниежүзіндегі экономикалық ықпалының арта түсуі сияқты факторлардың мұнайдың өндірілуі мен бағасына да айрықша әсер еткенін жоққа шығармайды. «1995-2010 жылдары Қазақстанда мұнай өндіру көлемі төрт есеге артып, күніне 1,6 млн баррельге жетті. Бұл ауқым қазіргі кездері Солтүстік теңіздің британиялық бөлігінен де көп және Норвегия бөлігіндегі көлемге жақын. Бұған қоса Қазақстанда осы ғасырдың басындағы аса ірі жаңа мұнай кен орны ашылды», – дейді. Белгілі сарапшының назарына іліккен еліміздегі мұнай өндіру саласының жандануына «ANACO» компаниясының да қосқан үлесі зор. Бүгіндері «ANACO» ЖШС-ның жыл сайынғы салық және мемлекет бюджетіне өзге де міндетті төлемдері бес миллиард теңгеге жетті. Осы мәліметтен-ақ, аталған компанияның ұлттық экономиканың өсуіне қосып отырған үлесін аңғарасың.
Бизнесте қолға алған жобаңның нәтиже бергеніне шүкір етіп, соған тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Бизнестің бірінші аты сенім мен жауапкершілік болатын болса, екінші ныспысы – даму. Болашаққа батыл қадам жасап, тоқтаусыз дамуды ойламасаң, қарсыластарың ойламаған жерден шаң қаптыруы әбден мүмкін. Сағат Қашкенұлының тікелей бастамасымен «ЗаманЭнерго» бұрғылау сервистік компаниясының нарыққа жолдама алғанына да бірнеше жыл болыпты. Отандық және шетелдік компаниялардың биік талабын сәтімен жүезеге асыра білген бұрғылау компаниясында бүгінгі таңда жүздеген білікті маман еңбек етуде. Әлеуметті жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ету, өндірісті әртараптандырып, соның нәтижесінде мемлекеттік бюджетке төленер салық көлемін ұлғайтуға үлес қосу – әр кәсіпкердің арманы. Өндірісті әртараптандырудың нәтижесінде, С.Түгелбаев нан өнімдерін, тазартылған шөлмектегі суды өндіру секілді негізгі бизнеске бейімді емес өндірістерді дамытуға қаражатын көптеп құйып келеді.
Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау шақта жұмысы мүлдем тоқтап қалған мұнай машина жасау зауытына Сағат Түгелбаев «жан бітіріп», қазіргі кезде өнімі Қазақстан нарығында үлкен сұранысқа ие «АтырауНефтеМаш» зауыты қаланың селитебті аймағынан тыс жерге толықтай орналасты. 2014 жылғы маусымда Сағат Қашкенұлы «АтырауНефтеМаш» ЖШС машина жасау зауыты базасында жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын «Ірі аумақты және аса ауыр өнімдер жасауды ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыра бастады. Инвестицияның 30%-ға жуығы өз капиталының қатысуымен жүзеге асқандығын айта кеткен орынды. Осылайша, 300 адам жаңадан жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Жоба ТМД елдерінде қазіргі таңда теңдесі жоқ әлемдік сапа стандарттарын пайдалана отырып, өте сирек өнімдерді жасауға бағытталған. Аталған жоба үкімет тарапынан мақұлданып, Атырау облысы әкімшілігі үйлестіру кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасы Жеделдетілген индустриалды-инновациялы дамуы бағдарламасының екінші бес жылдығы аясында Дамудың өңірлік индустриалдық картасына енді. Зауытты дамыту бағдарламасы бөлетін бағаналар, мұнай химиясы мен мұнайды өңдеуге арналған реакторлар, буллиттер, технологиялық модульдер, жылу алмасу қондырғылары және өзге де диаметрі 12 метрге дейінгі, ұзындығы 110 метрге дейінгі, салмағы 1 500 тоннаға дейінгі ірі аумақты өнімдерді өндіруді қарастырады. 2015 жылғы қаңтарда «АтырауНефтеМаш» ЖШС даму бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші деңгейін аяқтады. «Атырау мұнай өңдеу зауытын» жаңғырту шеңберінде Marubeni жапондық компаниясымен каталитикалық дистилляциялық бағандар өндіруге бірінші келісімшартын жасаған болатын. Мұндай өнімнің Қазақстанда алғаш рет шығарылғаны атап өтуге тұрарлық. Бұдан бұрын мұндай өнімдер түрлі таяу және алыс шет елдерінен импортталды, бұл өз кезегінде, тасымалдау ұзақтығы мен қиындығы себебінен Қазақстандағы тұтынушыға әкелетін тауар бағасына күрт әсер етті.
Бизнесте қолға алған жобаңның нәтиже бергеніне шүкір етіп, соған тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Бизнестің бірінші аты сенім мен жауапкершілік болатын болса, екінші ныспысы – даму. Болашаққа батыл қадам жасап, тоқтаусыз дамуды ойламасаң, қарсыластарың ойламаған жерден шаң қаптыруы әбден мүмкін. Сағат Қашкенұлының тікелей бастамасымен «ЗаманЭнерго» бұрғылау сервистік компаниясының нарыққа жолдама алғанына да бірнеше жыл болыпты. Отандық және шетелдік компаниялардың биік талабын сәтімен жүезеге асыра білген бұрғылау компаниясында бүгінгі таңда жүздеген білікті маман еңбек етуде.
«АтырауНефтеМаш» зауытын кеңейту жобасының мақсаты – мұнай-газ, мұнай өңдеу, мұнай-химиялық, энергетикалық, тау-кен өнеркәсіптері үшін халықаралық стандарттар бойынша жоғары аумақты сыйымды құрылғылар, жоғары қысымды аппараттар жоғары технологиялық өндірісін игеру. Аталған зауыттың негізгі тапсырыс берушілерінің қатарында «ТШО», «КРО», «KPJV», «NCOC», «СИНОПЕК», «Marubeni», «Майерск Ойл», «ЖайықМұнайГаз», «ҚазТрансОйл», «АМӨЗ», «ПМӨЗ» сияқты отандық және шетелдік ірі компаниялар бар. Жоба аясында келешекте, зауыттың жоғары технологиялық өнімін халықаралық нарыққа, атап айтқанда, Ресей, Қытай, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді елдердің нарығына эспорттау мәселесі ойластырылуда. Жуырда «АтырауНефтеМаш» ұжымы «ТШО» компаниясына халықаралық стандарттарға сай келетін әрі ТМД көлемінде теңдесі жоқ әмбебеп өнім – автоматты газреттеу стансаны жөнелтсе, келешекте өңірдегі ірі мұнай өндіруші мекеме – NCOC компаниясына -150 градус температурадағы сұйық азотты сақтауға арналған аппаратты жөнелтуге дайын.
Сағат Қашкенұлының машина жасау саласындағы кәсіби шеберлігі, елімізде соңғы технологиялық үдерістермен жабдықталған ең ірі қазіргі машина жасау мекемесін құруға деген ықыласы адамдардың бойында болашаққа сенім ұялатты. Аз ғана уақыт ішінде машина жасау мекемесін дамыту бизнес-жоспары жасалып, Қазақстан Даму банкіне талқылауға ұсынылды. 2015 жылғы қарашада ҚДБ-дан жобаны қаржыландыруға индикативті ұсыныс түсті. Бұл – түсіне білген жанға үлкен нәтиже. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайына қарамастан, мұнай өндіруден түскен табысын ел экономикасына қайта инвестициялаған С.Түгелбаевтың компанияларды сауатты басқаруы және жеке қаржылық көмегі нәтижесінде, мекемелер бюджетке төленетін салықтық міндеттемелерін толығымен орындап келеді. Машина жасау зауытында бүгіндері 316 білікті маман еңбек етуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында бірнеше рет «АтырауНефтеМаш» ЖШС машина жасау зауытына келіп, Қазақстан Республикасы машина жасау саласын дамытудың маңызын баса айта отырып, бұл орайда мекеменің даму нәтижесіне ең жоғары баға берді. Ол осылайша, мемлекеттің индустриалды-инновациялық саясатының орындалуына айрықша үлес қосып келеді.
С.Түгелбаевтың тікелей басшылығымен «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры трассасында «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы пайдаланып отырған мұнай қыздырудың өте сирек пештері жасақталып, өндіріске енгізілді. Қазіргі таңда бұл өнім Қазақстанда, сонымен қатар Ресей Федерациясында патенттелген және ISO, API, ASME, DIN және т.б. сертификаттарға ие. Сонымен қатар халықаралық стандарттар бойынша дәнекерлеушілерді дайындау және аттестаттау мектебі құрылып, қазір де сапалы мамандар даярлау ісіне үлес қосып отыр.
2010 жылы Сағат Қашкенұлы электр және жылу энергияларын өндіру және өткізумен айналысатын SagatEnergy компаниясын құрды. Сонымен қатар компания елімізге қуаты үлкен диапазонды газпіспекті электростансаларды жеткізумен айналысады. Бұл қондырғылар экономиканың түрлі секторларында нысандарды негізгі және резервтік электр жабдықтау үшін қолданылады. 2014 жылы SagatEnergy ЖШС базасында жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын ұлттық электр желілеріне станса қуатын кіріктірумен бірге 2-ден 11 МВт-қа дейінгі әрекеттегі газпіспекті электр стансаларын кеңейту бағдарламасы жүзеге асырылды. Бір атап өтерлігі, бұл жобадағы 50 пайызға жуық қаражат Сағат Қашқынұлының өз капиталы. Қазіргі таңда қуаты 40 МВт-қа дейінгі жаңа газпіспекті электр стансалары құрылысы жоспарланып отыр. Бұл дегенің жаңадан жұмыс орындары ашылады деген сөз. Шағын энергетиканы дамыту қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасының жалпы энергожүйесін дамытудың басым бағыты болып есептеледі. SagatEnergy ЖШС жобасы «АтырауНефтеМаш» ЖШС жобасы сияқты Дамудың өңірлік индустриалық картасына енгізілген. Бұдан басқа, 2014-2019 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Белкамит» ЖШС ауыр машина жасау зауытының негізгі өндірістік қуаттары мен білікті жұмысшы және инженерлік-техникалық қызметкерлерінің ешқайсысы қысқармай, жұмыс орындарын сақтап қалды. Сағат Қашқынұлының басты ұстанымы – қандай жағдай болмасын жұмыс орындарын қысқартпай, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына барынша көңіл бөліп келеді. Осы уақыт аралығында жүздеген жаңа, жоғары білікті жұмыс орындары ашылды, жалпы құны 666 000 000 (алты жүз алпыс алты миллион) теңгеден аса көлемдегі қаражатқа қызметкерлері шетелде оқып, білімдерін шыңдаған. Машина жасау, мұнай-газ, энергетика және өзге де салалар үшін 78 жас маман дайындалыпты.
Сағат Түгелбаевтың болашаққа бағытталған жоспарлары жетерлік. Сәтін салған күні оның лайықты түрде жүзеге асқанына да куә болармыз. Бір атап өтерлігі, 2020 жылы ANACO компаниясы өз қаражатына ет және жұмыртқа өндіруге бағытталған құс фабрикасының құрылысын салуды жоспарлап отыр. Олар осылайша, тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ондаған жұмыс орындарын ашпақ.
Сағат Түгелбаев демеушілік және қайырымдылық шарасымен тұрақты түрде айналысады. Жыл сайын ANACO ЖШС облыс және қаланың әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына 30 000 000 (отыз миллион) теңгеге жуық қаражат бөлінеді. 71 000 000 (жетпіс бір миллион) теңгеден астам қаражат шығармашылық одақтар, балалар үйі, интернаттар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге бағытталады. Осынау мәліметтен қайрымдылық сияқты ең ізгі қасиетті еш дабырасыз жүзеге асырып келе жатқан Сағат Қашкенұлы сынды үлкен жүректі азаматқа қалайша разы болмайсың.
Бар саналы ғұмырын «қазақ қайтсе көгереді, ұлтым қайткенде адамзат көшінен қалмаса екен», – деп уайым кешкен ұлт оқымыстысы Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» депті. Елімнің бір пайдасына жарасам деп шапқылап жүрген тұғырлы тұлға Сағат Қашкенұлы жарықтық Ахмет Байтұрсынұлы меңзеген аса өміршең керектердің жолында талмастан еңбек етіп келеді. Елін, жерін шексіз қастерлейтін осынау азаматтың іскерлігі, табандылығы, кәсіби біліктілігі, айналасына жанашырлығы, керек болатын болса, қажет кезінде нар тәуекел деп маңызды іске бекем кірісетін батылдығы, ел ертеңіне баланып отырған жастарымызға үлгі болғай!
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ