Қазақстанда жаңғыратын қуат көздері одан ары дамытылады. Бұл мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтерілді. Жиынға Елбасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша шаралар және электр энергетикасы салаларын дамыту тақырыбы арқау болды.
Үкімет сағатын ашқан Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Қазақстанның Тұңғыш Президенті Nur Otan съезіндегі сөзінде қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған шұғыл шаралар қабылдау қажетіне ерекше назар аударғанын еске салды. Соның ішінде елді газдандыруға және электр қуатымен жабдықтауға 190 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы тапсырма – зор әлеуметтік және экономикалық мәнге ие.
Осыған байланысты алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетте энергетика нысандарын салуға және реконструкциялауға жалпы сомасы 30,9 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Осы саладағы реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жайына тоқталған вице-спикер Парламент кейінгі жылдары осы үшін қажетті барлық заңды қабылдағанын баса айтты. Олар қуаттылық нарығын құруға, «бірыңғай оператор» енгізуге, энергия таратушы ұйымдарды ірілендіруге, балама энергетиканы қолдауға бағытталған.
– Бір қуантарлығы, біздің депутаттар таяуда қабылдаған, жобаларды іріктеудің аукциондық тетігін ендіру туралы түзетулер қазірдің өзінде жаңғыратын қуат көздері нысандары өндіретін электр қуатының құнын төмендетіп, оң нәтижие беруде. Елбасы Н.Назарбаевтың тиісті тапсырмалары арқасында тарифтерге қатысты жағдай соңғы уақытта елеулі түрде тұрақтанды, – деген Г.Исимбаева енді осы жұмыс теліміне жауапты мемлекеттік органдар электр энергиясы құнының негізсіз қымбаттауына жол берілмеуін қатаң қадағалауы керегін нықтады.
Қазақстандағы энергетика секторының жай-күйі туралы депутаттарға баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бүгінде еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйесі «орнықты жұмыс жасап тұрғанын» мәлім етті. Оның дерегінше, бұл жүйенің сенімділігі толығымен қамтамасыз етілген. Экономика мен халықтың электр қуатына деген қажеттілігі қанағаттандырылған.
Министр сонымен бірге, қайта қалпына келетін қуат көздерін дамыту жайын да сөз етті. Саланың перспективаларына тоқталған ол қазіргі кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың электр энергетикасы мәселелері бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі «операциялық жоспар» бекітілгенін хабарлады.
Бұдан бөлек, жаңа газды-турбиналы электр стансаларын салу, сондай-ақ Шүлбі және Қапшағай ГЭС-терінің контрреттеуіштерін тұрғызу мәселелері қарастырылуда екен.
Шымкент жылу-электр орталығы алаңында жаңа бу-газды электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асыру басталған.
Қ.Бозымбаевтың байламынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» 500 Кв өңіраралық желісін салу жобасын іске асырудың табысты тәжірибесі бірқатар жаңа жобаны қолға алуға мүмкіндік бермек.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Г.Исимбаева отырыстағы талқылаулар қорытындысын шығарғаннан кейін депутаттар ұсыным қабылдады. Ол Үкіметке, бірқатар министрліктерге, өңір әкімдіктеріне бағытталатын болады.