Қазақстандықтардың белсенді түрде сайлауға қатысқанын байқап, болашаққа зор сеніммен қарап отырғандарын сезіндік
Михаил ГУСМАН,
«ТАСС» ақпараттық агенттігі
бас директорының орынбасары:
– Біршама сайлау учаскелерін аралап келдік. Ең алдымен, сайлаудың атмосферасының өте жайлы болғанын атап өткім келеді. Ел тұрғындарының сайлауда дауыс беруге көптеп келіп жатқаны байқалады.
Әртүрлі елдерде түрлі сайлауда болдық. Қазақстандағы жауапкершіліктің жоғары деңгейі бізді ерекше қуантып отыр. Жалпы, сайлау процесінің өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Қазақстандықтардың белсенді түрде сайлауға қатысқанын байқап, болашаққа зор сеніммен қарап отырғандарын сезіндік.
Ингуна СУДРАБА,
Латвия Сеймінің депутаты:
– Қазақстандағы президент сайлауына осымен екінші мәрте келіп отырмын. Сайлау процедурасы бұрынғыға қарағанда, жақсара түскені байқалады. Біз бірнеше сайлау учаскесін аралап, ол жерлерде қызметкерлер міндеттемелерін жақсы білетініне көз жеткіздік. Кезек ұзақ болғанымен, халық сабырлы күйде келіп, өзін мазалаған сұрақтарға жауап алып кетті. Яғни, адамдардың бәрі де жоғары дәрежеде дайындалып, өзіне жүктелген міндетті жақсы түсініп отырғанын аңғаруға болады.
Валерий СТЕРИО,
Румыния парламентінің депутаты:
– Түске дейін елордадағы төрт бірдей сайлау учаскесін араладым. Шынымды айтсам, сайлаудың демократиялық және транспарентті жүйесін көріп отырмын. Өзінің дауыс беру құқын – демократиялық құқын пайдалану үшін тұрғындар ауа райының жайсыздығына қарамастан, сайлау учаскелеріне келді. Балаларымен бірге келгендерді де көрдім. Ұзынсонар кезекке тұрды. Басқа да халықаралық байқаушылармен бірлесе, кеңесе келе, сайлау сәтті өтіп жатыр деген тоқтамға келдік.
Сайлауға қатысуда халықтың белсенділігі жоғары екен. Бұл – сайлау үшін жақсы көрсеткіш. Қазақстандықтардың белсенділігін ерекше атап өтер едім. Осы елге бірінші рет жолым түсіп тұрса да, елдің дамуына, өмір сапасына, қала көркіне таңғалғанымды жасырмаймын. Бұл осы уақытқа дейін саясаттың бұл елде дұрыс жүргізілгенін білдіреді. Қазақстанның болашағы да жарқын болар деген сенімдемін. Қазақстанның осы бағыттағы жұмысы жалпы аймақтағы басқа елдерге модель бола алады.
Юлия КОЛОНДАЕВА,
ТМД байқаушылары миссиясының өкілі:
– Ресейдің Саратов облысынан келдім, төрт сайлау учаскесінде болдым. Сол учаскелердегі сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатты. Заңбұзушылық болған жоқ. Сайлаушылар үшін де, байқаушылар үшін де барлық жағдай жасалған. Мысалы, №410 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы құралдар бар. Сондай-ақ тұрғылықты жерінде дауыс бергісі келетіндерден сағат 12.00-ге дейін өтініш қабылданды.
Хосе Луис Орелья МАРТИНЕС,
«Арбиль» испан форумының президенті:
– Сайлау процесі стандарттық үлгіде өтті. Кеше таңертең түрлі делегация мүшелерімен сөйлестім. Бәрі де ешқандай өрескел қателік болмағанын айтты. Бұл сайлау процесі Қазақстан үшін, Орталық Азия өңірі үшін өте маңызды. Қазақстан аталмыш аймақта тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Жаңа саяси буын үшін өте елеулі оқиға. Қауіпсіздік кеңесінде, БҰҰ-да өз орны бар мемлекет. Еуропа, Ресей, Қытай сияқты бірнеше ірі экономикамен шектесіп жатыр.
Антонио МИЗЯНИ,
Италия Республикасының сенаторы:
– Қазақстан үшін маңызды қадамдардың бірі болып отырған сайлау жоғары деңгейде өтті. Біздің ойымызша, процесс таза ұйымдастырылған. Біз барған сайлау учаскелерінде халықтың көптеп келіп жатқанын көрдік. Халықтың көбі мерекелік көңіл күйде жүр. Бұл халықтың жағдайы жақсы екенін көрсетеді.
Шандор КОВАЧ,
Мажарстан мемлекеттік
жиналысының депутаты:
– Қазақстанда бұған дейін де болғанмын. Осыдан оншақты жыл бұрын елдеріңізде сайлаудың мереке сияқты өтетінін көрген едім. Кеше де дәл солай болды. Ұйымдастыру жағына келер болсақ, Еуропа елдеріндегідей барлық халықаралық стандарт сақталған. Таңертеңнен бері өзге де халықаралық байқаушылармен бірге бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Көзбен көргенді саралай келгенде түйгенім, ең бастысы, қауіпсіздікке жоғары көңіл бөлінген екен.