Біртанов науқастар неге жаппай шетелде емделуге құштар екенінің себебін айтты
Біртанов науқастар неге жаппай шетелде емделуге құштар екенінің себебін айтты
Фото: Интернеттен алынды
282
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа ауруханаларды не үшін салу керектігін түсіндірді. Министр Facebook парақшасында: «Біз аурудың алдын алу мен ерте анықтауға бет алдық. Бұл үшін емханалық көмекті дамытамыз. Бүкіл әлем алдымен Алматы, ал одан кейін Астана декларацияларын қолдады. Бірақ стационарлық көмек те дамуы тиіс. Өйткені соқырішек немесе босану ешқайда жоғалып кетпейді. Кардиохирургтер мен нейрохирургтер инфаркт пен инсульт кезінде, ал травматолог жарақаттану кезінде құтқаруы тиіс. Туа біткен және жүре біткен кемістігі бар балаларға операция, ал ересектерге буындар не болмаса өзге де ағзалар мен тін трансплантациясы қажет. Мұның барлығын және басқа да көп дүниені стационарлық жағдайда ғана жасауға болады», – деп жазды. Алайда, оның дерегінше, ауруханаларымыздың 80 пайыздан астамы сонау кеңес заманында салынған. Бұған қоса, 20 пайыздан астамы емдеу ғимаратына бейімделген, яғни бұрынғы жатақхана, балабақшада орналасқан. Ауруханалардың жалпы тозуы 60 пайыздан асып кеткен. «Мұндай жағдайда алдыңғы қатарлы технологияларды дамыту мүмкін емес. Олар пациенттер мен персоналдар үшін жайсыз және медицина қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда өсуін тежейді. Бүкіл прогрессивті әлем жаңа клиникалар салуда және азаматтарымыз Оңтүстік Кореяның, Германияның немесе Түркияның заманауи аурханаларында емделгісі келеді. Сондықтан біз шетелдік серіктестерді тарта отырып, жаңа ауруханалар салуымыз, алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды енгізуіміз және мамандарымызды оқытуымыз қажет. Жекелеген әрі тар профильді ескі ауруханаларды ауыстыруымыз керек. Тек сол жағдайда ғана заманауи технологияға қол жеткізе отырып, медицина қызметкерлеріміздің кәсібилігі жаңа деңгейге көтеріледі. Сол кезде амбулаториялық және стационарлық көмектің сабақтастығы болады. Ал қазақстандықтарға оңтайлы әрі сапалы отандық медицина қызметі беріледі», – деді Елжан Біртанов.