Қазақстандықтар өздерінің азаматтық ұстанымын білдірді
Сәдібек ТҮГЕЛ,
«Ұлы Дала қырандары» республикалық қоғамдық қозғалысынан
Қазақстан президенттігіне кандидат:
– Қасым-Жомарт Тоқаев Еxit poll қорытындысы бойынша 70,13% алғанын естідік. Кандидаттардың бірі ретінде оны шын жүректен құттықтаймын. Менің пікірімше, сайлау ашық әрі әділ өтті. Қазақстандықтар өздерінің азаматтық ұстанымын білдірді. Мен халықтың ұйымшылдығын, белсенділігін, сонымен қатар демократияға бетбұрысын байқадым. Бұл сайлау болғандықтан да, онда жеңіс те, жеңілуші жақ та бар. Сайлау әділ өтті. Әсіресе, халықтың белсенділігіне тәнтімін. Мұның өзі үлкен жетістік.
Дания ЕСПАЕВА,
«Ақ жол» партиясы атынан кандидат:
– Алдымен, барша қазақстандықты еліміздің тарихында маңызды болып саналатын айтулы күннің сәтті өтуімен құттықтаймын. Оның ішінде, мені қолдап дауыс берген отандастарыма шексіз алғысымды айтамын. Сондай-ақ өз партияластарым – ақжолдықтарға ризашылығымды білдіремін. Сайлау мен үшін үлкен мектеп болды. Өз басыма керекті дүние жинадым. Әсіресе, өңірлердегі халықпен кездесу барысында көптеген мәліметке қол жеткіздім. Алдын ала қорытынды бойынша, үшінші орындамын. Бұл – мен үшін үлкен көрсеткіш.
Амангелді ТАСПИХОВ,
Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы атынан кандидат:
– Бізде ешқандай да кедергі болған емес, үгіт-насихат жұмысы барысында ешкім жұмысымызға араласқан жоқ. Сондықтан ешқандай да шағым жоқ. Өз басым 12 өңірде болдым, менің сенімді өкілдерім, жақтастарым барлық аймақты аралап шықты. Біз, кәсіподақтар, өзімізді осы сайлау арқылы көрсете алдық. Менің көзқарасымды жақтағандар бір командаға жұмылдық. Мені қолдайтан көптеген дос таптым. Барлық жерде де бізді жылы қарсы алып, қолдау білдіріп жатты. Сайлауға
қатысу – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік. Маған көмек көрсеткен барша азаматтарға алғысым шексіз.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан кандидат:
– Сайлау барысында біздің штабтың қызметкерлері ешқандай заңбұзушылық тіркемеді. Біз тәжірибелі мамандармыз, парламенттік, президенттік сайлауға бұған дейін қатысқан болатынбыз. Сол тәжірибеме сүйене отырып Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс тілегім келеді. Демек, оның бағдарламасы сайлаушыларға жақын болды. Осыған қарамастан жеңіске жеткен үміткерге қарсы шықпастан өз бағдарламамызды қатар алып жүретін боламыз.
Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ,
«Ауыл» партиясы атынан кандидат:
– Сәуір айында партияластарым мені кандидат ретінде бірауыздан ұсынды. Содан бері жер-жерде барлық ұжым тыным көрмей үгіт жүргізді. Өңірлерді аралау барысында белсенді азаматтарға алғысымды айтып отырдым. Осы сайлау науқанына бір кісідей атсалысқан барлық жақтасыма алғыс айтқым келеді. Алда Парламент сайлауы бар. Соның бәрінде осы ұстанған бағытымыздан таймаймыз. Сайлауда жеңіске жеткен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаймын, оның алдағы жұмысына сәттілік тілеймін.
Әміржан ҚОСАНОВ,
«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан кандидат:
– Exit poll-дың нәтижесінде жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты және осы сайлау науқанында айтқан электоралды процеске қатысты, оның ішінде билік пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыру, балама пікірге, сыни пікірге төзімді болу туралы ойларын қолдай отырып, осы жеңісімен құттықтаймын.
Қазақстан үлкен жауапты кезең алдында тұр. Сондықтан шетелде жүріп, елді отқа итермелеу, арандату, сайлау кезінде азаматтардың сайлау құқын пайдалануға зиян келтіру әрбір азаматтың конституциялық құқын пайдаланудың орнына, алдын ала заңсыз болатынын біле отырып, сондай іс-шараға шақыру саяси оңбағандық деп санаймын.