Қазақстандықтар карантинде ақшасын қайда жұмсағаны белгілі болды
Қазақстандықтар карантинде ақшасын қайда жұмсағаны белгілі болды
Фото: Интернеттен алынды
178
оқылды
Қазақстандықтар төтенше жағдай режимі кезінде, негізінен, ақшаны азық-түлік сатып алуға жұмсаған, – деп жазады «Спутник Қазақстан». Мониторинг жүргізетін Ranking.kz агенттігінің ақпаратына сәйкес, карантин кезінде бөлшек сауда екі есеге төмендеді. «Сәуірде Қазақстан бойынша дүкендер, базарлар және басқа да бөлшек сауда орындары 495,7 миллиард теңгеге (1,1 миллиард доллар) сауда жасады. Бұл өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 40,9%-ке аз. Инфляцияны ескере отырып, сауда көлемінің нақты төмендеуі жылына 44,7%-ті көрсетті», – деп жазады агенттік.

Қаңтар-сәуірде бөлшек сауда көлемі  – 2,87 триллион теңге (6,5 миллиард доллар), бұл өткен жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда 5,9%-ке аз. Бұл ретте сауда көлемінің нақты азаюы 11,8%-ке жетті.

Әдетте жалпы азық-түлік тауарлары бөлшек сауданың жалпы көлемінің үштен бір бөлігіне тиесілі. Карантин режимі сақталған сәуірде бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі бірден 51,5%-ті немесе 255,4 миллиард теңгені (580 миллион доллар) құрады. 2020 жылдың алғашқы төрт айында қазақстандықтардың барлық сатып алуларының 36,6%-і – азық-түліктің үлесінде.

Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 16 наурызда енгізіліп, 11 мамырға дейін созылды. Карантин режимі әлі де күшінде.