Нұр-Сұлтан қаласының полициясына екі айдың ішінде интернет-алаяқтық фактілері бойынша екі арыз түскен.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жәбірленушілердің түсіндіруінше, олар Facebook, Mail.ru әлеуметтік желілерінде шетелдік азаматтармен танысып, бірнеше ай бойы романтикалық хат жазысқан.
Әйелдердің сеніміне әбден кіріп алған алаяқтар бітімгерлік миссия жасаймыз деген сылтаумен аудио немесе бейнебайланысқа шықпай, тек төлқұжат көшірмесін жіберген. Хат алмасу кезінде аңғал бойжеткендер ер адамдардың Қазақстанға келіп, оларды басқа елге алып кететіне сеніп, «жігіттеріне» үлкен сомада ақша жіберген. «Тұрмысқа шығуды ұсынған алаяқтар бойжеткендерден мемлекеттік баж төлеу, төлқұжатты жаңарту, визаға тапсырыс беру сияқты мәселелерді шешу үшін қажетті сома жіберуді сұраған. Ер адамдардың ізгі ниетіне сенген жәбірленушілер халықаралық ақша аудару қызметі арқылы сұраған сомаларын жіберіп отырған. Ақшаны қолға түсірген күдіктілер желіден шығып кетіп, одан кейін байланысқа шықпаған. Шығын сомасы бір оқиғада – 13 млн теңгені, екінші оқиғада – 6 млн теңге», – деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Аталған фактілер негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздеу шаралары жүргізілуде.