«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Петербургтегі халықаралық экономикалық форум аясында бірқатар ресейлік және еуропалық компаниялардың басшыларымен инвестициялық кездесулер өткізді. Осы басқосуларда Қазақстандағы инвестициялық климат посткеңістікте ең үздік деп танылды.
Аталған форум 1997 жылдан бері Петерборда өткізілетін экономикалық саладағы іскерлік жиын. Оған жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінен 10 мыңнан астам адам қатысады. Форумның негізгі аудиториясы – ірі ресейлік және шетелдік компаниялар, мемлекет басшылары, саяси көшбасшылар, премьер-министрлер, вице-премьерлер, министрлер, губернаторлар. Міне, осы ауқымды басқосуда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы А.Есімов қор үшін маңызды кездесулер өткізді. Мәселен, немістің «Шнейдер Электрик» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның тау-кен компанияларын цифрландыру және осы саладағы қазақстандық кадрларды жүйелі оқыту туралы келісті.
«Біз мұнайшыларға арналған оқу орталығын ашу туралы шешім қабылдадық. Шнайдер қордың еншілес компанияларына қызметкерлерді дайындауға көмектеседі», – деді «Шнейдер Электрик» компаниясының Ресейдегі және ТМД елдеріндегі президенті Йохан Вандерплаетсе.
Ахметжан Есімовтің Ресей мен ТМД-да KPMG басқарушы серіктесі Олег Гощанскиймен кездесуінде де цифрландыру тақырыбы талқыланды. Тараптар қазақстандық компанияларға цифрландыру шеңберінде алдыңғы қатарлы құралдарды енгізу мүмкіндігін беру үшін KPMG компаниясының Орталық Азияда KPMG Digital Village ашу жөніндегі жобалары мен жоспарларын, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-мен ынтымақтастықты талқылады.
Қор басшысы ВТБ Банк президентінің бірінші орынбасары – Басқарма төрағасы Юрий Соловьевпен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жұмысын, AEON Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Роман Троценкомен полипропилен, алтын және азот-минералды тыңайтқыштарын өндіру жобаларындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін сөз етті.
Кездесу соңында А.Есімов «Лукойл» КАҚ» ұлттық компаниясының президенті Вагит Алекперовпен кездесіп, мұнай-газ саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты одан ары дамыту мәселелерін талқылады. Осы кездесуде Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан «I-P-2» жобасының шеңберінде ынтымақтастықтың негізгі шарттары келісілді.
Барлық кездесулердің қатысушылары «Самұрық-Қазына» қорымен қарым-қатынастардың жақсы динамикасын атап өтті, сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық климат посткеңістікте ең үздік деп танылды.