Қазақстанның Президенті болып сайлануына орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.
Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауындағы айқын жеңісі Мемлекет басшысының отандастары арасындағы беделінің жоғары және Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бағдарды жалғастыруға, оның сыртқы саяси мүдделерін қорғауға, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты нығайтуға ниетті екенін көрсетеді.
«Екіжақты байланыстарды нығайту үшін Сізбен тығыз жұмыс істеуді жалғастыруға, сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның достас халықтарының игілігі үшін еуразиялық кеңістіктегі өзара тиімді интеграциялық үдерістерді ілгерілетуге дайын екенімізді растағым келеді» делінген жеделхатта.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев дауыс беру қорытындысы бауырлас қазақ халқының Қасым-Жомарт Тоқаевқа толық сенім артқанына және кең көлемде қолдау көрсеткеніне тоқталды. Оның пікірінше, бұл Мемлекет басшысының еліміздің орнықты дамуы мен халықаралық беделін арттыруға, саяси бағдар мен маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалардың дәйекті жалғасуына деген сенім болып саналады.
«Елдеріміз бен халықтарымыздың мүддесі үшін өзара күш біріктіре отырып, өзбек-қазақ стратегиялық серіктестігін одан ары дамытып, нығайта беретінімізге сенімдімін» делінген жеделхатта.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құттықтау хатында Қазақстан халқының еркі мен ықыласы Мемлекет басшысының қызметіне деген зор сенімнің көрінісі болып саналатынын айтқан.
«Бүгінде стратегиялық серіктестік аясында табысты дамып келе жатқан екі елдің көпқырлы қатынастарының дәйекті кеңеюінің берік жақтаушысы ретінде біз Сізді білеміз әрі құрметтейміз. Тәжік-қазақ ықпалдастығын одан ары жан-жақты тереңдетуге мүдделіміз. Өзара күш біріктіре отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтере алатынымызға сенім білдіремін» делінген құттықтау хатта.
Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауындағы айқын жеңісі Қазақстанның одан ары орнықты дамуына, бауырлас екі халықтың достығы мен тату көршілігіне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдіреді.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев құттықтау хатында: «Әзірбайжан-қазақ қатынастары халықтарымыздың ортақ тарихына, ұлттық және дүниетанымдық тамырына негізделеді. Берік негізге сүйенген мемлекетаралық байланыстарымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан ары дамыту және берік қарым-қатынастарымыз бен көпқырлы ынтымақтастығымызды тереңдете түсу үшін бірге күш жұмылдыратынымызға сенемін» деп жазған.
Сербия президенті Александр Вучич елінің Қазақстанмен достық байланыстарға зор мән беретінін және берік қарым-қатынастар мен кең ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты. «Сіздің саяси тәжірибеңіз бен идеяңызға зор сенім артқан Қазақстан азаматтарының арқасында Сіз еліңізді даму жолына жетелейсіз» делінген Сербия президентінің жеделхатында.
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Мемлекет басшысын Қазақстан президенті лауазымына сайлануымен құттықтады және ол өз Үкіметімен бірлесіп, мажар және қазақ халықтарының арасындағы достықты тереңдету үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы, Ёнсэ университетінің жанындағы Жаһандық іс-қимылдар институтының құрметті төрағасы Пан Ги Мун жауапты мемлекеттік лауазымға сайлануымен шын жүректен құттықтады.
Жеделхатта Мемлекет басшысының БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарған кездегі жұмыс тәжірибесі, әртүрлі мүдделі тарапты келісімге келтіру қабілеті Қазақстанды өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірген.
«Қазақстан – қазіргі уақытта орнықты дамуы мен инклюзивті өсімін айқын көрсетіп келе жатқан бірегей мемлекет. Сіздің дипломатияны терең түсінетініңіз еліңіздегі мемлекеттік құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта әлемнің болашағын жарқын қылу мақсатында күш-жігер біріктіріп, ынтымақтастығымызды жалғастыра бергіміз келеді» делінген жеделхатта.
БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, альянстың Қазақстанмен ықпалдастығы жақсы екенін атап өтті. Сонымен бірге, өзара әріптестіктің одан ары кеңейе түсетініне үміттенетінін айтты.
Америка-Қазақстан іскерлік ассоциациясының атқарушы директоры Сара Никель Президент Тоқаевтың Қазақстанда бизнесті қолдауға қажетті экономикалық өсім мен реформаларды ілгерілету ісіндегі тәжірибесі бай екенін атап өтті.
«Сіздің Президент болып сайлануыңыз бен «Астана» халықаралық қаржы орталығы сияқты маңызды бастамалардың жалғасуы инвесторлар үшін мемлекеттің ұзақмерзімді даму, гүлдену және халықаралық әріптестік бағытындағы ұстанған жолына беріктігі туралы белгі болып саналады» делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтауларын Мажарстан президенті Янош Адер, Грузияның президенті Соломе Зурабишвили, Молдова Республикасының президенті Игорь Додон, Грузияның премьер-министрі Мамука Бахтадзе, Болгария Республикасының бұрынғы президенті Петр Стоянов жолдады.