«Көз бояған» көлік индустриясы
«Көз бояған» көлік индустриясы
389
оқылды
Қынжылсақ та мойындауымыз қажет: Қазақстан ав­токөлік жасаушы державаға айнала алмады. Елде ай­налдырған 2 ав­тозауыт қана бар, олар сол бойы ма­шиналарды шетелден ша­шылған күйде әкеліп құ­растырумен айналысуда. Яғни, импортқа тәуелді са­ла. Мемлекеттен мол демеуқаржы алғанымен, удай қым­бат өнімдері бәсекеге қабілетсіз. «Азия Авто» айна­ла­сындағы дау елдің көңілін қалдырып, тіптен түңілте түсті. Баласына көңілі толмаса қа­зақ: «іштен шыққан шұбар жылан» деп торығып жатады. Кез келген ата-ана бар жақсысын баласының ау­зына тосады. Ал егер ол әке-ше­шесінің тілін алмаса, іске қырсыз бол­­са, есейсе де масыл болып отыр­­са не істемек керек? «Ай­на­лайын, енді өз күніңді өзің көр!» деп есті ата-ана бөлек шығарар еді. Биліктің зор арман-амби­ция­сының бір туындысы – қос ав­то­зауыт мемлекеттің төл перзенті се­кіл­ді. Оларды байыту үшін, тіпті «Отан­дық өндірушіні қолдайық!» де­ген ұранмен барлық мемлекеттік ор­гандар солар құрастырған кө­лік­терге көшірілді. Осы орайда, те­леарналардан таралып, дүмпуі жер жарған дауылпаз даңғыры мен керней дауысы «отандық авто­кө­лік­тердің шетелдік баламаларына қа­рағанда қымбат екеніне және бюд­­жетке басы артық салмақ тү­сі­ре­тініне» назар аудартқан бір­қа­тар министрдің үнін басып тас­та­ды. Оларды жатжұрттық автои­н­дус­трия­ның лоббистері деп күс­тә­на­лаған сарапшылар табылды. Бұл рет­те елде құрастырылатын қара­пайым марка немістің «мерсе­десі­нен» қымбатқа түсетіні көп ес­ке­ріл­меді. Енді не болды?  

Ақшадан уәде күшті

Таяуда «Азия Авто» басшылығы шу көтерді. Ол кәсіпорынды күй­ре­­тіп жатыр деп биік лауазымды би­лік өкілдерін кінәлады. Дегенмен мә­селенің мәнісі мүлдем басқаша бо­лып шықты. Биылғы 14 мамырда Индустрия жә­­не инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі (ИИДМ) «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кә­­сіпорындарымен келісімнің бұ­зыл­­ғаны туралы ақпарат жа­рия­ла­ды. Ведомство осы кәсіпорын­дар­мен арада жасалған моторлы көлік құ­ралдарын өнеркәсіптік құрас­тыру туралы келісімге қатысты  қасақана жалған ақпарат та­­ратылып жатқанын ескертті. Сон­­дықтан түсініктеме беруге бел буып­­ты. Министрлік Қазақстанның жә­не Еуразиялық одақ елдерінің 10 кәсіпорнымен автокөлікті өнер­кә­сіптік құрастыру жөнінде 19 келісім бе­кітті. Дәл осы келісімдер аясында әр компания өзіне міндеттеме ал­ды: нақтылай кетсек, олар көлік бө­ліктерін балқытып біріктіру, бояу жә­не құрастыру технологияларын Қа­зақстанда жолға қойып, жер­гі­лік­­ті мазмұн үлесін ұлғайтуы тиіс. – «Азия Авто» және «Азия Авто Қа­­зақстан» өнеркәсіптік құрастыру туралы міндеттемелерін орын­да­мады. Ал өзге кәсіпорындар шанақ-ку­зовты дәнекерлеудің және бояу­дың технологиялық жабдықтарын іс­ке қосу міндеттемелерін жоспар-кес­теге сай орындауда, – деді ИИДМ. Негізсіз айыптаулар шым­байы­на батса керек, меморган 2002 жыл­ғы 20 желтоқсанда салтанатты түрде ашыл­ған Өскемендегі автозауыттың  мем­­лекеттен тоқтаусыз қолдау кө­ріп келгенін еске салды. – Кәсіпорын өз қызметін бас­та­ған күннен бері қосымша құн са­­лығынан және кедендік тө­лем­дер­ден босатылып, мемлекеттік пре­­ференциялар иеленді. Бұдан бө­­­­­лек, төлеген утилизациялық  алы­­мы да қайтарылып, ынта­лан­ды­­рыл­­ды. Министрлік келісім аясын­да өзіне міндеттеме алған отандық кә­сіпорындардың бар­лығына мем­ле­кеттік қолдау көр­сетеді, – деді Ин­дустрия және инф­рақұры­лым­дық даму ми­нистр­лігінің өкілдері. Үкімет ұзақ жыл компанияға қа­­зақстандық болғаны үшін еш шар­тсыз қолдау көрсетіп келді. 2010 жылғы 24 маусымда «Азия Авто» АҚ-мен арада моторлы көлік құ­рал­дарын өнеркәсіптік құрас­тыру туралы келісімге қол қойы­лады. Онда автозауыт 2017 жылғы 1 маусымнан бастап автомобиль ша­нағын дәнекерлеу және бояу бойын­ша технологиялық опера­ция­ларды Қазақстанда жолға қоюға уә­де етеді. «Бірақ ол міндеттемені орын­да­ған жоқ. Ал «Азия Авто Қазақстан» АҚ 2012 жылғы 19 желтоқ­сан­да бас­тапқы мемлекеттік тір­кеуден өт­ті. Кәсіпорын сол бойы пай­да­лануға да берілген жоқ. 2012 жылы «Азия Авто Қазақстан» 2019 жылғы 1 желтоқсаннан бастап көлік ша­на­ғын балқытып, біріктіру және бояу бойынша технологиялық опе­ра­ция­­ларды ұйымдастыру мін­дет­те­ме­сін ала отырып, көлік құ­рал­дарын өнеркәсіптік құрастыру туралы ке­лісімге қол қойды. Алайда ол да мін­­деттемесін орындамады», – дей­­ді ИИДМ.  

«Үш секірдің, тұтылдың»

Билік өз сөзінде тұрмайтын ком­­паниямен келісімін сақтау үшін ба­­рын салыпты. Тіпті, мерзімді соз­балаңға салуына рұқсат етіпті. – Автозауыттың өз міндет­те­ме­ле­рін орындауға дайын емесін ес­ке­ре отырып, оны іске асыру мер­зі­мін ұзарту мақсатында 2017 жыл­дың басында қос компания көп­жақ­ты келісімге қол қою туралы ми­­нистрлікке өтініш білдірді. Сол жыл­­ғы 7 сәуірде ведомство олармен бірге міндеттемелер мерзімін 2019 жыл­­ғы 1 желтоқсанға дейін ұзар­та­тын көпжақты келісімге қол қойды. Құ­­жатқа сәйкес, өндіруші келесі жыл­­дың 1 сәуіріне дейін уәкілетті ор­­ганға жоспардың орындалуы тура­лы мәліметті, яғни келісім ке­зеңін жүзеге асыру кестесін ұсынуы тиіс. Нәтижесінде, 2020 жылғы есепте «Азия Автоның» 10 жылдай уа­қыт бұрын өз мойнына алған мін­деттемелерін енді көпжақты келісім ая­сында да аяқасты етіп отырғаны раст­алды, – деп мәлімдеді ИИДМ. Осыдан кейін келісім дереу бұ­зыл­ған болар? Жоқ. Министрлік ары қарай екі компанияға анық­тал­ған бұзушылықтарын 1 ай ішінде жою қажет деп 11 сәуірде жазбаша түр­де хабарлама жібереді. Олар бұл жо­лы да ескертуге мән бермеді. Бұл төзім теңізін тасытқан соң­ғы тамшыға айналыпты: өз уә­де­сін­де тұрмаған, тіпті соңғы ескертуге де құлақ аспаған өндірушімен ке­лі­сім бұзылып отыр. Заң талабы – осы­лай!    width= Заңгерлердің тұтас тобына ие биз­несмен өз уәдесіне немқұрайды қа­раудың неге әкеліп соқ­ты­ра­ты­нын білмеуі мүмкін емес. Әйт­кен­мен, Үкіметтен әлгіндей «суыт» ха­бар алған «Азия Авто» және «Азия Авто Қазақстан» естен тана жаз­дағандай түр танытып, қара ас­панды суға алдырып, ақпарат құ­рал­дарында дүрбелең туғызды. Министрлік келісім бұзылғасын отан­дық автоиндустрия да күйрейді де­ген болжамды жоққа шығарды. – Өнеркәсіптік құрастыру тура­лы келісімді бұзу – кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде жазылып жат­қандай, кәсіпорынның қыз­ме­тін тоқтатпайды! «Азия Авто» АҚ кө­лік өндірісін, ал «Азия Авто Қа­зақ­стан» АҚ зауыт құрылысын жал­­ғас­тыруға толықтай құқылы әрі со­ған мүмкіндік беріліп отыр. Оның үстіне, министрлік ком­па­ния­­лар өз міндеттемелерін орын­да­­ғаннан кейін олармен қайтадан ке­­лі­сім жасап, жеңілдіктер ұсынуға дайын, – деді ИИДМ өкілдері. Ведомство «Азия Авто» бас­шы­ла­­рын орынсыз талқылап, көпе-кө­рінеу жалған ақпарат таратудан бас тар­туға шақырды.  

Отандық өнім орнына ресейлік ши­пажай

«Азия Авто» меморганның айып­­­­тауына жауап берді. Оның бас ди­­ректоры Ержан Мандиев өз уә­де­сінде тұрмаудың бірнеше себебін ата­ды: біріншіден, бұған теңгенің де­вальвациясы себеп болған көрі­не­ді. Соның кесірінен, өткен жы­лы хол­динг 97 млн доллар жо­ғалтқан де­­седі. Екіншіден, оның бай­ла­мын­ша, компания сапалы құ­рылыс жүр­гізуге бағдарланған, бұл «ұзақ уа­қытты талап етеді». Рас, авто ша­нағын дәнекерлеп, бояйтын бір цех салуға он жылдай уақыттың неге жет­пегені белгісіз. Мысалы, 1963 жы­лы Италияның Ferrari кон­цер­нін бәсекелестікте шаң қап­тыру үшін Американың Ford жеңіл көлік жа­сау компаниясы небәрі 3 жылда автожарыстарға арналған зымыран-кө­лік өндірісін жолға қойған. Адал бә­­секелестіктің ғаламат қуаты де­ген – осы. Жария етілген дерекке жүгін­сек, «дәнекерлеу мен бояу цехын сал­­сын» деп осы уақыт бойы мем­ле­­кеттің салықтардан босатуы ар­қа­­сында «Азия Авто» 374 миллион дол­лар ақша үнемдепті. Тиісінше, ел бюджеті осынша табыстан қа­ғыл­­ды. Мұның сыртында облыс әкім­дігі «Бизнестің жол картасы» ая­­сында оның инфрақұрылым құры­­лысына 20 миллион доллардай кө­мек берген. Қазақстанда мемлекет алдын­да­ғы міндеттемелерін орындамаған ком­пания Ресейдің Сочи қаласында 5 миллион долларға санаторий са­тып алыпты. Енді оны әлеуметтік жо­ба ретінде көрсеткісі келеді. Не­г­ізі, «Азия Автоны» ресейлік «Авто­Ваз­дың» бірегей импорт­таушысы са­налатын «Бипэк Авто» құрған бо­латын. Ақпарат құралдарының ха­барлауынша, компания қыз­мет­керлерінің басым көпшілігі – ре­сей­ліктер. – Шынында да, Қара теңіз жа­ға­лауында санаторийіміз бар. Кор­поративтік университетіміздің оқу сес­сияларының бір бөлігі сонда өте­ді. Қызметкерлеріміз Ресей мен Қа­зақстанның 31 қаласынан сол жер­ге ұшып барады. Бизнес-жат­тықтырушының басым көпшілігін Ресей нарығынан жалдаймыз. Ен­деше кездесулердің Сочиде өтуі қи­сын­ды.  Холдингтің үздік жұмыс­кер­лері өз демалысын Сочиде өт­кі­зеді. Олардың Сочиде демалу құны­ның бір бөлігін компаниямыз суб­сидиялайды, – дейді «Азия Ав­то» бас директоры Ержан Мандиев. Үкіметтен зор қолдау көрген ав­­тозауыт өз еліміздің шипа­жай­ла­рындағы демалысты субсидияласа, орынды әрі әділетті болар еді.  

ЕАЭО талабына сәйкес келмейді

Қазақстан аты отандық, тегі им­­порттық автозауыттарын шет­ел­дік бәсекелестерінен ұдайы қор­ғаш­тап келеді. Тіпті, осы мақсатта ути­лизациялық алым дегенді ойлап тауып, Армения, Қырғызстан, Моң­­­ғолия мен Беларусьтен арзан кө­лік әкелінуіне тосқауыл қойыл­ды. ИИДМ дерегінше, жеңілдікті ав­­тонесиелендіру үшін 2015 жыл­дан 2019 жыл аралығында бюд­жет­тен жалпы сомасы 42 миллиард теңге бағытталды. Осы қаражаттың 21,7 миллиард теңгесі «Сарыарқа ав­тоөнеркәсіпке», ал 20,3 миллиар­ды «Азия Автоға» арналды. 2019 жыл қорытындысында барлық қа­ра­жат толық игерілді. Бүгінде «ре­вольверлік» тәсілмен қаржы қайта иге­рілуде. 2019 жылы Ұлттық банк жеңілдікті автонесиелендірудің төл бағдарламасын іске қосты. Оны қар­жыландыру биылға қарас­ты­рылды. Бұл бағдарлама аясында 5 жыл бойы, яғни 2024 жылға дейін жыл сайын 20 миллиард теңге бө­лі­ніп отырады деп жоспарланған. Алайда қазақстандықтар, тіпті 4% арзан кредитке ұсынылса да, «отан­дық» көлікке көп құлшынбай, кез келген жолмен өзге елдерден ав­токөлік айдап әкелуге ұмтылады. Оған тоспа қою шаралары әлеу­мет­тік кернеуді өршітуде: қарапайым қа­зақстандықтар сырттан арзан әрі жаңа көлік әкелу мүмкіндігінен қа­ғылды. Биылғы 11 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТЖ режи­мін қамтамасыз ету жөніндегі мем­комиссияның қорытынды оты­рысында Үкіметке инфрақұрылым­дық бағдарламалар бойынша жер­гілікті мазмұн үлесін 40-тан 60-70 пайызға дейін жеткізу міндетін қой­ды. Демек, инфрақұрылымға жауап­ты ИИДМ дәнекерлеу және бояумен шектеле бермей, ав­тоиндустриядан отандық мате­риал­ды және құрал-жабдықты барынша молынан пайдалануды талап еткені жөн. «Азия Авто» көлік қозғалт­қы­шын Қазақстанда шығаруға ин­вестиция салмайтынын кесіп айт­ты. Соған қарамастан салықтық жеңіл­діктер ала бергісі келеді. Е.Мандиев егер мемлекет одан айырса, сатылатын автомобиль­дердің бағасына кері әсер етіп, оны қымбаттататынын жеткізді. Салыс­тыру үшін айтсақ, отандық автокә­сіпорын KIA Sportage кроссоверін биыл 9,2-12,2 миллион теңге ара­лы­ғында ұсынады. Ал қазақстан­дық­тар 2018 жылы жасалған дәл осын­дай KIA Sportage жаңа көлігін Армения автосалондарынан 10 мың 300 долларға (4,3 млн теңгеге) айдап әкеліпті. Бірақ утилизация­лық алым кесірінен оның бағасы екі еседей қымбаттап шыға келген. Аты ғана отандық көліктердің он­сыз да удай бағасы ары қарай өс­се, оның халыққа және мемле­кет­ке қажеті қанша? Бұл бүкіл елді асырайтын ауыл шаруашылығы емес. Бұқара жеңіл көліксіз-ақ кү­нін көреді. Шалқыған бай адамдар отандық кәсіпорындар құрастыра­тын Ресей, Қытай, Корей көліктері­не қызықпайды. Сонда қазіргідей дағдарыс шағында бұл саланы ары қарай дотациялаудың қажеті қан­ша? Айтпақшы, «Азия Авто» қа­ғылған салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың игілігін Ресей, Беларусь автоконцерндері көріп отыр. Өйткені 10 кәсіпорынмен ав­токөлікті өнеркәсіптік құрастыру жөнінде 19 келісім бекітілген. Қазақстанда құрастырылған кө­ліктерді дамыған елдер түгіл, ір­ге­дегі қос алпауыттың да алмай­ты­ны анықталуда. Instagram парақша­сын­дағы тікелей эфир кезінде: «Не­ге отандық зауыттар ішкі на­рық­ты қыспаққа ала бермей, ха­лық­аралық нарықты игермейді?» д­еген сауал қойылды. Өз жауабында «Азия Авто» Ресейге жеңіл көлік экс­порттауға Еуразиялық одақ рег­ла­менті мүмкіндік бермейтінін мә­лімдеді. «Қазақстандық автокөліктерді Ре­сейге экспорттау қашан баста­лады? Жаңа өндірісте дәнекерлеу мен бояу іске қосылғанда ғана. Сон­да ғана ол өнім қазақстандық деп танылады және одақ ережесі бойын­ша Ресей нарығына еркін қол жеткізе алады» деп түсініктеме бер­ді компания. Е.Мандиев «Азия Ав­то» 2017 жылға дейін Қытайға 1 мыңнан астам «темір тұлпар» сата алғанын айтады. 2018 жылы ҚХР көршісінің мұндай өнімінен бас тартып, тосқауыл қойып тастапты.  

 width=Айхан ШӘРІП