Тыңайтқышты тиімді пайдаланып отырмыз ба?
Тыңайтқышты тиімді пайдаланып отырмыз ба?
Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі биылдан бастап то­пы­­раққа себілетін тыңайтқыш кө­­лемін көбейтуді көздеп отыр. Соған сай субсидия қар­­­­­жысы да өседі. Бұрын тек арамшөптерге қарсы хи­­­миялық дәрілерге ақша бөлінетін бол­са, бұдан былай өсімдік ау­ру­ларының алдын алуға жә­не зиянкестерге қарсы пре­параттарға қаражат бөлінеді. Биыл облыстардың бюджетінде 480 мың тон­на минералды тыңайт­қыштарды сатып алуға мүм­­кіндік бар. Оған қосымша 54 мың тонна тыңайтқыш сатып алу үшін республикалық бюд­жеттен 2,8 млрд теңге қарастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаров 21 сәуір күні газетімізге  бер­ген сұхбатында айтқан. «Биылдан бастап тыңайтқышқа бөлінетін қаражат көлемін кө­бейткелі отырмыз. Өйткені алынатын өнім көлемін көбейту үшін тыңайтқыш ке­рек. Бүгінгі күні біз тыңайтқыштың қажет мөл­шері­нің 18%-ын ғана қолданамыз. Ал Ресей мен Беларусьте оның мөлшері 50%-дан асады. Біз де сол деңгейге жетуіміз керек» деген болатын министр. Дегенмен тыңайтқышқа субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалар (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көрініс­те көрсететін карта) жасалуы керек. Әсіресе, оң­түс­тік өңірлерде ол жүйе жасалмаған шаруа­шы­лықтар әлі де көп. Мамандардың айтуынша, 1986 жылдары Қа­зақстанда 1 гектар жерге 29 келі тыңайтқыш се­білген. Ал қазіргі көрсеткіш – 5,5 келі мөл­ше­рін­де ғана. Осыдан келіп, өнім көлемі азайған әрі топырақтың құнары төмендеген. Өнім көлемі демекші, минералды тыңайт­қыш­тардың азаюынан жер тозып, өнім өн­діру көрсеткіші жылдан-жылға кері кетуде. Мә­селен, бізде бір гектардан 19 центнер өнім алын­са, Ресейде шығымдылық көрсеткіші гек­тарына – 25-26 центнер, Беларусьте – 36 центнер. Демек, бізбен бір одақтағы мем­лекеттер агротехникалық талаптарды сақ­тау­да алға озып тұр. Нәтижесінде, отандық фер­мерлер мен еліміздің агросекторы мол пай­дадан қағылуда. Егер дамыған елдердің көр­сеткішімен салыстырар болсақ, АҚШ-тың фермерлері 1 гектар жерден 1 500 дол­лар­дың өнімін алса, Германияда көрсеткіш –  2 800 доллар, Францияда – 3 200 доллар. Ал қазақстандық шаруалар орта есеппен гек­та­ры­нан 400 доллардың өнімін өндіреді. Жеріміз үлкен деп мақ­тан­ға­нымызбен, пайдасын көре алмай отырмыз. Топырақтың өнім­ділігі жағынан тиімділігі төмен. Мұн­дағы себептің бірі – жерге қолдан жасалған қастық. Мысалы, батыс өңірлерде мұнай-газ өнді­рісінің экологиялық әсерінен көп­теген аумақ шөп шықпайтын жерге айналса, әскери полигонға беріл­ген жерлер жүйелі күтімді қажет етеді. Ғалымдар 1,5 сантиметр топырақтың қайта қалпына келуі үшін 50 жылдай уақыт керек екенін айтады. Демек, келешек жер ре­формасы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстың басы да жерді, топы­рақты «емдеу» болмақ. Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры Абдолла Са­паровтың пікірінше, қазақ жерінің топырағы негізінен деградацияға бейім, шөлейтті жер. «Қазіргі таңда топырақтың деградацияға ұшы­рауы 76%-ға жетті. Еліміздегі 180 млн гектар жердің 26%-ына шөп шықпайды. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан топырақтың құрамын, құнарлығын толығымен зерттеп, тұтастай осы проблеманы реттейтін уақыт келді», – дейді А.Сапаров.  

Шаруашылық басында агроном, топырақтанушы маман­дар жоқтың қасы. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға баруға құлықсыз. Өйткені ауылда жас маманға жағдай жа­сал­маған, ол үшін 60-70 мың теңгеге жұмыс істегеннен қалада күзетші болып 100-150 мың теңге тапқан тиімді. Ал ауылдық жерлердегі агрономдар жасы келген, кеңестік кезеңде бі­лім алған кісілер. Қазір топырақтың жағдайы, технология басқа.

  Қазақстанда топырақты өңдеу, жердің құнарын арттыру ісінің тоқырап қалуына кәсіби маман­дардың аздығы да қатты әсер еткен. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың «Қазақстан-Неміс топырақ талдау зертханасының» меңгерушісі, PhD докторы Ақгүл Кәсіпхан ауыл ша­руашылығымен айналысатын­дар­дың дені тыңайтқышты қалай қолдануды, оның ережелері мен нормасын сақтауды білмейді. Осыдан келіп, «тыңайтқыштарды егістікке нормадан артық қосамыз немесе мүлдем қоспаймыз» дейді маман. «Екіншіден, шаруашылық басында агроном, топырақтанушы мамандар жоқтың қасы. Жоғары оқу орнын бітірген жастар ауылға баруға құлықсыз. Өйткені ауылда жас маманға жағдай жасалмаған, ол үшін 60-70 мың теңгеге жұмыс істегеннен қалада күзетші болып 100-150 мың теңге тапқан тиімді. Ал ауылдық жерлердегі агрономдар жасы келген, кеңестік кезеңде бі­лім алған кісілер. Қазір топырақтың жағдайы, технология басқа. Сон­дықтан ауылдық жерлердегі ма­мандардың, фермерлердің кәсібін жүйелі түрде жетілдіру жағын ой­ластыру керек», – дейді А.Кәсіпхан. Елімізде тыңайтқыш түрлері мен химиялық дәрілердің тиімді қолданылмай отыруының бір се­бебі – бағасының қымбаттығында. Мысалы, картоп және басқа да көкөністердің «жауы» саналатын колорадо қоңызына қарсы шаша­тын дәрінің 1 келісі – 30-35 мың теңгенің аралығында. Ондай қо­сымша шығынға көп шаруа бара қоймайды. Оның үстіне «фермер­лер химиялық дәрінің қолдану нор­масын дұрыс сақтамайды» дей­ді ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы Теміржан Айт­баев. «Мысалы үшін колорадо қоңызына қарсы қолданылатын хи­миялық дәріні алайық, бір гекта­рына 100 грамм десек, ол 50-100 литр суда ерітілуі керек. Ал егістік егетін шаруалардың барлығында бірдей ондай жағдай жоқ. Көбі көз мөлшермен ерітіп, үгітіп егістікке себеді және көбі солай істесек зиян­кестен тез құтыламыз деп ой­лайды. Алайда ол топыраққа, өнімге экологиялық зиян келтіреді. Қазір қолыңызға күрек алып, егіс­тік басын қазып көріңіз, жауынқұрт жоқ. Бұл – топырақтың улануының көрсеткіші», – дейді ғалым. Себебі біздің нарықтағы препараттардың басым көпшілігі шетелде өндірі­леді. Отандық зауыттар негізінен тыңайтқыштың белгілі бір түрін ғана шығаруға бағытталған. Яғни, ассортимент аз. Біздің кәсіп­орын­дар негізінен дәрінің әрекет етуші затын, яғни препараттың негізін құрайтын затын шетелден сатып алып, қоспасын қосып, дайын­дайды. «Қазақстанда рұқсат етілген пестицидтер тізімі бар. Бүгінгі таңда ол тізімге 850-ге жуық дәрі түрі енгізілген. Алайда оның 1,5 – 2%-ы биологиялық препараттар. Өзгесі өсімдіктерді аурудан қор­ғайтын зиянкестерге қарсы химия­лық препараттар. Ал органикалық өнім жүйесіне көшу үшін био­препараттар үлесі көп болуы қа­жет», – дейді Т.Айтбаев. Ғалымның айтуынша, топыраққа себілуі тиіс тыңайтқыштардан бөлек көкөніс, жеміс-жидек өскен соң да оларды түрлі аурудан қорғау үшін дәрілік препараттар себілуі керек. Деген­мен ол қосымша шығын болған­дықтан, шаруалар ескере бермейді. Қиярдың сарғайып, қурап, қыза­нақты, алманы қотыр басып кете­тіні – осының мысалы. Ал өсімдік аурулары өнім көлемінің азаюына әкеледі. «Үкімет ендігі жерде өсім­дік ауруларына қарсы дәріге, зиян­кестерге қарсы дәріге барлығына субсидия бермекші. Бірақ оның механизмі қалай болатыны нақты­ланбаған секілді. Фермер ол дәрілік препараттарды іздеп жүрмеуі ке­рек. Ол уақытында берілмесе, егіс­тікке кешігіп жетсе, бөлінген қар­жыдан ешқандай пайда болмайды. Сондықтан субсидияны сататын фирмалардың қызметіне бағыттап, арзан бағамен шаруаның қолына тиетіндей тетігін қарастыру ке­рек», – дейді ғалым. Иә, пести­цид­сіз көп өнім алу үлкен мәселе екені анық. Оның себебі жоғарыда көр­сетілгендей. Десе де, тыңайтқыштар мен химиялық дәрі-дәрмектер бизнестің көзі екені де анық. Қазіргі сәтте оның сапасын анық­тап, дұрыс қолдану жағы да күрделі мәселеге айналып отыр. 2001 жылы Стокгольм қала­сында қабылданған конвенцияға сәйкес, гексахлоран, гептахлор, ДДТ және т.б секілді қуатты инсек­тицидтерді пайдалануға 200-ден астам елде тыйым салынған. Бірақ оған Қытай, Таиланд, Үндістан секілді қол қоймаған мемлекеттер де бар. Ал біздің елге ҚХР-дан ауыл­шаруашылық өнімдері көптеп келетіні белгілі. Оған қоса, үш жыл бұрын ШҚО-ның Бесқарағай ау­данында Қытайдан пестицидтердің заңсыз әкелініп, 14 754 гектар жер­ге себілгені үлкен шу тудырған еді. Қалай десек те, қазақ жерінің әб­ден тозғанын, құнары азайғанын көріп отырмыз. Егер топырақтың қасиетін біржола «өлтіріп» алатын болсақ, көкөніс және өзге де азық­тық өнімді экспортқа шығармақ түгіл, өзіміз шетелдің ГМО-өнім­дерін сатып алып жеуімізге тура келеді.  

 width=Бауыржан БАЗАР