Болат ҚОРҒАНБЕКОВ,
Е.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
– Балаға ат қою – әр адамның жеке шаруасы, бұдан жеке адамның құқығы деген мәселе шығады, ешкімді күштей алмаймыз. Бірақ қазіргі кезде есімдерге байланысты бір жаман, бір жақсы нышан байқалады. Араб есімдерін қоюдың белең алуы сырттан келген ағымдар мен көзқарастардың ықпалынан екені жасырын емес. Оны мойындауымыз керек. Олар арабша сөзді өзгерту, бұрмалауды күпірлік деп түсінеді. Мысалы, қазір «адал» деген сөздің орнына арабтың «халал» сөзін қолдану жиіледі. Есімдер де солай. Араб тілі мен қазақ тілінің табиғаты мүлдем ұқсас емес, дыбыстары бөлек, ерекшеліктері әртүрлі. Тағы бір зияны, өзге ұлттың есімін қойған адамдардың құжатында ұлты ауысып кеткен жағдайлар да жиі кездеседі. Мысалы, «Абдулла» есімді адамның қай ұлттан екенін ажырату расымен қиын. Дәл осы кезде деструктивті діни ағымдар адам есімін де құрал ретінде қолданып жатыр. Адамның бойын үйрету арқылы жат мәдениет тарайды. Көптеген түркі халықтары ассимиляцияланып кетті. Сондықтан араб есімдерін қойғанда тілімізге икемдеген жөн.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақтың ат қою дәстүрін «Оғыз қаған» жырынан бастаған. Оғыз қаған өзінің ұлдарына «Күн», «Теңіз», «Ай» деп табиғат құбылыстарына қарап есім қояды. «Экспобек», «Саммита» сияқты есімдердің қойылуы – біздің ат қою дәстүріміздің әлі күнге дейін жойылып кетпегенінің көрінісі. Кезінде «Съезбай», «Мэлс» сияқты есімдер болды. Бұл күлкілі әрі ерсі құбылыс болып көрінгенімен, сүйсінтерлік дүние. Бұл нәрсе ішінара кездеспесе, жаппай құбылыс ретінде кеңге жайылып кетпейді. Сондықтан алаңдататын жағдай емес, керісінше жақсы.
Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы:
– Мәдениетаралық байланыстар кезінде сөздік қорға өзге тілдердегі сөздердің кіруі, олардың сіңісуі – заңды құбылыс. Сырттан сөз алу немесе қосымшалардың кіруі бар да, бірақ бір тілдің дыбыстық жүйесіне бөтен дыбыстардың енуі өте сирек кездеседі. Себебі ол – ұлттық тілдің келбетін ғана емес, ұлттық психологияның да ерекшелігін айқындайтын құбылыс. Сондықтан меніңше, есімдердің нормасын бұзып, басқа тілдің қалыбына салып жазу – дұрыс емес. «Қазақ есімі» деген ұғымның болашағы үшін қауіпті болуы да мүмкін. Өзге тілдегі есімдердің қойылуы бағзыдан бері бар. Сөздік қорымызға пайғамбарлар тарихы арқылы еврей есімдері және Құран арқылы араб тілінен, түрлі қатынастардың негізінде моңғол тілінен есімдер кірді. Бірақ барлығы дерлік тіліміздің әуезіне ыңғайланып, тілдік ерекшеліктерімізге икемделіп келді. Өткен ғасырда сырттан енген әліпби тілдік санадағы тілдің бейнесін өзгертуге едәуір ықпал етті. Соңғы жылдардағы жан-жақтан құйылған ақпарат тасқыны да барынша сол тілдердің ықпалына бейімдеуде. Соның ішінде діни көзқарастардағы өзгерістерге байланысты қазір бізде түпнұсқаға жақындата жазуға әуестену байқалады. Алайда ондай әріптер қазақ әліпбиінде болмағандықтан, орыс тілінің әуезіне бейімдеп жатқанымызға назар аудара бермейміз. Мысалы, қазақ тіліне бейімделген Әбі компонентін «Абд», «Абду» түрінде жазып жүрміз. Қазақ нұсқасына да, араб нұсқасына да ұқсамайды. Бұл – ілгеріде аталған сыртқы және жазу «нормасы» арқылы жүзеге асып жатқан ішкі ықпалдардың нәтижесі. Ресейде өткен ғасырдың басында қоғам мен дінді ажыратқанда, шіркеу арқылы қойылып келген дәстүрлі есімдер елеулі тоқырауға ұшырады. Кейіннен түрлі шаралардың арқасында өзінің алғашқы қалыбына қайта оралды. Біздегі мәселе жазу нормасының белгіленуіне байланысты. Кімнің қалай айтуын өз еріктеріне қалдырып, жазуда бірізді ұлттық үлгісі белгіленсе, көп ұзамай қайтадан қалпына келетіні анық.
Азиада, Саммитхан ғана емес, бұл секілді кездейсоқ қойылған есімдер біршама, алайда аса көп емес. Қазақ қоғамы ат қоюда демократиялық бағыт ұстанған. Сондықтан сөздік қорымызда көркем есімдермен қатар осындай кездейсоқ есімдер де жиі кездеседі. Өткен ғасырдың басынан бергі кезеңді алсақ, революцияға, ұжымдастыру және алғашқы техникаларға байланысты Карл Маркс, Ф.Энгелс, Ленин, Сталин т.б. байланысты түрлі тақырыптардағы есімдерді кездестіреміз. Демек, олар бұрын болған, алда да бола береді. Кездейсоқ есімдер қою тек қазаққа ғана емес, жер бетіндегі көптеген халыққа тән. Бірақ ондай есімдер қолданыста ұзақ уақыт бола алмайды. Белгілі жағдайға байланысты қойылады да, кейін қалып қояды.
Мадияр ТӨЛЕУ