Маңғыстауда мешіттерді ашу кейінге қалды
Маңғыстауда мешіттерді ашу кейінге қалды
Фото: Интернеттен алынды
165
оқылды
Жасалып жатқан жеңілдіктер босаңсуға болады дегенді білдірмейді. «Бүгіннен бастап өңірде бірқатар кәсіпкерлік нысандары өз жұмыстарына кірісті. Қоғамдық көліктер қайта жүре бастады. Азық-түліктен өзге де зат сататын базарлар мен дәмханалар, жеке кабинасы бар моншалар, қонақ үйлер ашылды. Теңіз жағалауына серуендеуге рұқсат берілді. Алайда, бұл жасалып жатқан жеңілдіктер босаңсуға болады дегенді білдірмейді. Себебі, қауіп әлі де бар, – деді  Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев. Бүгінгі мәлімет бойынша көрші Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны 16 пайызға өсіп, 627-ге жетті. Ақтөбе мен Түркістан облыстарында да біршама өсім бар. Маңғыстауда да бүгін 8 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны белгілі болды. Оның барлығы Бейнеу ауданының тұрғындары. Жалпы, елімізде Covid-19 вирусын жұқтырған 6 440 адам анықталды. Осыған орай облыстағы мешіттерді ашуды кейінге қалдырылды. Бұл коронавирустың елімізде әлі де басылмай отырғандығын, халық денсаулығына төніп тұрған қауіптің бар екенін көрсетеді. Сол себепті, сақтық шараларын сақтап, адам көп шоғырланатын жерлерге мейлінше бармауға шақырамыз. Барған жағдайда міндетті түрде маска киіп, ара қашықтықты сақтау маңызды. Нысандарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, санитарлық режимді сақтау керек. «Қонаққа барып, бірнеше адам жиналып алып, жиын өткізудің қазір қауіпті екенін тағы еске саламыз. Өзіңіздің ғана емес, балаларыңыздың, жақындарыңыздың өміріне де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ