Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай соңғы қоңырау онлайн режимде соғылады.
Министрліктің Facebook-тегі парақшасында онлайн режимде өткен аппарат жиналысында: «Білім саласында осы апта маңызды екендігін естере отырып, тоқсандық бақылаулардың дұрыс өткізілуін қадағалау қажет. 25 мамырда соңғы қоңырау мерекесі міндетті түрде онлайн режимде өтеді. Ал 3-4 маусым күндері барлық 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру шараларын ұйымдасқан және талаптарды сақтай отырып өткізуді ұсынамыз», – деді Шолпан Каринова.
Осы ретте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғарыда аталған ұсыныстар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігімен келісілгендігін атап өтті.
«25 мамырда онлайн режимінде 1-10 сыныптарға арналған соңғы қоңырау сынып сабақтарын өткіземіз. Жыл қорытындысын сол жерде әр сынып бойынша жасауға, оны әртүрлі уақытта өткізуге болады. Оны асыра ұйымдастырудың қажеті жоқ. Әр сынып жетекшісі қай уақытта, қалай өткізетіндігін ешқандай есепсіз, сұраусыз жеке тәртіпте өткізуі тиіс», – деді министр.
Аймағамбетов 3-4 маусымда мектеп түлектеріне аттестат тапсыру шарасы кезінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы тиіс екенін айтты.