Ертеде көшпенділер мамыр айының басында аз ғана уақытқа созылатын күннің суытуын «құралайдың салқыны» деп атаған. Мұның да өзіндік мәні бар. Дәл осы уақытта киік төлдейді. Биыл да ел аумағында киіктің төлдеу маусымы жалғасып жатыр. Басынан қара бұлт арылмаған осы дала сұлуы қазір өсіп-өнді ме? Қырғыны болса, оған не себеп? 1962 жылы Қазақстан жерінде киіктерге авиасанақ өткізіліп, шамамен 650 мың бас анықталыпты. Ал 1971 жылғы санақта 1,3 млн киік бары жазылған. Осыдан кейін бұл аң жоспарлы түрде ауланып, Кеңес Одағы тұсында мемлекет қорына жыл сайын 3 млрд АҚШ доллары көлемінде пайда әкелген. Мұның зардабы 1976 жылғы санақтан көрінгендей, 2 есеге азайып, 600 мың киік қалған. «Жығылғанға жұдырық» болып, дәл осы жылдары оңтүстікте қыс әдеттегіден қатты болды. Сол кезде халық 500 мыңға жуық ақбөкен аулаған екен. Бұл сөздің жалғаны жоқ. Өзіміз туып-өскен Сыр өңірінде үлкен кісілерден бұрындары ауыл ішінде ықтаған киікті адамдар қалай қырғанын талай естідік. Дегенмен өсімтал жануар 80 жылдары қайта 800 мыңға жеткенімен, киік қырғыны тыйылмады. 1984 жылы Еділ мен Орал құмында 250 мың, 1988 жылы Байқоңырдан зымыран ұшқан кезде бірнеше күннің ішінде 434 мың киік өлген екен. Соңғы 5-6 жылдағы жағдай да оңып тұрмағаны анық. 2015 жылғы ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда 180 мың шамасында киік қырылып қалды. Қазір елде 334 400 (2019 жылдың қорытынды санағы) мыңнан астам киік бар. Сонда сол жылы өлген киіктің саны қазір елде бар киіктің 55 пайызға жуығына тең деген сөз. Шетелден шақырылған мамандар киіктің пастереллез (улану) ауруынан қырылғанын анықтады. Бірақ осы уланудың себебіне түрлі табиғи факторды келтіргенімен, ауру ошағын дөп басып айта алмаған болатын. Киіктердің негізгі 5 популяциясы бар. Соның негізгі үшеуі – Қазақстанда. Бетпақдала, Үстірт және Орал киіктері. 2018 жылға дейін киіктер орташа есеппен жылына 41 пайызға көбейіп отырған екен. Былтыр да жақсы өсім тіркелді. 2018 жылы елде 215 100 киік болса, 2019 жылы 334 мыңға жетіп, жылдық өсім 55 пайызды құраған. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдәхмет биыл күзде тағы санақ өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– 2019 жылғы дерек бойынша, елдегі үш популяцияны қосқанда 334 400 киік бар. Биыл күзде санақ өтуі керек. Киік төлдеп жатқанын ескерсек, бұл сан біршама артқаны анық. Киіктер республикамыздың 10 облысында мекен етеді. Оларды әр өңірдегі аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері мен «Охотзоопром» инспекторлары күзетеді. 123 млн гектар аумақта 200 инспектор бар. Бірақ киік қауіпсіздігі әлі өзекті. Төлдейтін маусымды ескеріп, 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында «Киік» акциясын ұйымдастырып, өзіміз бақылап жүрдік, – дейді маман.Киік жайын айтқанда браконьерлердің де аты қоса шығып жатады. Киіктің мүйізі өзіне қасірет болғандай. Тіпті, елдегі төтенше жағдай кезінде де браконьерлер тыйылмады. 11 сәуірде Қызылордада блок-бекетті екі Тойота Ланд Крузер автокөлігі айналып өтіп қашқан. Біреуі жолай аударылып қалып, адамдар екінші көлікке мініп, ізін суытып үлгерген. Аударылған көліктің ішінен киік еті мен 224 мүйіз, қару-жарақ табылған екен. Бұл бір ғана жағдай емес. 12 мамырда Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында 30 дана киік мүйізімен браконьер ұсталды. Астына мінген көлігі бұл жолы да Тойота Ланд Крузер. Байқасақ, браконьерлер жолсыз жерге арналған мықты темір тұлпарларды тізгіндейді, оның үстіне жарағы да сай. Инспектор Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан қаза тапқан кезде Қазақстанда қорықшыларға оқ өткізбейтін кеудешелер беру жайы қаралған. Бірақ бұл әңгіме де сол күйі жылы жабылды. Дегенмен заңсыз аңшылық жасағандармен олжа бөлісетін инспекторлар да бар сияқты. Мысалы, жыл басында Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «Охотзоопром» қызметкерлері киік етімен ұсталды. Жалпы, 2019 жылы 700-ден астам киік браконьерлердің жемі болған. 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленген. Елдің табиғи ресурстарына 3,3 млрд теңге шығын келген. Биыл да шығынсыз емеспіз. 18 браконьерлік оқиға тіркеліп, 383 ұша мен 594 киіктің мүйізі тәркіленген. Бұл 1 млрд теңгеден астам шығын екен. Қазақстанда браконьерлер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бірақ жаза күшейгенімен тыйылып жатқан заңсыз аңшылар сирек.
– Біз өз аумағымызға тиесілі Үстірт популяциясын бақылаймыз. Өткен жылғы санақта 5 900 бас киік тіркелді. Киік көшпелі жануар болған соң Ақтөбе, кейде Қарақалпақстанмен шекаралас жерлерге дейін ауып кетеді. Оның үстіне, елсіз жерде аңшы көп. Браконьерлердің көбіне жақсы көліктер мінетіні жасырын емес. Бірақ инспекторлар бір-бірімен хабарласып отырып, алдын орағытады. Браконьерлер ауыздықталса, киік сөзсіз тез көбейер еді, – деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Ғаббас Досатов.ТҮЙІН:
Қазақ халқы мен киіктің табиғаты бірдей секілді көрінеді кейде. Көшпелі ғұмыр, даланың сырын ұғысқан ғұмыр. Бірақ сол киені адам өз қолымен құртып жатқаны жанға батады. Қазақ «Аңсыраса – аңшы тоқтамайды» деуші еді. Тура біздің кебіміз.