Мектеп бітірген түлектердің дастарқан жайып, банкет өткізуіне тыйым салынады
Мектеп бітірген түлектердің дастарқан жайып, банкет өткізуіне тыйым салынады
Фото: Интернеттен алынды
639
оқылды
Биыл мектеп түлектерінің білім ордасына, ұстаздарына сыйлық беруіне тыйым салынады. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, биыл мектеп бітіргені үшін ақша жинау қатаң қадағаланады. Министрліктің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен аппарат жиналысында: «Биылғы оқу жылының бітуіне, мектепте іс-шаралар өткізуге байланысты қаражат жиналмауы қатаң тәртіпте бақылануы тиіс. Оған әрбір мектептің басшысы жеке жауап береді. Мектептің әкімшілігі және қамқоршылық кеңесі барлық ата-аналармен мектепке немесе мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне сыйлық жасауға болмайтындығы жөнінде жұмыс жүргізуі қажет», – деді Шолпан Каринова. Оның атап өтуінше, түлектердің қатысуымен өтетін іс-шаралар мектепте 11-сыныппен жұмыс істейтін педагогтердің, сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен жүргізілуі қажет. «Осы іс-шараларды өткізу барысында жасауға болмайтын жайттарға тағы бір назар аударуды ескертеміз. Біріншіден, іс-шараларды өткізу барысында әртүрлі агенттіктерді, жекеменшік студияларды не аниматорларды шақыруға болмайды. Мұндай іс-шаралар кең ауқымды болмауы да қажет. Мерекелік дастарқан жаю мәселесі мүлдем қарастырылмауы тиіс. Мектеп бітірушілер бірнеше автомобиль жалдап, қала ішін, жергілікті жерлерді араламауы керек. Мейрамхана, дәмхана және басқа да көңіл көтеру орындарында түлектердің қатысуымен шаралар болдырмау үшін ата-аналармен тиісті жұмысты жүргізілуі қажет», – деді Шолпан Каринова.