Ақтаудағы қылмыс: жас қызды зорлаған күдікті құрықталды
Ақтаудағы қылмыс: жас қызды зорлаған күдікті құрықталды
350
оқылды
Ақтауда криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмаған қыз баланы зор­ла­ды деген күдікпен ер адам­ды ұстады. Бейресми мәлі­мет­терге сүйенсек, күдікті – Ақтау қаласындағы «Волна» спорт кешенінде каратэ жат­тық­тырушысы. «Ол 2005 жылы туған шәкіртіне 2019 жылдың желтоқсанынан бас­тап бірнеше мәрте зор­лық әрекетін жасаған деген күдік бар. 39 жастағы жігіт лезгин ұлтының өкілі» деп те айтылады кей ақпарат кө­зінде. Бұл мәліметтің анық-қанығы тергеу толық аяқ­талған соң белгілі бо­лады. – Бір білеріміз, Маңғыстау облысының Полиция департа­менті басшысы бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алды. Қазір осы дерек бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалып отыр. Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігі (Адам зорлау) және 122-бабы 3-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау) бойынша тер­геу жалғасуда. Заңның бұл бап­тарымен қылмыскерге 12-ден 17 жыл аралығында бас бос­тан­­дығынан айыру жазасы көз­делген. Бүгінгі таңда күдікті сот санкциясымен қамауға алы­­нып, тергеу изоляторында жа­тыр. Бірқатар сараптамалар та­ғайындалды. Тергеу мүддесіне және Қылмыстық іс жүргізу ко­дексінің 201-бабына сәй­кес, істің егжей-тегжейі жария­лан­­байды, – деп атап өтті Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің бас­шысы Амангелді Досжанов. Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын босқа арандатпауға шақырады. Өйткені әлеуметтік желілерде қазақ қызының жәбір­ленгені, ал ер адамның тергеу абақтысында емес, үй қамауында болғаны туралы ақпарат тарап кетті. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақтау қаласы Полиция басқар­масының 102 кезекші пультіне тұрғындардан шақыру келіп түскен. – Бұл шақыруға Ақтау қа­ласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны шықты. Оқиға орнына топтас­қандар қылмыстық жағдайды анықтау үшін барғаны белгілі болды. Барлығы да Ақтау қала­лық Поли­ция басқармасына жеткізілді. Облыс тұрғындарына карантин кезінде үш адамнан астам топ­тармен жиналуға тыйым салын­ғанын еске саламыз, – деп атап өтті аймақтық Полиция департа­ментінің баспасөз қызметі. Әлеуметтік желі арқылы та­раған ақпараттарға байла­нысты өңірдің 10-нан астам жас жігіті шаһардағы №5 ша­ғы­нау­данындағы №4 үйдің ау­ла­сына жиналды. Жастардың барлығы Ақтау қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Оған қатысушылардың бірі – Еркебұлан Талғатұлы. Ол: «1996 жылы өмірге келдім. Біз қазақ қызын зорлаған лезгин жігітінің абақтыға қамалғанын білген жоқпыз. Соны ойлап бардық. Барғаннан соң бізге полиция қыз­меткерлері бәрін түсіндірді. Енді көзіміз жетті. Бір білместік болды», – дейді. Тәртіп сақшыларының про­фи­лактикалық әңгіме­лесуінен кейін барлығы үйлеріне жіберілді. WhatsApp мессенджерінен жәбірленуші мен күдіктінің жо­ғарыда көрсетілген іс бойынша жеке мәліметтері көрсетілген зорлау туралы хабарламалар жі­берілген. Бұл деректер полицияда расталғандай шындыққа сәйкес келмейді. Амангелді Досжановтың ай­туынша, зорлыққа ұшыраған қыз туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан аза­маттар ҚК-нің 147-бабы 5-бөлігімен (Адамның жеке өмі­рі­не қол сұғу) фактісімен адам­­­­ның жеке басына қатысты мә­ліметтерді таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін ескер­теді. Көпшілікті дүрліктіріп, жал­ған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы прокурорының орын­басары Ержан Тұрмағанбетов журналистерге арналған бри­фингте: «Елімізде ұлтараздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыруға заңмен тыйым салын­ған. Мұндай әрекеттерге бой алдырғандар Қылмыстық ко­декстің 174 және 274-баптары бойын­ша қылмыстық жауап­кер­­шілікке тартылады» деп нақтылады. Көпшіліктің мазасын қашыр­ған іс бойынша тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс сот­қа жолданады.  

Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ