Тиянақ пен тайғанақ
Тиянақ пен тайғанақ
250
оқылды

Заман күнде өзгеріп жатыр. Қоғам да солай. Қазір тіпті ұстараның үстімен жүргендей халдеміз. Қазақстан президентін сайлау заң шеңберінде өтті. Мемлекеттің жаңа басшысы басым дауыспен сайланды. Ары қарай сындарлы жолмен, салиқалы бағытпен алға жылжуымыз керек-ақ. Бірақ шырайлы тірлікке ши жүгіртіп, жоқ жерден шу шығарғысы келетіндер арагідік қара көрсетіп жатыр. Әйтеуір, айғай шыққан жерге аттандап бару абырой әпермейтіні анық болса да, ашық күнде адасып жүрген замандастар да табылады.

Ақордада отандық және шетел­дік БАҚ өкілдеріне арналған бас­пасөз мәслихатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тілшілердің сауалына орай, сайлау күніндегі заңсыз шерулерге қатысты пікірін білдірді. «Менің тарапымнан құқық қорғау органдарына сайлау қар­саңын­да барынша ұстамдылық таныту туралы тапсырма берілді және шерулер кезінде олар мұны жасады да. Алдағы уақытта да олар өздерін дәл осылай ұстайтын бола­ды», – деді Қазақстан Президенті.

Бір нәрсені анық ескеру қажет. Бізде бір-ақ мемлекет бар. Бұл – Қазақ елі. Оның іргесін шайқауға ешкімнің құқы жоқ. Зайырлы ел бол­ған соң, әркімнің өз көзқарасы, өз ұстанымы бар. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрбір азаматтың пікірін білдіруге құқы бар екенін айтып отыр. Бұл ретте өзара іс-әрекеттер конструктивті диалог форматында болуы тиіс екенін ескертті. «Азаматтар тарапы­нан айтылған наразылықтарға қатысты айтар болсам, онда диалог форматын түбегейлі түрде ұсынуы тиіс деп санаймын. Мен Қоғамдық сенім комитеті құрылатынын бұған дейін айттым. Оның құрамы­на қоғамның түрлі тобының өкіл­дері кіреді және онда пікір алмаса аламыз. Менің түбегейлі ұстаны­мым: түрлі пікірлер бола алады, бірақ бізде ұлт – біртұтас. Пікір әртүрлі, халық – біртұтас», – деді.

Бұдан артық не керек? Осы сайлауда Тоқаевтың тапсырмасымен бүкілхалықтық Birge акциясы өткізілді. Толғандырған мәселең бар ма: айт, ұсын, жаз! Ешкімнің қолын байлап отырған жоқ. Мәселені бірлесіп шешу мүмкін­дігін пайдаланбаған азамат кімге өкпе артады?

«Аманат» азаматтық платфор­масы сайлау қарсаңында халықтан 1 500 бейне-аманат жинапты. Елді толғандырған көкейтесті мәсе­лелердің бірсыпырасы анықталған. «Халықтың өз өмірін, мемлекеттің даму бағытын өзгертуге деген ниеті ұнады. Бәрі оны камера алдында айтып, саяси дода жеңімпазына жетеді деген үмітпен жолдап жатты. Айтылған проблемалардың көбі медицина, білім беру саласындағы реформалардың тиянақтылығы, әлеуметтік қамсыздандырудағы әділетсіз ережелерді жою сияқты күн тәртібінде қызып тұрған мәселелерді қозғаған. Елдің ол аманатын тиісті жерге жеткіземіз деп ойлаймыз», – дейді «Аманат» өкілі Мұсағали Дауымбек.

Бұл сайлау азаматтарымыздың ел болашағына бейжай қарамай­тынын көрсетті. Қазаққа тиянақты тірлік керек. Қызылсөздің қуыр­дағын қуырмай, желсөзге желікпей, қалың елге ортақ мәселелерді ымыра-бірлікпен шешуге еш ке­дергі жоқ қой. «Мұз үстінде жүр­гендей тайғанақтап» деген халық әнінде айтылғандай, тайғанақты емес, тиянақты таңдау ақылға қонар еді.