Әлем елдерін әлекке түсірген дерт айылы басылар емес. Таралу ауқымы кеңейіп, уақыты ұзарған сайын мамандар салатын вакцинасын іздеу үстінде. Өкінішке қарай, Қызылорда облысы да бұл індеттен шет қалмады. Ел арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар шығып жатыр. Қаладағы пандемияның таралуына байланысты карантин тәртібі орнады. Осыған байланысты қандай жұмыстар жүріп жатқаны жайында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен сұхбаттасқан едік.– Төтенше жағдай кезіндегі шектеулікті түсіндірген қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін не қажет?
– Қызылорда қаласының шекарасында санитарлық блок-бекеттер орнатылып, олардың толыққанды жұмыс істеуіне жарық пен байланыс құралдары, бес мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қала ішіндегі қозғалыстарды шектеу мақсатында 11 патрульдік бекет іске қосылды. Ал күндізгі уақытта полиция және әскериден жасақталған 93 қызметкер, түнге 27 қызметкер, 24 адамнан құралған 6 мобильдік полиция қызметкері жұмыс істеуде. Қалаға қарасты 2 кент, 7 ауылдық округте елді мекеннің барлық кіру-шығу жолдарына бекет құрылып, қатаң бақылауға алынды. 14 сәуірден бастап қалаішілік қоғамдық көліктер тоқтатылып, қала әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуде. Халық көп шоғырланған нысандардың жұмыстары уақытша тоқтатылды. Азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, медициналық заттарды және басқа да тұрғындардың өмір сүруіне ең қажетті қызмет түрлерін, өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді қоспағанда, қаламызға автокөліктерге 14 тәулікке дейін кіріп-шығуға қатаң тыйым салынды.
Бүгінгі күнге дейін қала бойынша төтенше жағдай режимін бұзушылықтың 392 фактісі тіркелді. Олардың 76-сына әкімшілік айыппұл салынса, 64-іне әкімшілік қамау шарасы қолданылды. Қалған 252 тұлғаның ісі сотта қаралуда.
– Осындай қысылтаяң кезеңде ел жанашырлары да қол ұшын созып, көмек ұсынып жатыр ма?
– Ешқандай есепсіз, қайтарымын күтпейтін, жарнамасыз жасалып жатқан қайырымдылық – ізгі қоғамның көрінісі. Сыр өңірінде ізгілік дәнін сеуіп жүрген қайырымды азаматтар қатары аз емес. Атап айтқанда, кәсіпкер азаматтар Қайрат Боранбаев «Қызылорда» қонақүйін, Мырзабай Шалғымбаев «Достық» қонақүйін, Мұрат Сәрсенбаев әуежай маңындағы ғимаратты уақытша медициналық нысан ретінде пайдалануға берді. Мәселен, BizBirgemiz акциясы аясында қала кәсіпкерлері «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев 200 отбасыға күріш үлестірсе, кәсіпкер Қанат Смағұлов 50 отбасыға, «Сыбаға» ЖШС директоры Лейла Ризванова 200 отбасыға көкөніс жеткізсе, «Най-Мир» ЖШС 100 отбасыға, «Мағжан и К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев 100 отбасыға күріш жеткізген. «МұнайТехСервисОрда» ЖШС директоры, кәсіпкер Дәулет Қайсариев көпбалалы 200 отбасыға азық-түлік үлестірді. Қызылорда қаласындағы «Аль-Асад» сауда үйі мұқтаж жандарға күніне 500 нан тегін беруде. Бұған дейін 100 отбасыға азық-түлік үлестірген болатын. «Дорстрой» ЖШС басшысы Мұрат Тілеулиев облыс бойынша 10 млн теңге арнайы мұқтаж жанға қаржы бөліп, 1 000 отбасыға, оның ішінде Қызылорда қаласындағы 200 әлеуметік көмекке зәру отбасыға азық-түлік үлестірді.
– Нұрлыбек Машбекұлы, көктемгі ауылшаруашылық жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 1 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойған еді. Төтенше жағдай талаптарын орындап, көктем мезгілінде тіршіліктің барлығын тоқтатпай, маңызды, яғни шаруашылық жұмыстарын жүргізу керегін жеткізді. Қалаға қарасты ауылдар мен саяжайларда халық күнделікті көп тұтынатын азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында жылжымалы көлікпен көшпелі сауданы жиі ұйымдастыруды және тауарлардың бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды. Төтенше жағдай мерзімі біткенімен, қауіпсіздік шаралары әлі де атқарылып жатыр.
– Жылжымалы мобильді пошта қызметі жасы 65-тен асқан қала тұрғындарына және мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға зейнетақысы мекенжайлары бойынша жеткізіліп отыр ма?
– Қазір қауіпті инфекцияның таралуының алдын алу және қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан осы жұмыстарды ұйымдастыруда біздің тапсырмаға сәйкес мобильді топтың жұмысын оңтайландыру үшін Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан қажетті техникалық құралдармен, волонтерлық топтармен қамтамасыз етілуде.
Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Қазпошта АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының қалалық пошта және байланыс бөлімшелеріне қала әкімдігінінің қолдауымен 8 дана дезинфекциялық тоннельдер орнатылып, қала халқының игілігі үшін арнайы сақтық шаралары жасалды.
Ауыл әкімдіктерімен келісе отырып, кесте бойынша елді мекендерге барып, Сабалақ, Ягодка, Эдельвейс саяжайлардың тұрғындарына жылжымалы пошта автокөлігімен қаржылық-банктік қызмет көрсетіледі. Оған қоса, қала маңындағы елді мекен тұрғындарына жалақылары мен зейнетақыларын алу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы банкоматтар орнату жолдарын қарастыруды тапсырды.
– Қызылорда қаласына қарасты саяжайларға сауда өз тауарларын халыққа қалай ұсынуда?
– Бұған дейін хабарлағанымыздай, төтенше жағдай кезеңінде қала аумағында блок-бекеттер орналасуына орай, қалаға қарасты елді мекен тұрғындарының қалаға кіріп-шығуына шектеу қойылып, қала төңірегінде орналасқан саяжайларға жылжымалы көлікте көшпелі сауда ұйымдастырылу жолға қойылған болатын.
Осы ретте қала әкімінің тапсырмасымен қаланың шет аймақтарында шоғырланған елді мекендердегі халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында, «Мирас» және «Анвар» сауда орталығының демеушілігінің арнайы бөлінген жүк көлігімен және «Еурофарм» ЖШС жылжымалы дәріхана қызметі де қала төңірегінде орналасқан саяжайларға «Эделвейс», «Сабалақ», «ПМК-29», «Электромонтажник», Наурыз, Ақсуат, тағы басқа елді мекендерге нарық бағасынан 5-10% төмен бағада азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттармен көшпелі сауда өз жұмысын жалғастыруда. Жалпы, көшпелі саудаға сұранысты қажет ететін өнім түрлері мен азық-түлік: ұн, ет, картоп, пияз, сәбіз, күріш, рожки, сүт, шай, өсімдік майы; тұрмыстық заттар сатылымға шығарылуда.
– Әңгімеңізге рақмет!