Атаусыз көше: он бір үйдің мұңы
Атаусыз көше: он бір үйдің мұңы
209
оқылды
Шымкент қаласындағы Солтүстік-батыс шағынауданының 40-66 жер учаскесі иелерінен мынандай мәтінде хат келді. «Осында тұрғанымызға 10 жылға жуықтаса да, көшеміздің аты жоқ. Көшемізге асфальт тұрмақ тас төселмеген. Жаңбыр жауса лай, батпақтан үйден шығу мүмкін болмай қалады. Әкім­ші­лікке барып шаршадық. Қаладағы автомобиль жолдары бас­қармасы басшысының да есігін тоздырдық. Бір-біріне сіл­теп, сан сылтау айтып шығарып салады. Ашуы­мызға тиетіні – ай­наламызда басшылар тұратын көшелердің барлығы жөнделіп, асфальт төселген. Біз сияқты қарапайым адамдар ортада қалып кеттік. Қашанғы осылай отыра береміз?» деп жазыпты арызданушы Жанат Зейденова мен Айгүл Тамен. Көрсетілген телефон нөмірлері арқылы байланысып, айтылған мекенжайды зорға таптық. Бас­тапқыда қала шетіндегі көше­лер­дің бірінің мәселесі шығар деген­біз. Жоқ, қаланың орталы­ғында-ақ орналасыпты. Жарық­тан­дырылған, асфальтталған зәу­лім-зәулім үйлері бар көшелер­дің арасында бар-жоғы 11 үйі бар кіш­кене көше өркениеттен ада болып қалып кетіпті. Тарақтас және Әлімтау көшелерінің ортасында ат қойылмай қалып кеткен кішкене көше бір жақта, яғни оң жақтағы үйлер келесі көшенің еншісінде. «2010 жылы осында келге­ні­міз­де айналамызда жалғыз үй бар еді. Бастапқыда көшемізге тас төселген болатын. Кейін 2014 жылы газ кіргізушілер тасты қо­па­рып тастады. Міне, 6 жылдан бері топырағы шыққан көшеден жаңбыр жауса, балшыққа батып көлік те, бала-шаға да жүре алмайды», – дейді осы көшенің тұрғыны Бекзат Майлыбаев. «Та­сы қопарылған алғашқы 3 жыл­да мүмкін жөндеп берер деген үміт­пен, үндемей күттік. Қарасақ, айна­ламыз толық асфальтталып қой­ды. Қайран болмаған соң көше тұр­ғындары жиналып, арыз жазып әкім­шілікке бара бастадық. Сандалып жүргенімізге тағы 3 жыл болып қалыпты. Еш нәтиже жоқ. Әр барғанымызда әртүрлі себеппен шығарып салады. Өткен жылдың күзінде жолға жауапты басқарманың басшылығында қызмет ететін Абай есімді азаматқа барғанымызда қарамағындағы Қайрат есімді бөлім басшысына көзімізше тапсырма берді. Қайрат бізге бір аптаның ішінде тас төсеп береміз деп шығарып салған. Осылайша, аяқтан тозып, алданып жүрміз», – дейді тұрғындар. Басқарма басшысы қоғамдық көлік жүргізуге уәде берген екен. Онысы бір апта жүріп, қайта тоқ­та­ған. Осылайша, көше тұрғын­дарының дауысын әзірге ешкім естімей тұр. Мұндағы тағы бір мәселе, элек­тр жарығы. Электр энергиясы арнайы трансформаторға жал­ған­баған. Тұрғындар өздерінің күші­мен келесі көшеден жарық тартып алыпты. Тарақтас көшесіндегі үй­лердің үстімен өткен сымдар өте қауіпті. Енді сол Тарақтас көше­сінің тұрғындары бұған қарсы­лық та­ны­тып отыр. Кәріз жүйесі болса да қо­сыл­маған. Міне, жол аза­бы­нан бөлек, қордаланып қалған осын­ша проблема бүгінде көше тұрғын­дарының әбден титығына тиіп тұр. Ендігі олардың алаңға шы­­ғып, наразылық шараларын жасау­­д­ан басқа амалы қалмай отыр. Сонымен, біз де осынау көше мәселесінің мәнісі жайлы жауап алу үшін жауапты тұлғаларға ор­наласқан жерден интернет арқылы белгі жіберіп, зорға түсіндірдік. Себебі көшеге атау қойылмаған. Шымкент қалалық Жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының авто­мобиль жолдары бөлімінің бас­шысы Қайрат Баймендиев бұл көшенің құрылысы биыл жоспарда жоқ екенін жеткізді. «Көше тұрғындары алдымен кәріз жүйесіне қосылуы керек. Кәріз жүйесіне қосылмай біз жол салмаймыз. Негізінен мұнда кәріз жүйесінің жұмыстарын атқару үшін коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы мердігер ком­пания белгіленген. Алайда олар ақша жоқ деп жұмысын атқар­май отыр. Яғни, мұнда біздің еш кі­нәміз жоқ. Кәріз жүйесіне қосыл­сын, сосын ақша бөлінсе жолды да жөндейміз», – дейді бөлім басшысы. Қалалық энергетика және ком­муналдық шаруашылық бас­қармасының кәріз жүйесіне жауап­ты маманы Алмас Шитенов көше тұрғындарын кәріз жүйесіне қосуға жоба әзірленгенімен, бюджеттен қаржы қаралмағанын айтады. Қолбайлау болып тұрған қаржы мәселесі шешілсе, бұл жұмыстар да аяқталмақ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» болып тұрған бұл мәселе дәл мына қарқынмен биыл да, тіпті келесі жылы да шешілетініне күмәніміз бар. Жауапты тұлғалар тарапынан жанашырлық та бай­қалмайды. Бірі-біріне сілтеп, тұр­ғындарға да мардымды жауап беріл­мей, сырғытпа жауаппен шығарып сала берген. Рас, айтса айтқандай, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында коммуналдық проблема шаш етек­тен. «Үшінші мегаполис мәртебесін иеленген Шымқала күннен-күнге көркейіп келеді, көз тартатын көрікті жерлері көп» деп мақта­нып жүрміз ғой. Алайда пробле­масы да соншалықты көп екенін жасыруға болмайды, сырттан келген қонақтарға көрсету үшін орта­лықты әспеттеп, әрлей бер­геннен не пайда? Жыртықтарымыз жан-жақтан сығалап тұрса?! Тіпті, көшелеріміздің ұзын­дығы жағынан абсолюттік рекорд орнатып айды аспанға бір-ақ шы­ғардық. Одан бөлек, қала шетін­дегі 40 елді мекенді өзіне қо­сып, Шымкент қаласы миллион тұр­ғыны бар қала ретінде таныл­ғаннан кейін, қала тұрғындары «КИнЭС-2018» атты Қа­зақстан­ның рекордтар кітабының өкілдері тіркеген әлемдік рекордты да ор­натты. Құр мақтангершілік, жалаң цифр! Қазір 2 000-ға жуық көшесі бар Шымкент қаласының ау­мағы 117 мың гектарды құрап, кей­бір алпауыт қалалардың жер көле­мінен де асып түсті. Алайда 2 000 кө­шесі бар деп ауыз толтырып айт­қанымен, жоғарыдағыдай проб­ле­маға толы. Тіпті, 10 жылдан бері көше атауынсыз отырған тұрғын­дарды аяйсың іштей. (Әлі қан­ша жыл отырары белгісіз). Олар түгілі өзіміз жауапты сала маман­да­рына көшенің орналасқан жерін бір рет түсін­діреміз деп әлек­ке түстік. Шаһарда бұрыннан бар 40 елді ме­кеннің проблемасы аз бол­маған, оған сырттан қосылған 40 елді мекеннің 40 түрлі жанай­қайын қосыңыз. Рас, Түркістан облысынан бөлініп, өз алдына шыққанына 2 жылға жуықтаса да Шымкент қаласының даму жоспары әлі күнге дейін бір жү­йеге түсе алмай жатыр. Қалай жүйеленсін, 2 жылда 3 әкім ауыс­са, оның әрқайсысы өз команда­сын жа­­сақ­таумен уақыты кетеді. Ал біз жаз­ған мәселелер осылайша жо­ғары жақтағы саяси ойындардың тасасында майда-шүйде күйінде қалып кете береді. Мегаполис атауының кез кел­ген қалаға берілмейтінін, яғни ол үшін қалада адамдарға зама­науи жағдайлар жасалған болуы, тұрғындардың қауіпсіз, жайлы өміріне қажетті жағдайдың бар­лығы да жасалуы керегін ескерсек, Шым­шаһар мегаполиске қан­ша­лық­ты лайық деген ой келеді кейде...  

 width=

     

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы