Елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңа сайланған Мемлекет басшысын ұлықтау салтанаты өтті. Осылайша, 9 маусымдағы сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстан Президенті қызметіне кірісті.
Қабылданған дәстүр бойынша Мемлекеттік ту мен Президент байрағы, сондай-ақ Қазақстан Конституциясы Тәуелсіздік сарайының үлкен залына әкелінген соң, Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қ.Тоқаев халыққа ант берді:
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін! – деді ол.
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, зеңбіректерден 21 рет оқ атылды. Сондай-ақ Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстанның Мемлекеттік туы көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Президентінің куәлігін тапсырды.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артып, қолдау көрсеткен үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтты және қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.
– Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды. «Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс» дейді. Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Ендеше, бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі! – деді Президент.
Ол азаматтарымыздың Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындағанына екпін түсірді.
– 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды! Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Оның байламынша, бұл сайлауда сайлаушылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Өйткені Н.Назарбаев бүкіл әлем мойындаған қазақстандық даму моделін жасады. Қазақстанның көк байрағын дүниежүзінде желбіретті.
– Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілек келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан ары нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ол сайлау науқаны барысында еліміздің көптеген өңірін аралағанын еске салды. Ол елдің сұранысы мен қажеттіліктеріне қаныққан.
– Саяси тұғырнамам – бұл азаматтарымыздың басты қажеттіліктеріне жауап. Бірінші кезекте, мен Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жүзеге асыру, Бес институттық реформаны ілгерілету және мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құжаттарын орындау бағытында жұмыс істейтін боламын. Басқаша айтқанда Елбасы Стратегиясын іске асыруға еңбек етемін. Республикамыз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шығуы үшін жаңа тәсілдер мен жаңа шешімдер қажет. Олар жуық арада жарияланатын болады, – деді Қ.Тоқаев.
Екіншіден, ел Президенті өткір тұрған әлеуметтік проблемаларды шешумен, аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсетумен нақты айналысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Үкіметке осы салада байыпты нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралар әзірлеуге тапсырма берілді. Біз әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңартуымыз керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдаймын, инвестициялар тартып, қорғайтын боламын, іскерлік белсенділікті ынталандырамын, кең ауқымды орта тапты қалыптастырамын. Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Және ең бастысы: әрдайым және барлық жерде Қазақстанның ұлттық мүдделерін табанды түрде ілгерілететін боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Технологиялар, экономика және әлеуметтік тәртіп ауысуда. Адамдардың, әсіресе, жастардың дүниетанымы өзгеруде. Бұл да ел басшылығының басты назарында болмақ.
– Қазақстанның алдынан жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер бас көтеруде. Көптеген жыл бойы халықаралық саясатпен айналысқан адам ретінде мен жаңа дәуірдің туып келе жатқанын сезінудемін. Сауда соғыстары, халықаралық қатынастардағы тайталастар, бұрынғы қауіпсіздік тетіктерінің күйреуі, өңірлік қақтығыстардың өршуі – осының барлығы жаңа геосаяси шынайылық болып отыр. Алдағы бірнеше жылда қандай елдердің өрге шығарына, ал қайсыларының әлемдік дамудың жиегінде қалып қоярына қатысты қазіргі заманның басты мәселесі шешіледі. Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс – бұл заманауи сын-қатерлерге деген біздің дұрыс жауабымыз болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Ол Қазақстанның әлемге ашық екенін, үздік жетістіктерге, озық технологияларға ұмтылып отырғанын баса айтты.
– Адамдар игілігіне арналған жасампаз өзгерістер – міне, менің прогресс туралы түсінігім осындай. Бұл ретте билік халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға, жергілікті жерлердегі түйткілді мәселелерді шешуге, азаматтар алдында ұдайы есеп беріп отыруға міндетті. Уәде бере бермеуі керек, жұмыс істеуі қажет! Осы қағиданы Үкіметтің барлық мүшесі мен әкімдер ұстануға тиіс болады, – деді Қазақстан Президенті.
Ол Мемлекет басшысы ретінде экономикалық дамудың жалпылама сандарына емес, барлық азаматтың шынайы әл-ауқатына мән-маңыз беретінін нықтады. Сондықтан «стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдау кезінде халықтың басым көпшілігінің ұстанымы сөзсіз ескерілетінін» мәлімдеді.
– Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті, уәкілетті Президент – беделді, пәрменді Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет болады. Дәл осындай саяси жүйе күрделі геосаяси шынайылықтағы мемлекетіміздің қажеттіліктеріне барынша толық жауап береді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындауға септеседі. Сонымен бірге, қоғамды саяси трансформациялау үдерісі жалғасатын болады, – деді Қ.Тоқаев.
Ол мемлекеттік басқару жүйесіне тек лайықты, білімді адамдар меритократия негізінде келуге тиістігіне екпін түсірді.
Тұтастай алғанда, жаңа Президент биліктің халық алдындағы жауапкершілігін жоғарылатуға ниетті.
Азаматтық қоғамды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
– Қадірлі қауым! Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болды. 2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталды. Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау. Қазақстанның барлық аймағынан түрлі ұсыныс жиналды. Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. #BIRGE акциясына қатысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін. Енді қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оның шешу жолдарын білеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол «Бүгін халықты не мазалайды?» деген сауал қойып, оның жауабын да өзі айтты.
– Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап, мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтар арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Демек, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет, – деді Президент.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі де – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізде бірыңғай экологиялық саясат түзілмек. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек.
Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет.
Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе – жолдардың сапасы. Сәйкесінше, автожолдардың жағдайын жақсарту биліктің негізгі мақсаттарының бірі.
ХХІ ғасырдағы ауқымды міндеттердің бірі – цифрландыру. Ол мемлекеттік қызметтер көрсетуден бастап, болашақ экономикасының жаңа салаларын құруға дейінгі барлық бағытты қамтиды. Елбасы бекіткен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы орындалатыны қадап айтылды.
– Біздің азаматтарды билік пен қоғамның диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай сұхбаттастық пікірлердің әралуандылығын мойындауға құрылуы тиіс. Пікір – сан алуан, ал ұлт – біртұтас. Міне, басты бағдар – осы! Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім қабылдадым. Оған жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің бірінші отырысы биылғы тамыз айында өткізіледі, – деп хабарлады Мемлекет басшысы.
Ол билік халыққа берген уәдесін орындауға міндетті екенін мәлім етті. Биліктің басты миссиясы да сонда. Осы арқылы елдегі тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайту мүмкін болмақ.
Сол себепті, ел Президенті өзінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың егжей-тегжейлі жоспары әзірленетіні жөнінде хабардар етті. Халықтан түскен ұсыныстар мен үздік идеялар да осы құжатта көрініс таппақ.
– Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек. Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Екінші бағыт – жемқорлықты жою. 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Мемлекет басшысының пайымдауынша, жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел, қоғамдағы өзара сенімге, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізбек.
– Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Тиісінше, судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу, – деді Қ.Тоқаев.
Төртінші бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту болмақ. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.
Бесінші бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу. Ел Президенті түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аудармақ. Билік алдында «Бірыңғай тұрғын үй саясатын» жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.
Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат.
– Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта бірінші кезекте не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жетінші бағыт – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.
– Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан». Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады. Сегізінші бағыт – «Рухани жаңғыру» құндылықтары басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы халқымыздың бойындағы асыл қасиет. Бұл қасиет ел бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті мемлекет болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Ендеше, бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Тоғызыншы басымдықты міндет сыртқы саясатқа арналды.
Сөз соңында Қазақстан Президенті жас ұрпаққа қайырылды.
– Қазақстанды өркендетуде, прогрестің қозғаушы күші болуда сіздер шешуші рөл атқаратын боласыздар. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы іске қосылды. Менің міндетім – сіздер ең үлкен армандарыңызды жүзеге асыруларыңыз және төл «табыс тарихын» түзулеріңіз үшін барлық мүмкіндік жасау болмақ. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлеріне жас әрі дарынды басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттік кадрлық резерв» қалыптастырылады. Біздің жастарымыз – мақсаткер, еңбексүйгіш, жасампаз. Олай болса, Қазақстанның болашағы – сенімді қолда! – деп түйді сөзін Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт берді.
Рәсім соңында ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан қазақ Армиясының әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.
Ұлықтау рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, әкімдер, президенттікке үміткерлер, Nur Otan партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, жастар көшбасшылары, діни конфессия өкілдері, еліміздегі шет мемлекеттердің елшілері және басқалары, жалпы алғанда, 2 500-дей адам қатысты.