Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.
Қазақстан Президенті әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды. Мемлекет басшысы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандығын, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
– Елімізде заң үстемдік етуі тиіс. Заң алдында билік өкілдері де, азаматтар да бірдей. Бастысы – халықпен диалог орнату. Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қоюы керек. Шенеуніктер кабинеттерінде отырмауы керек. Тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Әкімдер мемлекеттің саясатын азаматтарға түсіндіруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті әкімдердің қызметі жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы керек екенін айтты. Бұл әкімдер жұмысының басты көрсеткіші болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше болатын азаматтарды барлық өңірден ұсыну қажет екенін айтты. Оларды іріктеу әділ болуы шарт. Сондай-ақ ол жастар саясатына да тоқталып, ол үшін әлеуметтік лифтілер қалыптастыру қажеттігін айтты.
– Менің тапсырмам бойынша, Президенттің кадрлық резерві құрылып, оған 300 жас маман енгізіледі. Әкімдердің міндеті – резервке ең дарынды және келешегінен үміт күттіретін жас басқарушыларды іріктеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.