Мақтааралдағы су басқан ауылдарда балық аулауға тыйым салынды. Себебі, мамандар тасқын судағы балық адам өміріне қауіпті деп отыр, – деп хабарлайды КТК.
Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай: «Мүлдем балықты жеуге де, пайдалануға да болмайды. Соны ескертеміз. Адамның ағзасына өте зиян. Ол сараптаманың қорытындысында бактериялық неше түрлі аурулар, таяқшалар табылып отыр Біз қазір тұрғындарға балықты мүлдем жеуге болмайтынын түсіндіріп жатырмыз», – дейді.
Телеарнаның хабарлауынша, тасқын судағы балықты зертханада тексерген мамандар адам ішегіне қауіпті бактерияларды анықтаған.
Сонымен қатар балықты жарған кезде ішкі ағзасының бүлініп және одан тым жағымсыз иіс шыққанын байқапты. Сондықтан оны ас ретінде пайдаланбаған жөн. Әйтпесе, онсыз да тасқыннан зардап шеккен ел улануы мүмкін деп дабыл қағуда. Енді судағы балық түгел ауланып, көзі жойылуы керек. Ал құзырлы органдар Сардоба суы басқан ауылдарда балық аулаушыларды анықтап, оларға айыппұл салады.