Ерекеше куәлік биылдан қалмай қолданысқа енуі мүмкін
Негізі, «Отандастар» қорының шетелдегі қазақ диаспорасы мен ирридентасы үшін ұсынбақ болған «Қазақ куәлігі» жобасы қандастарды қолдау мақсатында әзірленіп жатқан арнайы бағдарламаның құрамына кірген құжаттардың бірі болса керек. Қор өкілдері бағдарламаны 2020 жылдың көктемінде мемлекет басшылығына таныстырмақ болған. Алайда әзірге бағдарлама жобасы Президентке жетпеген тәрізді. Нормативтік құқықтық актілер базасынан ондай құжат таппадық. Сөйтсек, бағдарлама да, онымен ілесіп жүрген «Қазақ куәлігі» жобасы да әзірге жоғарыға жетпепті. Шамасы, жауапты тұлғалар құжатты алдымен салалық министрлікте таныстырып, кем-кетігін толықтырып болған соң ғана ел басшысына ұсынуды жоспарлаған болуы керек, «Отандастар» қоры мамандары «Қазақ куәлігіне» қатысты жобаның бағдарламамен бірге маусым айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде талқыланатынын, оған Сыртқы істер министрлігінің де мамандары қатысатынын айтты. Демек, «Қазақ куәлігі» із-түзсіз кеткен жоқ. Тек мамандар оны пысықтап, шетелдегі қазаққа қандай үлгіде ұсыну керек екенін пісіріп алмаққа бекініпті. Бәлкім, содан соң ғана тұтас бағдарлама, соның ішінде «Қазақ куәлігі» жобасы Президенте немесе Елбасына таныстырылуы мүмкін. Біздің пайымдауымызша, құжатты Үкімет жыл соңына дейін қабылдауы ғажап емес. Бірақ бәрібір көктем деп жүргенде, жазға да жетіп қалдық. Тек иігіліктің ерте-кеші жоқ деген уәжді көңілге медет қыламыз.Біз бірінші емеспіз
Негізі, жаһанда өз ұлтының өкілдеріне қамқорлық жасап, бас-көз болатын мемлекеттер аз емес. Мұндай елдер түрлі тәсіл арқылы диаспораларын қолдап, қажет кезінде өз мүддесі үшін пайдаланып отыратыны бар. Дегенмен түрлі кұжаттың қилы мақсаты болады. Айталық, Еуропа одағының Blue Card-ы мен АҚШ-тың Green Card-ы этникалық мақсат көздемейді. Бұл карталарға ие болған азаматтар АҚШ пен Еуропада емін-еркін өмір сүріп, кәсіппен айналысуға және басқа да игіліктерді қолдану мүмкіндігіне ие болады. Яғни, Еуропа жұрты мен америкалықтар өздеріне қаржы құйып, бірнеше адамға болса да жұмыс тауып бере алатын шетелдіктерді көкіректен итере қоймайды. Ал «Поляк картасы» мен Түркияның «Көк картасының» мазмұны бөлек. Түркияның «Көк картасы» бұрын Түркия азаматы болған, кейіннен азаматтықтан шығып кеткен адамдарға және олардың балаларына берілетін құжат. Мұндай құжаттың пайда болуына өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Еуропаға көшіп кеткен түріктердің Түркиямен байланыс орнатуда құқықтық кедергілерге кездесуі себеп болды. Әрі еуропалық түріктердің ұрпағын атажұртынан ажыратпау үшін де белгілі бір шара қолдану қажет еді. Сол себепті ресми Анкара қос азаматтықтың алдын алу һәм өз қандастарына қосымша мүмкіндік беру үшін «Күлгін карта» жобасын бастады да, кейін ол «Көк картаға» айналды. Мұндай картасы бар адам үшін Түркияда ықтиярхат алудың қажеті жоқ. Жұмыс істеу рұқсатын алмай-ақ жеке секторда қызмет істей береді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жұмысшы, келісімшартпен жұмыс істейтін персонал бола алады. Олар Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алып, оны сату құқына да ие. Электронды үкімет қызметін пайдаланады. Жеке зейнетақы алғанда мемлекеттік жарналарды пайдалана алады. Қысқасы, түркиялықтардың бірқатар құқын пайдалана алады. Ал поляктар 2007 жылы енгізген бұл карта арқылы құжат иесі осы ұлттың өкілі екенін айғақтайды да, Польшада бірқатар жеңілдікке ие болады. Атап айтқанда, ұлттық визаны тегін алады, бұл виза өз кезегінде Польша шекарасын көп мәрте кесіп өтуге мүмкіндік береді. Карта өз иесіне Польшада ресми түрде жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысуға, Польшаның барлық музейін тегін аралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай картасы бар адам Польшада пойызбен жүру үшін 37 пайыз жеңілдік алады. Әрі төтенше жағдайда жедел медициналық жәрдемді тегін пайдаланады. Елде білім алудың тегін жүйесін қолданады. Ең бастысы, мемлекет бюджетінен шетелдегі поляктарды қолдауға арналған қаржы алады. Бұл дегеніңіз – карта иесі Польшаға көшіп келсе, оның отбасының әр мүшесіне 5 400 евро беріледі деген сөз. Жалпы, әу баста «Поляк картасы» бұрынғы КСРО елдерінің азаматтарына арналған еді. Бірақ 2019 жылдан бастап әлемдегі барлық полякқа берілетін болды. Бұл картаның ресми мақсаты ретінде туысқандық, этникалық және тілдік құндылықтарын қолдау айтылады. Әрі іс жүзінде Польша бұл карта арқылы поляк мәдениеті мен тілін насихаттауға барын салып жатыр. Сонымен қатар карта иесі тұратын ел мен Польшаның арасындағы бизнес байланыстарын да нығайтып келеді. Яғни, кәсіпкерлікпен, сауда-саттықпен айналысатын поляктар Польша атураларын өздері тұратын елдерге тасымалдап, Варшаваның қуатын да арттырып жатыр. 2008 жылдан бері мұндай құжатты жүздеген мың поляк ұлтының өкілі алған. Соның ішінде 2018 жылға дейін 3 084 қазақстандықтың да «Поляк картасына» ие болғаны анықталды.Мұндай құжаттың пайдасы қандай?
Әлбетте, мұндай құжаттың түрлі пайдалы тұсы бар екенін мамандардың көбі біледі. Құжат шетелдегі қазақтарға сайлау және сайлану құқығынан басқа барлық құқықты береді деуге де болады. Яғни, «Қазақ куәлігі» бар Қазақстан территориясында емін-еркін жүріп-тұруына, бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туғызады. Әрі шетелдегі диаспораның атамекеніне қаржы құйып, ондағы өзгерістерге араласуына мүмкіндік туғызады. Әрине, Қазақстан жоспарлап отырған «Қазақ куәлігі» шетелдегі қандастарымызға тура Польшадағыдай қаржы ұсына алмаса да, бірқатар жеңілдіктер жасауы мүмкін. Ең бастысы, мұндай құжаттар этностың ішкі байланыстарын нығайту мақсатын көздейді. Одан бөлек, «Қазақ куәлігінің» Қазақстанға қыдырып, туысын іздеп келетін азаматтар үшін тигізетін пайдасы зор. Әдетте, олар тіркеу, жұмыс істеу мәселесінде түрлі кедергіге ұрынып қалатыны бар. Сонымен бірге еліміздегі дайындық бөлімдерінде оқып жатқан қазақ диаспорасының жастары да құқықтық тұрғыда шетелдік болып саналатынын ескеру керек. Айталық, олар медициналық көмек алу қажет болған жағдайда сақтандыру талап етіледі. Азаматтарына жедел медициналық көмек тегін көрсетілуі тиіс елдер тізімінде қазақ диаспоралары мекен ететін мемлекеттің бірқатары болмауы да мүмкін. Одан бөлек, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін қандастарымыз да көп. Әсіресе, Өзбекстан мен Моңғолиядан келіп еңбек еткісі келетіндердің қарасы басым. Мұндайда олар көбіне заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр болады немесе қаптаған қағазбастылық сынағынан өте жүріп ықтиярхат алулары керек. Оның өзінде тіркеуге тұрғызатын танысы болса ғана. Демек, «Қазақ куәлігі» осындай мәселелерді де шешетін құжат болуы тиіс. Ең бастысы, елге келген соң қазақ екенін дәлелдеуге мәжбүр болатын бауырларымызға бұл куәлік орасан зор пайда тигізгелі тұр.Құжаттың тағы бір қыры бар
Негізі, мұндай құжаттың кейде дау тудыратын тұстары да кездеседі. Айталық, 2011 жылы Беларусьтің конституциялық соты Польшаның «Поляк картасы туралы заңын» халықаралық нормаларға сәйкес келмейді деп мәлімдеген. 2012 жылы беларусьтар депутаттарға поляк картасын қолдануға тыйым салып, шенеуніктердің мұндай карта алуына тыйым салған. Әрі Беларусьте азаматтардың Польшаға көптеп кеткісі келетіні, сол үшін өздерін поляк ретінде жазғызуға ұмтылатыны байқалған. Ал Варшава мұндай заңсыздықтың алдын алу үшін поляк ұйымдарының беруін мойындаса, екіншісін мойындамай келді. Демек, «Қазақ картасының» да осындай қырлары туындап қалуы мүмкін. Яғни, заңсыз тәсілдер арқылы өздерін қазақ етіп жазғызғандар да бұл куәлікке қол жеткізуге ұмтылуы бек мүмкін. Сондықтан куәлікті даярлау барысында бірқатар шараны ескеру қажет болатын шығар. Түрлі құрылымдардың тізе қоса жұмыс істеуі тиіс. Онсыз «Қазақ куәлігінің» пайдасымен қатар зияны тиюі мүмкін. Ауыт МҰҚИБЕК, қоғам белсендісі: – «Қазақ куәлігі» өте керек. «Қазақ куәлігі» – алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан этникалық қазақтарға берілетін мәртебе. Оған қол жеткізген азамат Қазақстанға келіп, шағын, орта немесе үлкен кәсіпкерлікпен шұғылдануға, өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік алады деп ойлаймын. Мұндай тәжірибе өз қандастарына бейжай қарамайтын біраз елде бар. Біз қандастарымызды толық көшіріп алуымыз керек. Бірақ алдымен осы әдіспен олардың мүмкіндігін пайдалануымыз тиіс. Дегенмен бұл құжатты «Қандас» деп атап жатқан жаңа құжатпен шатастыруға болмайды. Соңғысы бұрынғы «оралман куәлігінің» орнына келген құжат екенін ескеру керек. Ал «Қазақ куәлігі» әзірге шыққан жоқ. Тек жоба ретінде айтылып, «Отандастар» қоры ұсынған болатын. Нұрлан БАЙҒАБЫЛ, әлеуметтанушы PhD: – Жалпы, «Қазақ куәлігі» атты құжаттың атын жаңалықтардан естіп қалғанымыз болмаса, жобаның нақты қандай екенін білмеймін. Меніңше, Польшаның «Поляк картасы» үлгісін басшылыққа алған болуы мүмкін. Өз басым мұндай куәлік шетелдердегі қандастарымызды атажұртқа тартуға әжептәуір оң ықпал етеді деген пікірдемін. Құжат қандастарымызды жаңа ортаға әлеуметтік бейімдеуде көп пайдасын тигізетін болады. Сонымен қатар көші-қон үрдісіне қатысып, атажұртқа оралуына стимул беруі тиіс. Оларды біздің қоғаммен интеграциялайды. Алайда куәлікті әзірлеу мен оның қосымша мүмкіндіктерін пысықтаған дұрыс. Куәлік елден қаржының шетке кетуіне себепші болмауы керек. Яғни, біздің елде жұмыс істеуге мүмкіндік алған қандастарымыз кейін өздері тұратын мемлекеттеріне оралатын болса, қаржы сол жақтың экономикасына жұмыс істейді. Әрине, қазақ баласы пайда көріп жатыр ғой деуге болар, бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Яғни, еңбек миграциясына тигізетін ықпалы ескерілуі керек. Қайрат БОДАУХАН, оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: – «Қазақ куәлігін» әзірлеу туралы алғашқы жиындарға қатысқанмын. Әу баста «Отандастар» қорының мамандары куәліктің өзге нұсқасын ұсынған. Онда экс-қазақстандықтарға да берілгені жөн дейтін ұстаным айтылған. Алайда бірқатар мамандар оған келіспедік. Өйткені әркімнің өз елі, атажұрты бар. Қазақ үшін киелі мекен – Қазақстан. Сондықтан куәлік тек қазақ мәселесіне қатысты болуы керек. Алайда куәлік пен шетелдегі қандастарды қолдауға қатысты бағдарлама жобасы сиырқұйымшақтанып, созылып кетті. Әйтпесе, бағдарлама осы көктемде таныстырылып қоюы керек еді. Қор тым сылбыр жұмыс істеп жатыр. Ал куәліктің өзіне келер болсақ, ол сөзсіз пайдалы құжат болады. Көші-қон процесіне айтарлықтай ықпал етеді деген ойдамын. Мәселен, мұндай құжаттың бір ғана пайдасын айтайын. Кейбір шетелдерден көшіп келмекші болған қандастарымыз бүгінде өздері мініп жүрген көліктерін Қазақстанға әкеле алмайды. Еуразиялық экономикалық одақтың талаптары бойынша шектеулер бар. Егер «Қазақ куәлігі» жасалса, бұл мәселені де шешуге болар еді. Ал құжатты даярлауға «Отандастар» қоры ғана емес, Сыртқы және Ішкі істер, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктері, ҰҚК-да мүдделі болуы керек. Өйткені бұл мекемелердің барлығында диаспора мәселесіне қандай да бір қатысы бар құрылымдар тіркелген. Өкінішке қарай, бұл мекемелер қандастар мәселесіне келгенде «біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейдінің» ісін жасап отыр.Аманкелді ҚҰРМЕТ