Президент бүгін ант қабылдады. Енді жаңа Президенттің алдында қордалы мәселелер тұр. Үлкен істер тұр. Әсіресе, ең әуелі, ел ішіндегі түрлі қарсылықтың тоқтауына күш салуы керек. Ол үшін халықпен сөйлесіп, қалауына құлақ асуы қажет. Қуанатынымыз – ол әлеуметтік жағдайды жақсартатынын жиі айтуда. Сондықтан бұл Президенттен көп үміт күтемін.
Бүгінде білім саласына, әлеуметтік жағдайға, руханият әлеміне түбегейлі өзгеріс керек. Жастарға деген қолдаудың тың бағытын тапқанымыз жөн. Жастардың ойы қазір сан сақта. Оларға жүйелі бағыт-бағдар керек. Бірлікті, ұлттық патритотизмді, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті күшейтіп, халық пен зиялы қауымның арасын жақындату қажет деп ойлаймын. Білім саласындағы жемқорлық мені ақын ретінде де, азамат ретінде де алаңдатады. Жаңа министр көп дүние жасап жатыр. Осы жұмыс ары қарай жанданып, елдің болашағы – бүгінгі балаларға берілетін білім мен тәрбиенің тіні жанданса. Ұлттық құндылықтарымызды құнттасақ.
Өз ісінің мамандарына мүмкіндік берілсе екен. Елдің ішіне, ауылдағы елдің тұрмысына көңіл бөлінгенін қалаймын. Жаңа Президент оны ескереді деп сенем.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытындағы бастамаларын оң бағалаймын. Президент қызметіне алғаш кіріскенде-ақ мемлекеттік тілдің тынысын кеңейту керегін айтты. Осының алдында ғана үкіметтік ұйымдардағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейіне тексеру жүргізді. Осы бағыттағы беталыстары мені қуантады. Мемлекеттік тілді тұғырына қондырмай, мемлекетіміздің болашағы айқындалмайды. Сосын іштегі бірлікті күшейтпесе болмайды. Бізді дін мен діл мәселесінде теріс бағытқа әкетіп бара жатқан топтар бар. Жаңа басшымыздың мұны да еңсеруге білімі, білігі жетеді деп ойлаймын. Баяғы Абай заманын еске түсіретін, халықты іштей ірітіп, бірін-біріне қарсы қойып жатқан партия, топтар бар. Олардың мақсаты елдің ішін ырың-жырың қылып жіберу. Президентіміз осы мәселеге көңіл бөледі деп ойлаймын. Көп оқыған адам ғой, жетілген мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, онысын үлгі ретінде жиі айтып жүреді. Ақылы толысқан, кемел кезінде ел тізгінін қолына алды. Сондықтан отанымызды тағы да бір жаңа белеске көтереді ғой деген үмітім бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың терең білімі, халыққа жақындығы, халықаралық тәжірибиесі бар беделді саясаткерлігі, мемлекеттік тілге деген жанашыр көзқарасы, жалпы қоғамның қай саласын болсын қолдауы бізге үлкен серпін береді.