Дәрігер торықса, қауіпсіздіктің тоқырағаны

Дәрігер торықса, қауіпсіздіктің тоқырағаны

Кейінгі кездері ақ халатты абзал жандардың арыз-ша­ғымы көбейіп кетті. Олар өз жағдайының қиындай түскеніне қамығады. Және бұл құбылыс бүкіл әлемді жайлауда. Бір қын­жылтатыны сол, билік пен халықтың пандемиямен күрес­тен, карантин шараларынан шаршауы дәрігерлерге деген көзқарасқа кері ықпал ете бастағанға ұқсайды.  

Қолдау ма, қорлау ма?

Ел үшін басын бәйгеге тіккен, өмірі мен денсаулығына қауіп төн­геніне қарамай адал қызмет еткен дәрігерлер қандай құр­метке де лайық! Олар тәуекелге бел буа отырып, ертең үрейлі дерт­ке ұшыраса мемлекеттен қамқорлық көретініне толық сенім­ді болуы тиіс. Шенеуніктер пандемия басталғалы бұл сөзді сан қай­талады. Бірақ өмір үнемі сөз бен істің арасы қабыса бер­мейтінін аңғартты. Биылғы 30 наурызда ел Үкіметі Қазақстанда коронавирусқа душар болған ақ халаттыларға 2 миллион теңгеден сақтандыру төлемі төленетінін хабарлады. Яғни, бір ғана шарт бар: төлем тек COVID-19 жұқтырса ғана төленеді. Алайда қорғаныш зат­тарының жетіспеуі және басқа да қателіктер кесірінен коро­навирус инфекциясына (КВИ) шалдыққан сала мамандары қатарының күрт өсуі шенеуніктерді ойға қалдырғанға ұқсайды. Мысалы, сәуір айының соңына қарай SARS-CoV-2 вирусын жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 700-ден асты. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі саланың қанша өкілі індеттің құрсауына түскені жөнінде статистиканы хабарлауды қойды. Сонымен бірге осы жағдайда берілуі тиіс сақтандыру төлемін төлеудің шарттары да көбейе бастады. Енді ауруханада емес, үйіне қайтар жолда, отбасында, не басқа жерде вирусқа кезігіп, коронавирус­пен ауырып қалған медицина өкілдеріне сақтандыру төленбейтіні мәлімделіп отыр. Бұл жерде дәрігер, мейірбике, санитардың өзге азаматтар қатарлы үйінде оқшаулана алмай­тыны есепке алынбады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында осы дертпен сырқаттанып жатқан ақ халаттылардың тек 30%-ы ғана «жұмысында инфекция жұқтырған» деп танылыпты! Оның қалай іріктелгені белгісіз. Өйткені COVID-19 жыланның шағып алуы емес қой, оның белгілері сол ме­зетінде бой көрсетпейді, қанында вирус барлығы тек бірнеше күн өткесін тест-жүйеде көрініс береді. Ал алғашқы нышандары мүлдем кеш пайда болуы ықтимал, тіпті симптомсыз сырқаттар да анық­талуда. Қалай болғанда, елордалық Денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрды. Ол меди­цина қызметкерлерінің нақты қайсысы жұмысында коронавирус жұқтырғанын «әшкерелеумен» айналысады. Бұған астананың Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Сәуле Қисы­қованың сөзі дәлел. Ол: – COVID-19 жұқтырған меди­цина қызметкерлері респуб­лика­лық және қалалық медицина ұйым­дарында жұмыс істейді. Біз олардың шамамен 30%-ын ғана коронавирусты қызметтік боры­шын орындау кезінде жұқтырған деп санаймыз. Денсаулық сақтау басқармасында арнайы комиссия құрылды, ол осы мәселені зерт­тей­ді. Біз тексереміз, талдаймыз, табамыз! – деген болатын. Дәлелдей алғандардың бар­лығы – зертхана арқылы расталған коронавирус науқастарын емдеу­мен айналысқан аурухана жұмыс­керлері. Әйткенмен, қарапайым емхана қызметкерлеріне де қауіп-қатер төнеді. Олар қабылдауына жазылып, алдына келіп отырған сырқаттың бойында КВИ барын білмейді: емханаға барар алдында ешкімнен де тест тапсыру талап етіл­мейді. Демек, кейін сол адам­дар­дың бірінен үрейлі вирус табы­луы, ал онымен байланыста болған емхана дәрігері мен мейірбике бұдан хабарсыз қалуы ықтимал. Елорданың бас дәрігері Сәуле Қисықова әріптестеріне сенімсіздік білдірді. Оның байламынша, сала қызметкерлерінің үлкен бөлігі өзге қазақстандықтар секілді «көрші­сінен немесе отбасының өзге мү­ше­лерінен вирус жұқтыруы мүмкін».  

Маман тағдырын бір сөз шешеді

Жалпы, жариялана сала елді қуантқан жап-жақсы бастаманы ізінше кесірлі талаптар қосып бүлдіру шенеуніктердің дәс­түріне айналған секілді. Осындай жағдай 42 500 теңге төлеміне қа­тысты орын алғаны мәлім. Әлеу­меттік төлем төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырыл­ған барлық азаматқа төле­нуге тиіс болатын. Міндетті орын­дау ба­рысында Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі оны беру шартын әлденеше рет өзгертіп, елді адастырды. Сора­қысы сол, 16 сәуірге дейін өтініш бергендерге 2 айға төленеді деп мәлімдегенімен, осы талапқа сәй­кес келетін көп адамға әртүрлі сыл­тау тауып, екінші төлемін төле­мей қойыпты. Осылайша, ведом­ство жүздеген мың адамның босқа наразылығын туғызды. Дәрігерлерге арналған сақтан­дыру төлеміне қатысты да осындай жағдай қалыптасып отырғанға ұқсайды. Мұны дәрігерлердің Ден­саулық сақтау министрі Е.Бірта­новқа жолдаған шағым хаттарынан аңғаруға болады. Мәселен, Жадыра Іскендір­қызы қалалық емханада педиатр-дәрігер болып істейтінін айта­ды. Ол елге еңбек ету кезінде COVID-19 індетіне шалдыққан дәрі­гердің бірі. Сондықтан комиссия оған қатысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіпті. Дәрігер биылғы сәуір басында өз қарауына бекітілген Қ.Рыс­құл­беков, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Мү­­сірепов, Ғ.Мұстафин көше­леріндегі үйлерді аралап, қызуы жо­ғарылаған, тамағы ауырып, жө­тел­ген балаларды тексереді. Дәл осы учаскеде кейін КВИ жұқтырып, ауруханаға жатқы­зылғандар болды. 11 сәуір күні кешке дәрігердің бо­йынан да індет нышандары пайда болады, әлсіз­дік туындап, иіс пен дәм сезуден қалған. Емханада COVID-19 анық­тау үшін сынама алып­ты. Ертесіне кешқұрым тесті­леудің оң нәтиже көрсеткені хабар­ланады. Екі сағат­тан соң жедел жәрдем жетіп келіп, ауруханаға алып кеткен. «Ауруханадан 4 мамырда жазы­лып шыққаннан кейін Үкіметтің 2020 жылғы 1 ма­мырдағы №35 қау­лысына сәйкес тиісті анкета толтыруым қажет. Бі­рақ сол күні кешке менің атым­нан толтырылған дайын сауал­наманы және түсінік­темені алдым. Оған еш келісім бер­меген едім. Сөйтсем, ондағы сұрақ­тарға эпи­демиолог-дәрігер өз емханамның бас дәрігерімен бірге жауап бере салыпты. Сауалнамаға қате ақпарат түсірілген. Үкімет қау­лысына сәй­кес, жұмыс бары­сын­да инфекция жұқтыруым се­бепті мемлекеттің өтемақысынан үміттене аламын. Алайда мені құ­лағдар етпей тол­тырылған анкетада коронавирусты жұмыстан тыс уа­қытта жұқтырды деп көрсетіліп­ті», – дейді Жадыра Ергеш. Ол министр Елжан Бірта­нов­қа жүгі­ніп, бұзылған құқығын қалпына келтіруді сұрады.  

Емхана мамандары қағажу қалды

Жасыратыны жоқ, пандемия­мен күреске бар күші мен қуатын жұмсаған дәрігерлер, мейірбикелер мен санитарлардың көбі бүгінде алданған күй кешуде. Мысалы, Тараз қаласында орналасқан Жам­был облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар блогының бірнеше маманы, жан­сақтау және интенсивті терапия бөлімінің мейірбикелері мен сани­тарлары жақында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Онда олар тиесілі үстемеақы жұқпалы аурулар блогындағы бар­лық дәрігерге емес, тек расталған КВИ дерті бар сырқаттарды ем­деуге бекітілген медқызметкерлерге ғана төленгеніне наразы. Ұқсас даулы жағдайлар өзге өңірлерде де тіркелді. Шымкентте өткен аптада стерильдеу орталы­ғының мамандары өздеріне тиесілі үстемеақыны басшылардың толық төлемей отырғанына қарсылық білдірді. Жедел жәрдем қызмет­керлері де осы кепті бастан кешіп жатқанын жеткізді. Шымкентте шу шығысымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қос мекемеде тексеру жүргізілді. «Тексеру қорытындысында сте­рильдеу орталығының қызмет­керлеріне үстемеақы төлеу бары­сында өрескел бұзушылықтарға жол берілгені белгілі болды. Осы­ған байланысты орталықтың бас дәрігері қызметінен босатылды. Ал медициналық қызметкерлердің жалақысы қайта есептеліп, қосым­ша төлемақылары төленді», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр. Ол Шымкенттің жедел жәрдем орталығында қызметкерлерге бір­дей қосымша қаржы төленбегенін растады: «Осыны ескере отырып, біз арнайы төлемдер көлемін жоға­рылаттық. Жүргізушілерге төле­не­тін сома 125 мың теңгеге дейін, дә­рігерлер мен фельдшерлерге 250 мың теңгеге дейін өсірілді. Кіші медициналық персоналға демеу­ші­лер көмегімен 40 мың теңгеден қо­сымша қаржы төлеп бердік. Же­дел жәрдем стансасының бас­шы­лы­ғына шара қолдану мәселесі қа­ралуда» деп түсініктеме берді Е.Садыр. Сарапшылар емханалардағы медицина мамандарына үстемеақы төленбеуін әділетсіздік санайды. Бөле-жармай сырқаттардың бәрін қабылдайтын емхана дәрігерлері мен мейірбикелері әлеуметтік қорғалусыз қалды. Олардың ша­ғымына өз блогы арқылы жауап берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов емханада сыйақы беріп, қошемет көрсету жұмыс берушінің өз ісі және соның ішкі актілерімен реттеледі деп сыр­ғыт­ты. Яғни, емхана басшылығы үнем­делген бюджеттік және бюд­жеттен тыс қаражаттар есебінен үстемеақы бере алады. Бермесе де өз еркі. Тек басшылыққа ғана сыйақы жазып, бағыныштыларын қағажу қалдыр­ған ұйымдар бар.  

Айхан ШӘРІП