Пікір
Пікір
377
оқылды
Халықтың жағдайы мен тұрмысы қандай болса, мемлекеттің келешегі де сондай болады

 

Шорманов.JPG

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик:

Жаһандық байланысты жетік меңгерген тұлға

Бұл үлкен демократиялық тамаша көрініс болды. Мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдары жеткен деңгейін сақтау үлкен кемеңгерлік пен даналықты талап етеді. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы – жан-жақты ойлай білетін, жаһандық қарым-қатынасты жетік меңгерген тұлға. Тоталитарлық жүйеден алшақтап, демократиялы мемлекет болып іргемізді қалағанымыз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбегі болса, бүгін ант қабылдаған жаңа президент тұсында кейінгі ұрпаққа үлгі болар жетістіктерге қол жетіп, көп жаңа мүмкіндік ашылады деп ойлаймын. Қазіргі ең өзекті мәселе – халықтың әл-ауқатын арттыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ұстанымға ерекше көңіл бөліп, оны сайлауалды бағдарламасының маңызды бөлігі етіп бекітті. Халықтың жағдайы мен тұрмысы қандай болса, мемлекеттің келешегі де сондай болады. Елдің әлеуеті жоғары болса, Қазақстанға дамыған мемлекеттермен иық тиістіру де қиынға соқпайды.

 

 

Жаксылык.JPG
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы:

Елдің бірлігі керек

Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауда 70 пайыздан көп дауыс жинады. Халық жаңа президентке үлкен сенім артып, қолдап отырғанын көрсетті. Елдің бейбітшілігі мен тәуелсіздігінен артық қандай бақыт бар?! Бүгінгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ және орыс тілінде өте жақсы сөйледі. Қоғамды толғандырған мәселенің бәрін шешуді қолға алатынын, Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуына барын салатынын айтты. Бірақ президент жалғыз өзі тұрғанда емес, халқымен бірге болғанда ғана елді жаңа биіктерге бастай алады. Сондықтан егемен еліміздің жарқын болашағы үшін халқымыз бірлікте болып, президент бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету керек.

 

 

Аскарбек.JPG
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик:

Халықтың таңдауы осы

– Мен Президент болып Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлануын дұрыс шешім деп қабылдаймын. Ол – бүкіл әлем мойындаған көрнекті қайраткер.

Жаһандану заманында қандай болмасын елдің дамуы басқа мемлекеттермен тиімді жүргізілетін қатынастарға байланысты болады. Оның осы бағыттарда атқарылған істерді жаңа қарқынды жүргізе алатынына сенемін.

Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу жөніндегі бастаманы бүкіл халық қолдады. Компаративист ғалым ретінде зерттеулер жүргізіп, жастарына сапалы орта білім беріп отырған 30 елді анықтадым. Ол елдер экономикасы қарқынды дамып отырған елдер болып шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын көтеру мәселесіне көптен көңіл бөліп келеді. Еліміздің тұрақтылығының, халықтың әл-ауқаты мен ел экономикасының қарқынды дамуының басты кепілі жастарға сапалы орта білім беру екенін айтқым келеді.

Арман.JPG
Арман ЖҮДЕБАЕВ, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

Бәсі биік бес бағыт

Бүгінгі президентті ұлықтау рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Қазақстан тарихындағы екінші президент ретінде өкілетін бастаған Қасым-Жомарт Кемелұлы өз қызметінде басым бес бағытты белгіледі. Оның алғашқысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жалғастыру. 2017 жылы елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», 2018 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жариялап, дәстүрге, ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлуді бастады. Қасым-Жомарт Кемелұлының тұсында да қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына серпін беретін жарқын жобалар жалғасын табады деп үміттенемін. Екінші бағыт бойынша, халық таңдаған президент елдің әл-ауқатын көтеруге мән беріп, кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелерді шешуді қолға алмақ. Қазақстанда әлеуметтік саясатты жаңарту керегін атап өткен президент азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Төртінші бағыт аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың құқықтары бұзылмауына, халық бірлігін нығайтуға баса назар аударады. Президент сондай-ақ барлық жерде Қазақстанның ұлттық мүддесін бірінші орынға қойып, қорғауға уәде берді.