Парламент Сенатының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Жоғарғы палатаның жалпы отырысы болды. Онда депутаттар Қазақстан президентінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы етіп Кәрім Мәсімовті тағайындауына келісім берді.
ҰҚК төрағасын қызметке тағайындауға келісім беру – Сенаттың ерекше құзырына жатады.
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед қайта тағайындалып отырған ҰҚК басшысының тұлғалық қасиеттеріне жоғары баға берді.
«К.Мәсімов барлық жұмыс аумағында да өзінің принципті, жоғары білікті мемлекеттік қайраткер екенін, ісіне және Отан алдындағы борышына адалдығын көрсетіп келеді», – деп атап өтті сенатор.
Депутаттар Мемлекет басшысы ұсынысын бірауыздан жақтап, дауыс берді.