Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты өткен жылғы Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.
Жоба міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытуға; еңбек өтілі мен төлем мөлшерлері арасындағы өзара байланысты күшейтуге; халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуын ынталандыруға бағытталған.
Ондағы жаңашылдықтар еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу жағдайларында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді арттыруды қарастырады. Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік сараптамаға сәйкес, еңбек қабілеттілігінен айрылудың жеке дәрежесіне қарай әр жағдайға жеке қарау тәсілі қолданылатын болады.
Асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде асыраудағы адамдар санының қолданыстағы коэффициенттерін арттыру жоспарлануда. Коэффициенттің өсуі 5-тен 20%-ға дейінгі аралықты құрайды. Оның ең үлкен өсімі асыраудағы адамдар саны 3 және одан көп болғанда қолданылмақ.
Бұдан бөлек, жүйеге қатысу өтілі 5 жылға жеткеннен кейін жыл сайын өтіл коэффициентін 2%-ға арттырып отыру көзделуде.
Жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді есептеудің тетігі жетілдірілуде. Қатысу өтілі 5 және одан көп жылды құрайтын адамдарға жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді жұмысынан айырылу себебіне қарамастан, 6 айға дейін төлеу ұсынылады.
Сондай-ақ заң жобасында кірісінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын кірісті алмастыру коэффиценті Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сәйкес, 0,3-тен 0,4-ке дейін ұлғайтылып отыр.
Осы күні Мәжіліс агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжатта ұсынылған түзетулер өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және дамыту жөніндегі нормалардан тұрады. Тұтастай алғанда, құжат агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасы бойынша жұмыс барысында депутаттар жерді қашықтықтан зондтау (ғарыш мониторингі), аэрофототүсірілімнің, сондай-ақ жерүсті түсірілімдер мен байқаулардың деректерін пайдалану арқылы, әсіресе, топырақ құнарлылығының өзгеруіне және табиғи жем-шөп алқаптарының өсімдік қабаты жай-күйінің өзгеруіне байланысты процестер көбірек байқалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде оның ұтымды пайдаланылуын бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізді.
Сонымен қатар ветеринариялық қызметтің жұмыс істеуінің тиімділігін арттыру үшін депутаттар бақылау-қадағалау функцияларын жергілікті атқарушы органдардан ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына қайтару және жергілікті атқарушы органдардың аталған қызметінің құрылымын олардың тік бағыныстылығын құру арқылы өзгерту бойынша түзетулерге бастамашы болды.
Мәжіліс бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдап алды. Олардың қатарында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы; Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы екі ел шекара маңындағы аумақтар тұрғындарының шекараны кесіп өту тәртібі туралы; Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге байланысты заң жобалары бар.